02.05.2024, 15:24 117246

Үкімет маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының өсуіне жол бермеу үшін алдын ала шаралар қабылдады

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен көкөністер бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі үш апта қатарынан төмендеп келеді. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасы, пияз, күнбағыс майы, ұн және басқа да өнімдер бойынша байқалып отыр.

Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының анағұрлым ауытқуына жол бермеу үшін Үкімет Өзбекстан және Тәжікстан жеткізушілерімен тікелей келісімшарт жасау мүмкіндіктерін алдын ала пысықтады. Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағыныстағы ұйымы - "QazTrade" АҚ өзбек және тәжік серіктестерімен тиісті шарттарға қол қойды.

Көкөністер Қазақстан нарығына "жасыл дәліз" арқылы және делдалдар мен алыпсатарларсыз тиімдірек бағамен жеткізілетін болады.

9 ӘКК-мен жалпы көлемі 4 мың тонна болатын импорттық көкөністерді, оның ішінде 2 060 тонна картоп пен 1 940 тонна пияз жеткізуге шарттар жасалды.

Қазақстанның барлық өңірінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету және маусымаралық кезеңде көкөністер бағасының ауытқуын болдырмау үшін Премьер-Министр келісімшарттарды уақтылы бекітуді және өнімнің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Жалпы алғанда, әкімдіктерге кемінде 18,6 мың тонна картоп, 7,2 мың тонна сәбіз және 5 мың тонна пиязға алдын ала келісімшарт жасау қажет. Қазіргі уақытта қолда бар қорлардан 81 мың тонна көлемінде көкөніс өнімдері пайдалануға берілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны