04.02.2022, 19:58 23091

Тоқаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысты

БЕЙЖІҢ. 4 АҚПАН - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңдегі "Құс ұясы" ұлттық стадионында өткен XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен қатар Аргентина, Мысыр, Қырғызстан, Польша, Ресей, Сингапур, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Эквадор президенттері, Қатар Әмірі, Босния және Герцеговина, Грекия, Моңғолия және Пәкістан премьер-министрлері, Камбоджа Королі, Сауд Арабиясының тақ мұрагері, Абу-Дабидің тақ мұрагері, Монаконың ханзадасы, Люксембургтың Ұлы герцогы, Таиландтың ханшайымы, БҰҰ Бас хатшысы, Халықаралық олимпиада комитетінің Президенті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры, Шанхай ынтымақтық ұйымының Бас хатшысы және басқа да бірқатар шетелдік ресми тұлға қатысты.
 
Олимпиадаға қатысушы мемлекеттер спортшыларының салтанатты шеруінде Қазақстанның Мемлекеттік туын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруші Екатерина Айдова алып өтті. Қазақстанның ұлттық құрама командасына Қасым-Жомарт Тоқаев қол бұлғап, қолдау көрсетті.
 
Қысқы Олимпиадада 87 жолдама ұтып алған ұлттық құрама сапындағы 34 спортшы жүлдеге таласады. Олар шаңғы, фристайл, тау шаңғысы, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, биатлон, конькимен жүгіру және шорт-трек сияқты спорттың сегіз түрі бойынша сайысқа түседі.
 
16 күнге созылатын Олимпиада ойындарында спорттың 15 түрінен 109 медаль сарапқа салынады.
 
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Бейжіңге жұмыс сапарымен келді. 5 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөздер жүргізеді, оның барысында жан-жақты Қазақ-Қытай стратегиялық әріптестігін дамыту перспективаларын талқылау көзделеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны