14.10.2025, 18:42 128346

Қазақстандағы бөлшек сауда айналымының маңызды драйверлерінің бірі - электрондық сауда

Қазақстандағы бөлшек сауда айналымының маңызды драйверлерінің бірі - электрондық сауда
Images | Depositphotos
ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында сауданың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Ол осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша сауда саласының нақты көлем индексі 108,8% деңгейінде қалыптасқанын атап өтті. Номиналды түрде сауда көлемі 52,8 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ға жоғары болды.

Өсім елдің барлық өңірлерінде байқалады. Сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер - Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары. Аталған бес өңірдің үлесіне жалпы сауда көлемінің 71,3%-ы немесе 37,6 трлн теңге тиесілі. Осылайша, негізгі іскерлік және тұтынушылық белсенділік орталықтары сауда секторының дамуының негізгі бағыттарын қалыптастырады, онда логистика инфрақұрылымы, цифрлық қызметтер мен дистрибуциялық қуаттар шоғырланған. Сала құрылымында көтерме сауда үлесі 66,4%-ды құрайды", - деді Арман Шаққалиев.


Министрдің сөзінше көтерме сауда көлемі 35 трлн теңгеден асқан, бұл 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,6%-ға артық. Негізгі өсім шикізаттық, азық-түлікке жатпайтын және өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар есебінен қамтамасыз етіліп, олардың үлесі шамамен 82%-ды құрады. Қыркүйек айында шикі мұнай мен табиғи газды өткізу көлемінің азаюы байқалды, алайда бұл көлемдердің орнын келесі айларда толық өтеу күтіледі.

Бөлшек сауда да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сауда саласының нақты көлем индексі 107,1%-ды, ал айналым көлемі 17,5 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 трлн теңгеге артық болды. Сауда кәсіпорындары арқылы сату 6,7%-ға өсті, жеке кәсіпкерлер арқылы, оның ішінде базарларда жұмыс істейтіндерді қосқанда, 8,1%-дан астам деңгейінде қалыптасты", - деді министр.


Ведомство басшысының сөзінше өңірлер бөлінісінде бөлшек сауда айналымы бойынша алғашқы үштікке Алматы, Астана және Қарағанды облысы кірген. Бөлшек сауда айналымының маңызды драйверлерінің бірі - электрондық сауда. Жедел бағалау деректері бойынша, 2025 жылдың 9 айында онлайн-сатылым көлемі шамамен 2,7 трлн теңгені құраған. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға жоғары.
 

This information may not be reproduced without reference to Kazakhstan Today. Copyright of materials of News Agency Kazakhstan Today.


Found an error in the text?

Select the error and press Ctrl + Enter at the same time.

relevant news

Most viewed