02.09.2021, 18:50 9350

Досаев инфляцияны 4-6% дәлізге қайтару шараларын айтты

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылғы қыркүйекте "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы 2022 жылдың соңына дейін ұзартылады.
НҰР-СҰЛТАН. 2 ҚЫРКҮЙЕК - Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге қайтаруға айрықша көңіл бөлетін болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Мемлекет басшысы Жолдауда монетарлық емес факторлар әсерінің ұлғаюын, әсіресе, азық-түлік бағасының өскенін атап өтті. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, ішкі өндіріс қажеттілігінің ресми жабылуына қарамастан, жекелеген нарықтардағы тұрақты теңгерімсіздік нәтижесінде азық-түлік инфляциясының өсуі 11,4% құрады. Маусымаралық кезеңде картоп пен сәбіздің бақылаусыз экспортына байланысты олардың жазғы айларға тән бағаға қарағанда бағаларының күрт өсуі және соның салдарынан ішкі нарықта дефициттің пайда болуы осы жылдың айқын көрінісі болып табылады", — деді Е. Досаев.

 
Жоғарыда көрсетілген факторлардың негізінде Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін азық-түлік бағасының өсуіне қарсы күресте Үкімет пен әкімдердің негізгі күш-жігерін тауар өндірісінің, экспорт пен импорт балансын ескере отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыруға жұмсау керек. 
 
Инфляцияны 2022 жылы нысаналы дәлізге қайтару бойынша Жолдауда қойылған міндеттерді тиімді түрде шешу үшін 2021-2023 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленіп, келісудің соңғы сатысында тұр. 
 
Ұлттық Банк басшысының айтуынша, макроэкономикалық саясатты үйлестіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған келісіммен бірге бұл шаралар инфляцияның азық-түлікке жататын және азық-түлікке жатпайтын бөліктерінің монетарлық емес факторларын айтарлықтай төмендетуді қамтамасыз етуге, орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты қамтамасыз етуге тиіс.
 
Мемлекет басшысы Жолдауда қаржылық тұрақтылық қорының шексіз емес екенін де атап өтті.
 

Бүгінгі күні бюджет тапшылығын және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді арттыру есебінен өсуі толықтырылып отыратын мемлекеттік шығыстардың айтарлықтай ұлғаюы проинфляциялық қысымның қосымша көзі болып табылады. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордан берілетін трансферттердің көлемін және мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынын шектейтін контрциклдық бюджеттік қағида енгізілетін болады. Бұл үшін Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп Бюджет кодексіне енгізілетін түзетулерді әзірлейді және тиісті тәсілдер Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында бекітіледі", - деді Үкіметтің баспасөз қызметінде.

 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылғы қыркүйекте "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы 2022 жылдың соңына дейін ұзартылады.
 
Кәсіпкерлікті, әсіресе ауылдағы кәсіпкерлікті кредиттеуді одан әрі дамыту үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп ағымдағы жылдың соңына дейін микроқаржы ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейтуге қажетті шешімдер топтамасы дайындалатын болады. Инфляцияны нысаналы дәлізге қайтару және ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы түрде іске асыру мақсатында Ұлттық Банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдауға ниеттеніп отыр.
 
 

Біз инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Онда "біздің кәсіби экономистеріміздің рөлі қандай?" деген сауал туындайды. Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару", - деді Тоқаев. 

 
Бұған дейін Қазақстандағы инфляция шілде айында 8,4%-ға жетті - 2017 жылдан бері ең жоғары мән болып табылатыны хабарланған болатын. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны