20.05.2021, 22:12 11719

ҚР ҰЭМ басшысы макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің нақтыланған болжамын ұсынды

Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі, мұнай нарығындағы үрдістер бойынша жедел деректер ескеріле отырып, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсуі бойынша күтулер негізінде нақтыланды.
НҰР-СҰЛТАН. 20 МАМЫР - ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Сенат отырысы барысында 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің нақтыланған болжамын ұсынды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі, мұнай нарығындағы үрдістер бойынша жедел деректер ескеріле отырып, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсуі бойынша күтулер негізінде нақтыланды. ЖІӨ өсу қарқыны қаңтар айында минус 4,5%-тен ағымдағы жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша плюс 0,7%-ке дейін жақсарған. Мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ доллары деңгейінде анықталды", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев заң жобасын Сенатта таныстырған кезде.

 
Ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-тен 3,1%-ке дейін жақсарды. Номиналды ЖІӨ 77,8 трлн теңгеге бағаланады. 
 
Өңдеу өнеркәсібінде болжамды көрсеткіштер 4,1%-тен 5,2%-ке дейін, құрылыста 2,5% -тен 5%-ке дейін, ақпарат пен байланыста 3,8%-тен 6,5%-ке дейін жақсарды.
 
Осылайша, түзетілген макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.
 

Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2021 жылы 7 204 млрд теңгеге бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 279 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 700 млрд теңге мөлшерінде сақталды. Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферт 1 триллион теңгеден 1 850 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Республикалық бюджет шығыстарына келетін болсақ, олар 15 334 млрд теңгеге болжанып отыр. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 3,5% деңгейінде болжанды", - деді министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны