15.11.2021, 20:41 29324

Ұлттық Банкте инфляциялық үрдістер туралы айтылды

Ұлттық Банкте инфляциялық үрдістер туралы айтылды
НҰР-СҰЛТАН. 15 ҚАРАША - ҚР Ұлттық Банкінде инфляциялық үрдістер туралы айтылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазан айында тұтыну бағалары 0,7%-ға өсті, жылдық инфляция ұзақ жеделдету кезеңінен кейін қыркүйектегідей - 8,9% деңгейінде сақталды. 
 
Инфляцияның құрылымында әр түрлі бағытты тенденциялар байқалды. Бір жағынан, азық-түлік инфляциясының бәсеңдеуі өткен жылы айтарлықтай өсім көрсеткен азық-түлік бағасының төмендеуіне байланысты болды. Екінші жағынан, энергия ресурстарының одан әрі қымбаттауы аясында көрсетілетін қызметтер мен азық-түлік емес инфляциясының жеделдеуі жалғасты.
 
Қазан айында бағаның айлық өсуі 0,7%-ды құрады, қазан айында инфляцияның жылдық деңгейі 8,9% деңгейінде сақталды. Азық-түлік тауарларына бағаның өсуі компоненттер арасында ең жоғары болып қалуда (11,3%), алайда жеміс-көкөніс өнімдерін қоспағанда, тауарлардың негізгі топтарына бағаның өсуінің баяулауы байқалды.
 
Айтарлықтай салымның сақталуына қарамастан, қазан айында май мен тоң майға, қантқа, нан-тоқаш өнімдері мен жармаға, жұмыртқаға бағаның өсу қарқынының баяулауы байқалды. Ет өнімдері бағасының жылдық өсуі бұрынғы деңгейде сақталды. Сонымен қатар, бағаның одан әрі өсуін жеміс-көкөніс өнімдері, атап айтқанда жабық топырақтағы көкөністер көрсетеді.
 
Осы өнімдерге бағаның өсуі бұрынғыдай өндіріс шығындарының өсуіне, оның ішінде дәнді және азықтық дақылдарына, энергия ресурстарына жоғары бағалар аясында өзіндік құнның өсуіне, сондай-ақ әлемдік азық-түлік нарықтарында рекордтық бағаның өсуіне байланысты. Жекелеген нарықтардағы шектеу шаралары (азықтық, майлы дақылдар бойынша квоталар) бағаларға тежеуші әсер етуге бағытталған.
 
Азық-түлік емес жылдық инфляция қазан айында 7,8%-ға дейін (2021 жылғы қыркүйекте - 7,5%) жеделдеді. Бағаның негізгі өсуі ЖЖМ мен автомобильдерге түсті. Дизель отынына баға бір айда 16,6%-ға, жылдық мәнде - 24,4%-ға өсті. Сұраныстың қалпына келуі, жеткізілімдегі іркілістер және құрауыштардың қымбаттауы нәтижесінде автомобильдерге бағаның өсуінің жеделдеуі тіркелді. 2021 жылғы қазанда ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі ұялы байланыс, мейрамхана және қонақ үй қызметтерінің қымбаттауы аясында 6,9%-ға дейін (2021 жылғы қыркүйекте - 6,8%) аздап жеделдеді. Бұдан басқа, көлік қызметтерінің, атап айтқанда автомобиль және теміржол көлігі қызметтерінің біршама қымбаттауы байқалды.
 
Сонымен қатар, реттелетін қызметтерге тарифтердің өсу қарқыны біршама баяулады (5,4%): қазан айында жылу мен суық су бағасының төмендеуі, электр энергиясына бағаның өсуі байқалды.

Қазан  айында шығындардың өсуіне және ұсыныстың қысқаруына жауап ретінде ауылшаруашылық өнімдерінің айтарлықтай өсуі байқалды. Осыған байланысты, азық-түлік өндірушілерде өнімнің қымбаттауы одан әрі жалғасты. 
 
Соңғы айларда (шілде-қазан) ішкі нарықта шығарылатын өнімге өңдеуші саладағы өндірушілер бағасының өсуі баяулауды жалғастырды, алайда жоғары мәндерде (17,8%, г/г) сақталуда. Сонымен қатар, азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы бағалар жеделдетуді жалғастырды, жылдық мәнде өсу қарқыны 15,5%-ға жетті. Қазан айында ет өнімдеріне, нан-тоқаш және макарон өнімдеріне, ұн мен жармаға бағалар көтеріле берді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы малдары үшін жем өңдеуде бағаның айтарлықтай өсуі байқалды (6,7%-дан 14%-ға дейін).
 
Бұдан басқа, бағаның өсуі мұнай өңдеу өнімдеріне (бензин, дизель, газ) тіркелді, олардың жылдық өсу қарқыны қазан айында 36%-ға жетті.
 
Қазан айында ауыл шаруашылығы өнімі айтарлықтай қымбаттады - бір айда 6,2%-ға өсті, бұл соңғы тоғыз жылда (2012 жылғы қарашадан бастап) ең жоғары өсім болды. Жылдық мәнде агроөнімге бағаның өсу қарқыны астық түсімінің қысқаруы, әлемдік нарықтардағы бағаның өсуі және энергия ресурстарының қымбаттауы аясында басым түрде өсімдік шаруашылығы өнімі есебінен 18%-ға дейін жеделдеді. Өсімдік өнімдерінің бағасы соңғы айларда жеделдетуді жалғастырды, атап айтқанда қазан айында жұмсақ бидайдың (16,7%, г/г), майлы дақылдардың (30,4%), ашық топырақтағы көкөністердің (картоп, сәбіз, қырыққабат) қымбаттауы байқалды. Мал шаруашылығы өнімдерінің құрылымында жұмыртқаның қымбаттауы (26,9%) байқалды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны