27.08.2022, 11:48 12301

Ұлттық экономика министрлігінде Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценарийі жарияланды

Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне $85 деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады.
НҰР-СҰЛТАН. 27 ТАМЫЗ - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында ел экономикасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған үш ықтимал сценарийін айтты: базалық, оптимистік және пессимистік, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне $85 деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%. 
 
Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне $110, АҚШ долларының бағамы – 440 теңге деңгейінде анықталды. Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 % деңгейінде болжануда. 
 
Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне $60 және ЖІӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды.
 

Инфляция барлық сценарийлерде 2023 жылы 7,5-9,5% деңгейінде, 2024 жылы – 4-5% деңгейінде, кейіннен 2025-2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп белгіленді", - деді Қуантыров.

 
Министрдің айтуынша, бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдейді. Номиналды ЖІӨ 120,7 трлн теңгеден 177 трлн теңгеге дейін өседі. 
 

Экономиканың барлық базалық салаларында оң өсу күтілуде. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 3,1%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 3,5%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,9%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсуі 3,9%-ды құрайды. Құрылыс саласының болжамды өсуі орта есеппен 3,8%-ды, сауда – 5,7%-ды құрайды. Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 100 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық Банктің болжамы бойынша экспорт $81 млрд-тан $84,6 млрд-қа дейін, импорт $45,7 млрд-тан $53,5 млрд-қа дейін өседі", — деді ұлттық экономика министрі. 

 
Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің болжамына сәйкес, 2026 жылы ЖІӨ өсімі 3,2%-ды құрайды, өйткені кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіруді қысқарту жоспарланып отыр. Бұдан әрі 2027 жылы 4,2%-ға дейін өсу болжанып отыр.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны