16.11.2022, 13:29 17641

Тоқаев Алматы экономикасын әртараптандыру қажеттігі туралы мәлімдеді

Алматы жұртшылығымен кездесуінде Қазақстан Президенті қаланың орташа кіріс тұзағына түскенін, одан шығу үшін экономиканы терең әртараптандыру қажет екенін атап өтті.
Тоқаев Алматы экономикасын әртараптандыру қажеттігі туралы мәлімдеді
Алматы. 16 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Алматы жұртшылығымен кездесуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың орташа кіріс тұзағына түскенін, одан шығу үшін экономиканы терең әртараптандыру қажет екенін атап өтті.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды өркендетуге қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта атқарылуға тиіс жұмыстарға назар аударды.
 
Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен, қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Алматы - еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл басынан бері қала экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіпкерлік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскен.
 

Экономиканың әртараптандырылу деңгейінің төмен болуы қала тұрғындары табысының өсімін баяулатады. Қала "орташа табыс тұзағына" түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек. Бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі экологиялық таза және ықшамды заманауи технологияларды қолдана отырып, үдерістерді жоғары деңгейде автоматтандырумен және цифрландырумен қатар жүзеге асырылуы керек. Алматының индустриялық аймағы мен "Алатау" инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану қажет", - деді Президент.

 
Мемлекет басшысы өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне Алматы агломерациясының аясында өңдеу өнеркәсібін бірлесіп дамытуды тапсырды. Сондай-ақ осы мақсатта жыл аяғына дейін екі аймақтың тығыз ынтымақтастығына негіз болатын "Агломерацияларды дамыту туралы" жаңа Заң қабылданатынын айтты.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі IT компаниялардың 40 пайыздан астамы Алматыда орналасқанына тоқталып, азаматтардың маңызды бастамаларын жүзеге асыру үшін жақын арада қалада хабтар мен кластерлер іске қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ бастапқы қаржыландырылу сомасы 10 миллиард теңге болатын қалалық венчурлық қор құру жөніндегі жергілікті биліктің идеясын қолдайтынын атап өтіп, бұл жобаға жеке кәсіпкерлерден қаржы тартудың маңызды екенін айтты.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны