22.04.2021, 21:40 19359

МКК дара кәсіпкерлікті қалай тіркеу керектігін айтты

Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін жеке тұлға орналасқан жері бойынша салық органына хабарлама жібереді.
НҰР-СҰЛТАН. 22 СӘУІР - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде Қазақстанда дара кәсіпкерліктің тіркеу тәртібі туралы айтылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ҚМ МКК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстанда дара кәсіпкерлікті тіркеу тәртібі
 
Өзінің шағын бизнесін ашуға шешім қабылдаған жеке тұлғалар бір күн ішінде дара кәсіпкерлікті аша алады. Дара кәсіпкерлікті қалай тіркеуге болады және кәсіпкер ретінде тіркелу рәсімі туралы нені білу маңызды? Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде айтып берді.
 
Дара кәсіпкерлік дегеніміз не?
 
Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың таза кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан, олардың тәуекелі мен мүліктік жауапкершілігі үшін жүзеге асырылатын дербес, бастамашыл қызметі дара кәсіпкерлік болып табылады.
 
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының аумағында дара кәсіпкерлік қызметін Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Ресей Федерациясының, Тәжікстан, Беларусь, Армения және Қырғыз Республикасының азаматтары жүзеге асыруға құқылы.
 
Дара кәсіпкерлік жеке немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады.
 
Жеке кәсіпкерлікті жеке тұлға өзінің мүлкі негізінде дербес жүзеге асырады.
 
Бірлескен кәсіпкерлікті дара кәсіпкерлер тобы жалпы меншік құқығында оларға тиесілі мүлік негізінде жүзеге асырады.
 
Дара кәсіпкерлікті қалай тіркеуге болады?
 
Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін жеке тұлға орналасқан жері бойынша салық органына хабарлама жібереді. Дара кәсіпкер ретінде тіркеу қызметі тегін болып табылады.
 
Дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаны 2 тәсілмен жіберуге болады:
 
- электронды түрде - Қазақстан Республикасының электронды лицензиялау e-license порталы арқылы;
 
- келу тәртібімен қағаз түрінде - мемлекеттік кірістер органдарының қызмет көрсету орталықтары немесе "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы арқылы.
 
Дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаны Kaspi.kz, Halyk Bank банктік қосымшалары арқылы да беруге болады.
 
Салық органдары салықтық өтінішті алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жеке тұлғаны дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды жүргізеді.
 
Дара кәсіпкерді тіркеу үшін жіберілетін хабарламада дара кәсіпкер жұмыс істейтін салық режимдерінің бірін өз еркімен таңдауы қажет.
 
Сіз кәсіпкер болғаныңызды www.kgd.gov.kz сайтында немесе "E-Salyq Azamat" мобильді қосымшасында тексере аласыз.
 
Тіркелген дара кәсіпкерге тіркеу деректерін қалай өзгертуге болады?
 
Дара кәсіпкер орналасқан жері бойынша салық органына оның тіркеу деректері немесе бірлескен кәсіпкерлікке қатысушылар (мүшелер) туралы деректер өзгерген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей хабарламаны табыс етуге міндетті.
 
Тіркеу деректерін өзгертуді салық органы дара кәсіпкерден хабарламаны алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны