21.06.2023, 17:45 28571

Павлодар мұнай-химия зауыты бір ай жөндеуге жабылды

ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жұмыс кестесіне сәйкес, 20 маусым мен 19 шілде аралығында Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысы уақытша тоқтайды
Павлодар мұнай-химия зауыты бір ай жөндеуге жабылды
Сурет: Primeminister.kz
Өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарына сәйкес Павлодар мұнай-химия зауытында жоспарлы күрделі жөндеу жұмысы басталды, деп хабарлайды Inform.kz.

Жұмыс кестесін ҚР Энергетика министрлігі бекітті.

Ол бойынша 20 маусым мен 19 шілде аралығында Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысы уақытша тоқтайды.

Кәсіпорында күрделі жөндеу кезінде жүргізілетін жұмыстың негізгі бөлігіне технологиялық жабдықтардың (құбырлар, пештер, бу құбырлары және т.б.) өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық тұрғыдан куәландыру, жөндеу және сараптау кіреді.

ҚР "Азаматтық қорғау туралы" заңы мен саладағы қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес, жоғарыда аталған жұмыстарды орындау кезінде зауыттың технологиялық объектілерін пайдалануды толық тоқтату талап етіледі.

Зауыт жұмысы тоқтайтын кезеңге бензин мен дизель қоры жеткілікті мөлшерде жинақталған (тиісінше 37 мың және 47 мың тонна).

Бұл көлем кәсіпорынды жөндеу кезінде өнімді бірқалыпты жөнелтіп отыруға мүмкіндік береді.

ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарында 2023 жылы жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдері зауыттардың технологиялық қуатындағы ерекшеліктері мен Қазақстанның ішкі нарығындағы мұнай өнімдерінің балансын ескере отырып жоспарланды.

Кестеге сәйкес, бұған дейін 15 наурыз бен 7 сәуір аралығында Шымкент мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны