30.03.2023, 15:39 55146

Сарапшылар Қазақстандағы инфляцияны 2023 жылы 12,2% деңгейінде болжайды

Сарапшылар Қазақстандағы инфляцияны 2023 жылы 12,2% деңгейінде болжайды
Сурет: Depositphotos
Астана. 30 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Ұлттық Банкі жүргізген макроэкономикалық сауалнамаға қатысқан сарапшылар 2023-2025 жылдары инфляцияның өсуін болжайды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.
 

Сауалнамаға Қазақстанда макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 12 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірді", - деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

 
Зерттеуде респонденттердің болжамы 2023 жылдың ақпан айында жүргізілген соңғы сауалнамадан кейін біршама өзгергені атап өтілді.
 
Тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты бойынша болжамдар төмендеді. Қазақстан экономикасының өсуі мен мұнай бағасына қатысты күтулер өзгеріссіз қалды.
 
Сарапшылар инфляцияны алдыңғы бағалаулармен салыстырғанда 2023-2025 жылдары жоғарырақ деңгейде күтеді. 2023 жылы респонденттер инфляцияны 12,2% (ақпанда - 11,8%), 2024 жылы - 8,8% (8,0%) және 2025 жылы - 7,2% (7,0%) деңгейінде болжайды.
 
Сөйтіп, 2023 және 2024 жылдарға арналған базалық мөлшерлеме бойынша күтулер жылына орта есеппен тиісінше 15,7%-ға (15,5%) және 11,7%-ға (11,4%) дейін өсті.
 

2025 жылы базалық мөлшерлеме 9,0% деңгейінде болжанады. Бұл алдыңғы бағалаулардан сәл төмен. Осылайша, нарыққа қатысушылар жоғары базалық мөлшерлеменің сақталатынын және перспективада оның баяу төмендейтінін күтеді", - делінген хабарламада.

 
Бұған дейін Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов Қазақстанда инфляция жыл соңына қарай 9-12%-ға дейін баяулайды деп мәлімдеген болатын.
 
Ақпан айындағы есепте Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда жылдық инфляция 21,3%-ға дейін өскенін хабарлады. Азық-түлік тауарларының бағасы 1,5%-ға, ақылы қызметтер - 1,3%-ға, азық-түлік емес тауарлар - 0,8%-ға өсті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны