27.06.2024, 20:32 67861

Астаналық су қоймаларынан екі адам құтқарылды

Астанада Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлерімен, қоғам белсенділермен және еріктілермен бірлесіп, қала су айдындарында рейдтер мен патрульдеу жұмыстарын күн сайын жүргізеді. Бұл туралы Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ренат Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен. "Су айдындарында өзін-өзі ұстау ережелерін сақтамау, атап айтқанда, су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде шомылу, мас күйде суға түсу және балаларды су маңында ересектердің қарауынсыз қалдырудың соңы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Биылғы суға түсу маусымы басталғалы елордалық су қоймаларында 2 адам құтқарылды, оның біреуін төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары патрульдеу кезінде, екіншісін ҚР ҰҰ 5573 әскери бөлімінің сарбазы құтқарды. Елорданың су айдындарында адамдардың қаза болуын болдырмау мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесіп, су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелеріне ақпараттық стендтер және жүзуге тыйым салынған ескерту белгілері орнатылды", - деді Ренат Смағұлов. Күн сайын Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлерімен, қоғамдық белсенділермен және еріктілермен бірлесіп, қала су айдындарында рейдтер мен патрульдеу жұмыстарын жүргізеді, онда су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі. Азаматтарға судағы қауіпсіздік туралы ескертулер мен буклеттер таратылады. Бүгінгі таңда елордада шомылуға рұқсат етілген 5 учаске су айдындары бар. Олар: Орталық жағажай, "Көктал-1" турғын алабы "Три пескаря" жағажай аймақтары, Күйгенжар "Армина", "Столичный двор" және Бейсекова көшесіндегі көпір жанындағы коммуналдық жағажай. "Сонымен қатар су қоймаларындағы ережелерді бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтары туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өткім келеді. Осылайша, тек суға шомылу кезеңінің басынан бастап, полиция қызметкерлерімен бірлесіп, су қоймаларының жабдықталмаған жерлерінде рейдтер жүргізген кезде, тәртіп бұзушыларға қатысты жалпы сомасы 629 мың 486 теңгеге 46 әкімшілік хаттамалар толтырылды. Осыған байланысты, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қаланың су айдындарында адам өлімінің алдын алу мақсатында елорда тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды, тек арнайы бөлінген және жабдықталған жерлерде шомылуды қатаң түрде ұсынады. Cу айдындарына мас күйінде суға түсуге, қалқымалар мен қоршау белгілерінен ары жүзуге, су нысандарының таныс емес жерлерінде суға секіруге, сондай-ақ балаларды ересектердің қарауынсыз судың жанында қалдыруға болмайтынын ескертеміз", - деді Ренат Смағұлов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны