04.10.2024, 16:53 38786
"Жайлы мектеп": Атырау облысында алғашқы екі мектеп ашылды
Бүгін қалада "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынған екі мектеп пайдалануға берілді. Алмалы ауылдық округі Береке ауылында 1200 орындық №47 орта мектеп, Сарыөзек ықшамауданында 300 орындық №46 орта мектеп ашылды,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Білім ордаларының ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, тұрғындарды жаңа мектептердің ашылуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін айтып, әр оқушының сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Бүгін есігін ашатын білім ордасында шәкірттердің барлық пәнді оқып-үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен айналысуына толық жағдай жасалды. Бұл мектепте мұғалім мен оқушының, мектеп пен ата-ананың байланысы артып, білімді де талантты, санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сенім мол",-деді С.Шәпкенов.
Жаңа мектептерде екі ауысымда оқитын 3000 балаға 120-дан астам ұстаз білім береді.
Баласын мектепке жетектеген ата-аналардың арасында Береке ауылының тұрғыны Ханшайым Көпбергенова бар. Ол сегіз немересін де №47 білім ордасына орналастырыпты. Әжейдің қуанышында шек жоқ, себебі енді немерелері заманауи жарақталған мектепте білім алады.
Бүгін көптен күткен мектеп ашылды. Оның құрылысы басталып, аяқталғанға дейін куә болдық. Енді балаларды қабылдап жатыр. Мен де, басқа ата-аналар да дән ризамыз, себебі бұған дейін немерелерім осы ауылдағы мектепте оқыды, бірақ орын саны тапшы еді. Бүгін сол мәселе шешілгендей, жаңа мектепке орналасып жатырмыз. Балаларымыздың зейіні ашылсын. Еліміздің мақтанышы болсын",-деді Х.Көпбергенова.
Мектептерге Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар салынған.
Мектеп аумағы 2 жүгіру жолағымен, баскетбол, волейбол алаңдарымен, теннис кортымен, ойын және workout алаңдарымен жабдықталған.
Мектеп ғимаратында 2 спорт зал, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған екі асхана, 260 орындық акт зал және кітапхана бар.
Сонымен қатар психолог, логопед, медициналық кабинеттерімен, заманауи үлгідегі оқу сыныптарымен, физика, химия зертханаларымен және STEM кабинеттерімен жарақталған.
Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында осы жылдың соңына дейін тағы үш мектеп пайдалануға беріледі.
2025 жылдың аяғында жайлы мектептердің саны 12-ге жетіп, 12 мыңнан астам оқушы сабаққа барады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
13.06.2025, 15:33 2351
Вице-министр Қытайда өткен ШЫҰ ғылыми кеңесінде Қазақстанды таныстырды
Вице-министр Динара Щеглова Қытайда өткен ШЫҰ ғылыми кеңесінде Қазақстанды таныстырды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінен.
12 маусымда Қытай Халық Республикасының Чэнду қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің делегациясы вице-министр Динара Щеглованың басшылығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ғылым және технология саласындағы министрліктері мен ведомстволары басшыларының 9-кеңесіне қатысты.
Кеңес аясында ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің жасанды интеллектті дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасы бекітіліп, 2030 жылға дейінгі ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарының жобасы қаралды. Кеңес соңында қорытынды хаттамаға қол қойылды.
Сондай-ақ делегация "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында өткен Ғылым және технология саласындағы Екінші министрлік конференцияға қатысып, вице-министр Динара Щеглова ШЫҰ аясындағы Қазақстанның ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты басым бағыттары жөнінде баяндама жасап, аймақтың тұрақты дамуына ғылыми бастамаларды біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Конференция аясында Қытай Халық Республикасының Ғылым және технология министрінің орынбасары Линь Синьмен екіжақты кездесу өтіп, ғылым саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, зерттеу инфрақұрылымын дамыту тәжірибесімен алмасу және қолданбалы зерттеулерді қолдау мәселелері талқыланды.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жан-жақты әрі тұрақты сипатқа ие. Екі ел университеттері арасында 200-ден астам келісім жүзеге асырылып, халықаралық ғылыми жобалар орындалып келеді. Ауыл шаруашылығы, биотехнология, жасанды интеллект, сейсмология және экологиялық қалпына келтіру сияқты басым бағыттар бойынша бірлескен зертханалар құрылды. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық, ғылыми тағылымдамалар мен бірлескен зерттеулерді қолдау бағдарламалары іске асып жатыр. Қазақстан-Қытай технология трансфері орталығын құру бастамасы да даму үстінде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.06.2025, 10:43 12006
Оқу-ағарту министрлігі баланы балабақшаға қалай орналастыру керектігін түсіндірді
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарда 2025-2026 оқу жылына топтарды жинақтау қалай жүргізілетінін хабарлады. Балаларды қабылдау 31 тамызға дейін жүргізіледі, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген өңірлерде ваучерлерді бөлу кезек жаңартылғаннан кейін, нақтырақ айтқанда, 1 шілдеден бастап жүзеге асады.
Бұл Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал, Астана, Семей, Өскемен, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Қонаев, Қосшы, Талдықорған қалаларына, сондай-ақ Байзақ, Сарыағаш, Жетісай, Сайрам, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарына қатысты.
Ваучер алу үшін қажет:
1.Келісімді 2 жұмыс күні ішінде растау керек.
Ваучер расталмаған жағдайда өтініш белсенді емес болып есептеледі, ал ата-ана немесе заңды өкіл оны 28 күнтізбелік күн ішінде тек бір рет қайта қалпына келтіре алады.
2.Балабақшаны таңдап, құжаттарды жинап, келісімшартты 5 жұмыс күні ішінде рәсімдеу қажет.
Егер ваучерден бас тартса, кезек жойылады. Егер қалаған балабақшада бос орын болмаса, ата-ана баланы "күту парағына" қоя алады. Бос орын пайда болған жағдайда жеке кабинетке жаңа хабарлама жіберіледі.
Қалған өңірлерде жас ерекшеліктері бойынша топтар жинақтау 1 тамыздан басталады. Бос орын туралы хабарламалар алдымен кезекте тұрғандарға беріледі. Ата-анаға жолдаманы растауға немесе одан бас тартуға 2 күн беріледі. Егер жолдама расталса, 5 жұмыс күні ішінде құжаттарды тапсырып, келісімшарт жасайды. Қажет болған жағдайда жолдаманы 30 күнтізбелік күнге дейін бір рет ұзартуға болады.
Егер құжаттардың толық пакеті ұсынылмаса, мерзімі өтіп кеткен болса немесе екпе алмаған балалар саны рұқсат етілген мөлшерден асып кетсе, балабақша құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқылы.
Құжаттарды алдын ала тексеріп, жеке кабинеттегі хабарламаларды қадағалап отыру қажет екені ескертіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.05.2025, 14:15 20041
Шемонаиха қаласында "Келешек мектебі" ұлттық жобасы аясында жаңа мектеп ашылды
Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласындағы Теміржол шағын ауданында 300 орынға арналған заманауи мектеп пайдалануға берілді. Білім беру нысаны Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан "Келешек мектебі" ұлттық жобасы аясында салынды, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, бұл жоба тек жаңа ғимараттар салуға ғана емес, сонымен қатар оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. "Мектептердің заманауи технологиялармен жабдықталуы, инклюзивті инфрақұрылым және қауіпсіз жағдай - өсіп келе жатқан ұрпақтың сапалы білім алуына негіз болады", - деді аймақ басшысы.
Шемонаиха қаласындағы жаңа мектеп физика, химия, биология, математика, информатика, тілдер мен музыка пәндері бойынша интерактивті панельдермен жабдықталған арнайы кабинеттермен қамтылған. Оқушылардың инженерлік-техникалық дағдыларын дамыту мақсатында STEM-зертханалар, робототехника кабинеті және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың инженерлік сыныбы ашылған.
Мектеп оқушыларының кәсіби бағытталуын қамтамасыз ету үшін аспаздық, тігін, ағаш өңдеу шеберханалары мен IT-студия жұмыс істейді.
Инклюзивті білім беруге ерекше назар аударылған. Мектепте логопед, психолог, дефектолог кабинеттері, сенсорлық бөлмелер және арнайы білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеуге арналған С. Аманжолов атындағы ШҚУ қолдауымен ашылған "Danabala" кабинеті бар.
Мектеп инфрақұрылымына демалыс аймақтары, коворкинг, кітапхана және оқу залы, акт және хореография залдары кіреді.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесі, кіруді бақылау, жеке шкафтар, лифт, пандус және тактильді белгілер орнатылған.
Шемонаихадағы мектептің ашылуы - "Келешек мектебі" ұлттық жобасының маңызды нәтижелерінің бірі. Бұл жоба балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, сапалы білімге қолжетімділікті арттыруды көздейді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.05.2025, 11:22 35776
Конституциялық сотта "Болашақ" стипендиясын пысықтау ережесі түсіндірілді
Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағаннан кейін Қазақстанда қызметін өтеу заңға сәйкес азаматтық шарттың талабы болып табылады, деп хабарлайды Конституциялық Сотnың баспасөз қызметінен.
Азамат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларының 24-тармағының 5) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы Конституциялық Сотқа жүгінді.
Өтініш беруші "Болашақ" бағдарламасының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан аумағында қызметін өтеу талаптарымен келіспейді. Дәлел ретінде өтініш беруші еңбек қызметін қашықтықтан жүзеге асыру форматын көздейтін Еңбек кодексін көрсетті. Демек, өтініш берушінің пікірінше, қызметін өтеу мақсатында Қазақстан аумағында нақты болу талап етілмейді.
Конституциялық Сот "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқыту тараптардың өзара келісімі бойынша оқу басталғанға дейін жасалатын азаматтық шарт негізінде жүзеге асырылатынын көрсетті. Мұндай келісім тараптардың, оның ішінде оқудан кейін тікелей Қазақстан Республикасының аумағында қызметін өтеу жөніндегі міндеттемелерді алдын ала ерікті түрде қабылдауын көздейді. Бұл шарт Ережелерде ғана емес, білім туралы заңнан да туындайды.
Осылайша, Қызметін өтеу жөніндегі ережелер нормасының Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін негіздер жоқ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
21.05.2025, 17:44 38151
Түркістан облысының оқушысы әлемнің 36 беделді университетінен оқуға шақырту алды
Сарыағаш ауданындағы Қапланбек ауыл округіне қарасты Қанағат ауылындағы №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ақжүніс Атахан әлемнің беделді 36 университетінен шақырту алған. Халықаралық қатынастар мамандығын таңдаған жас түлек дүниежүзіндегі озық университеттерде білім алып, өз саласын жетік меңгерген майталман маман болуды армандайды. Әлем назарын аудартқан талапты оқушының ҰБТ-дағы бағалары да көз қуантарлық. Білім сынағының соңғы нәтижесі бойынша 111 ұпай жинаған, деп хабарлайды Түркістан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Ауыл мектебінде оқитын Ақжүніс Асылханқызы шетелде оқып, жаңа ортада өзгенің мәдениетін танысам, білім көкжиегімді кеңейтсем деген ниетпен үздіксіз ізденген. Нәтижесінде ол Дубай, Түркия, Малайзия, Канада, АҚШ сынды дамыған елдердегі университеттерге құжатын жіберіп, 36-сынан шақырту алған. 16 жастағы оқушы Американың - 17, БАӘ - 5, Түркияның - 6, Малайзияның - 5 университетінің грантын ұтып алып, Канаданың 1 университетіне президенттік стипендиямен оқуға шақыртылып отыр.
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап үздіктер тақтасынан түспеген Ақжүніс Атахан оқуда озат, ізденімпаз оқушылардың қатарынан көрініп келеді. Ақжүністің жетістігі - өңірдегі өзге оқушыларды қанаттандырды. Өйткені ол аталмыш білім ордасынан шетелдік оқу орындарынан шақырту алған алғашқы шәкірт. Талапты жас жаһанның мықты университетінің бірінде оқуын тәмамдап, елге қалтқысыз қызмет етуді мақсат етіп отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.05.2025, 10:45 45941
Қазақстанға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер жеткізілді
Қазақстанға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер жеткізілді, деп хабарлайды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінен.
Оның өнімділігі шамамен 2 экзафлопсты құрайды. Бұл - Орталық Азия тарихындағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер. Ол жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арнайы жасалған NVIDIA H200 жаңа графикалық чиптерінің негізінде жинақталған.
Суперкомпьютерді орнату және іске қосу оның үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Tier III сенімділік деңгейіндегі ЦДИАӨМ-тің жаңа деректер орталығында жүзеге асырылады. Бұл Президенттің өзінің цифрлық инфрақұрылымын құру және ұлттық AI-экожүйесін дамыту жөніндегі Жолдауын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам.
Бұл бастама тек мамандар шеңберіне ғана емес, бүкіл елдің цифрлық экожүйесін дамытуға бағытталған. Мұндай қуаттылық бүгінде денсаулық сақтау, энергетика, білім беру және мемлекеттік қызметтер сияқты барлық салаларда қолданыс табуда.
Ең бастысы - суперкомпьютер ресурстары баршаға қолжетімді болады. Оларға нейрондық желілерді оқыту үшін есептеу қуаты қажет стартаптар, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін университеттер, сондай-ақ жасанды интеллектті бизнес-процестерге енгізіп жатқан ғылыми орталықтар мен компаниялар қосыла алады.
Суперкомпьютердің жеткізілуі Қазақстанда жоғары өнімді есептеулер экожүйесін дамытуға жол ашты. Айта кету керек, осының аясында Қазақстан алғаш рет жоғары технологиялық жабдықты кедендік баж бен ҚҚС-тан босату механизмін құрды. Бұл елімізді халықаралық IT-компаниялар мен деректер орталығы операторлары үшін әлдеқайда тартымды етеді.
Айта кеткен жөн, Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Зайд әл Нахаянның Қазақстанға ресми сапары аясында Астанада Presight (G42) компаниясының шетелдік кеңсесінің ашылуы өтті. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight компаниясы арасында елімізде суперкомпьютерлік кластер құру жөнінде келісімге қол қойылды.
Бұл - елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызы бар қадам. Ол Қазақстанның цифрлық егемендігін және ЖИ технологияларын дамыту мен жаһандық IT ойыншыларын тарту бағытындағы өңірлік көшбасшылығын нығайтады", - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Бұл жоба - 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды элементі әрі Қазақстанның заманауи IT-инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы негізгі кезеңдердің бірі болып табылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.05.2025, 14:48 52721
Қазақстанда ҰБТ-ның негізгі кезеңі басталды
Бүгін, 16 мамырда, негізгі ҰБТ-2025 басталды, тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінен.
ҰБТ-ның бірінші күні ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова Астана қаласында орналасқан тестілеу орталықтарының біріне барып, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін де бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгіледі.
216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мыңға жуық өтініш берген (2024 жылы 186 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 342 мың өтініш қалдырған). Оның ішінде тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ға жуығы орыс тілінде, 266 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. ҰБТ-ның бірінші күні бүкіл еліміз бойынша 4589 адам, оның ішінде елордада 323 талапкер тестілеуден өтеді. Жалпы ҰБТ 46 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы "Математика-Физика" болып қалып отыр - оны түлектердің 16,5%-ы таңдады. Бұл талапкерлердің инженерлер, мұғалімдер, энергетиктер, құрылысшылар және басқа да техникалық мамандықтарға деген ұмтылысын көрсетеді. Танымалдығы бойынша келесі комбинациялар: болашақ медиктерге бағытталған "Биология-Химия" (15,6%) және IT саласына қызығушылық танытатын талапкерлерді тартатын "Математика-Информатика" (9,7%)", - деді Гүлзат Көбенова.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны - 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл - 140.
Тестілеу уақыты - 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы ҰБТ-ға тиімді дайындық үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, әрбір пән бойынша нәтижелерге жеке тақырыптық талдау енгізілді. Бұл түлектерге әр ҰБТ-дан (қаңтар немесе наурыз) кейін өздерінің осал тұстарын жедел анықтап, мақсатты түрде пысықтауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, тіпті тестілеудің бірінші мүмкіндігінен кейін талапкерлерге дайындықтарын күшейтуге және келесі ҰБТ кезінде жоғары көрсеткіш көрсету мүмкіндігін арттыруға жеткілікті уақыт бар.
Дайындық деңгейін бағалау және емтихан форматына бейімделу үшін онлайн сынақтан өту мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында дайындық үшін барлық қажетті материалдар жарияланады: ұсынылатын оқулықтардың тізімі; тесттің толық жоспары; Қазақстан тарихы және дүниежүзілік тарих бойынша 100 маңызды тарихи күндердің тізімі; информатика бойынша терминдер глоссарийі; қазақ және орыс әдебиеті бойынша әдеби шығармалардың тізімі. Бұл ресурстардың барлығы талапкерлерді ҰБТ-ға сенімді және сәтті дайындық үшін құралдардың толық жиынтығымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әрбір адам жеке жасалған тест нұсқасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.
Мазмұны бойынша апелляцияға өтінішті тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде, ал техникалық апелляция бойынша өтінішті тестілеу барысында беруге болады. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Талапкердің жеке кабинетінде Республикалық апелляциялық комиссия отырысының мерзімі көрсетіледі. Республикалық апелляциялық комиссия отырысы басталғанға дейін апелляция өтінішін жеке кабинетінде қайтарып алу мүмкіндігі бар. Апелляция өтінішін қайтарып алғаннан кейін сертификат талапкердің жеке кабинетінде бір жұмыс күні ішінде қолжетімді болады.
Шекті балдар өзгеріссіз қалды: "Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" үшін кемінде 70 балл жинау қажет; ұлттық ЖОО-ға түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ға түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіреберісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды және т.б. алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады.
Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі.
2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.05.2025, 18:14 54786
Сәтбаев университеті мен Колорадо тау-кен мектебі инженер мамандарды бірлесіп даярлауды бастайды
Сәтбаев университеті әлемдегі ең мықты техникалық университеттердің бірі - Колорадо тау-кен мектебімен бірлесіп, қос дипломды білім беру бағдарламасын ашу жайлы келісті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінен.
АҚШ-та өткен кездесуде университеттің Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректоры Самғат Ермекбаев пен америкалық серіктес университеттің жаһандық бастамалар жөніндегі вице-президенті Джон Брэдфорд аталмыш құжатқа қол қойды.
Келісімшарттың негізгі тармақтары - геология, тау-кен өнеркәсібі мен мұнай-газ инженериясы саласы бойынша 3+1+1 форматында қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ осы бағыттар бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту болды.
Айта кетейік, Колорадо тау-кен мектебі - әлемдегі жетекші инженерлік университеттердің бірі, ол QS World University Ranking рейтингінде Mineral and Mining Engineering 2025 (1-орын) пәндері бойынша алдыңғы қатарда. Сонымен бірге бұл университет нақты салалық мәселелерді шешуге үйретуімен танымал. Мұнда студенттер тек зерттеуші біліктілігін ғана емес, сонымен қатар халықаралық инженерлік жобаларға қатысып, құнды практикалық тәжірибе жинақтайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
11.06.2025, 13:55Мамыр айында Enbek порталы орта білікті кадрларға жоғары сұранысты сақтап қалды 11.06.2025, 13:42 72386Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасалады11.06.2025, 13:33 71921Алматыда медициналық бұйымдар шығаратын жаңа зауыт ашылды10.06.2025, 18:52 64516Елімізде барлық республикалық жолдар заманауи жол сервисімен қамтамасыз етілетін болады12.06.2025, 19:43 61756Алматы қаласының прокуратурасымен таулы аймақтағы жерлер қайтарылды
03.06.2025, 14:47 131256Мемлекет басшысына әлеуметтік даму, еңбек қатынастары салаларының қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспары жөнінде баяндалды23.05.2025, 13:56 123761Таразда 4000-нан астам бала спортпен шұғылдану мүмкіндігінен заңсыз айырылған21.05.2025, 12:03 123621Алматыда 4 мыңға жуық мопед жүргізушісі жауапқа тартылды23.05.2025, 18:22 122271Алматыда мәслихат депутаттары қала әкімін тағайындау үшін шақырылады23.05.2025, 16:29 120711Қазақстанда жыл басынан бері 40-тан астам адам терроризмге қатысқаны үшін сотталды - ҰҚК