10.11.2021, 20:19 50848

Цой: балаларды коронавирусқа қарсы вакцинациялау мектептерде жүргізіледі

Цой: балаларды коронавирусқа қарсы вакцинациялау мектептерде жүргізіледі
НҰР-СҰЛТАН. 10 ҚАРАША - Білім беру ұйымдарында оқушыларға коронавирустық инфекцияға қарсы екпе жасалады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім еткендей, балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 4 млн 230 мың доза сатып алынды, бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді.
 
Оның айтуынша, вакциналауға 12-17 жастағы балалар, жүктіліктің 16-37 аптасындағы жүкті әйелдер және босанғаннан кейін 42 күннен кейін емізетін әйелдер жатады.
 

Әдетте балаларды вакциналау оқу орнындағы егу пункттерінде, яғни білім беру ұйымдарында жүргізілді, КВИ-ға қарсы вакциналау да білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын болады", - деді министр.

 
Ол вакцинация ата-аналарының немесе кәмелетке толмағандардың, жасөспірімдердің өзге де заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімінен кейін ғана жүргізілетінін атап өтті.
 
Осыған байланысты облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктері ақпарат және қоғамдық даму, білім, денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, қамтамасыз етуі қажет: КВИ-ға қарсы вакциналау мәселесі бойынша педагогтерді, кәмелетке толмағандардың ата-аналарын немесе өзге де заңды өкілдерін хабардар ету; бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді тарта отырып, КВИ-ға қарсы вакциналау мәселесі бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
 
Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктері: 
 
- санитарлық ережелерге сәйкес егу пункттерін дайындауы; 
 
- вакцинаның бірінші партиясы түскенге дейін мұздатқыш жабдықты орнатуы; 
 
- вакцинаны тасымалдау, сақтау және қолдану ережелерін сақтауы; 
 
- медицина қызметкерлерін даярлауы тиіс.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны