07.03.2023, 11:09 38546

Смайылов мектептердегі қауіпсіздік туралы: Күзетке дайындығы жоқ адамдар тартылады

Смайылов мектептердегі қауіпсіздік туралы: Күзетке дайындығы жоқ адамдар тартылады
Сурет: Depositphotos
Республиканың 1100-ге жуық мектебі полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған

Астана. 7 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мектептердегі қауіпсіздікті күшейтуге және оқу процесін цифрландыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
 
Премьер-Министр балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі - мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
 

Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет", - деді Әлихан Смайылов.

 
 Оның айтуынша, бұл бағытта нормативтік те, ұйымдастыру жағынан да барлық деңгейде жүйелі шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді.
 

Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуі тиіс", - деді Премьер-Министр.

 
Сонымен қатар атқарылған шараларға қарамастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткілікті. Бейнебақылау орнатылған мектептердің арасында камералары стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мектептер де бар. Еліміздегі 1100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режимі қатаң сақталмайды.
 

Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерде лицензияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған. Күзетке көбінесе арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын дереу шешу керек. Өйткені бұл - балаларымыздың қауіпсіздігі", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

 
Осыған байланысты Үкімет басшысы осы жылдың 1-ші сәуіріне дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтауы қажеттігін айтты.
 

Бұл полицияның жедел басқару орталықтарына шығатын бейнебақылауға, мамандандырылған күзетпен және дабыл кнопкаларымен қамтамасыз етуге қатысты", - деп атап өтті Үкімет басшысы.

 
Сонымен қатар Премьер-Министр үш күн мерзімде Үкіметке балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың пысықталған жобасын енгізуді тапсырды, оған уәкілетті органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритімін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар кіруі тиіс.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны