15.03.2023, 16:33 41886

Сенат бірінші оқылымда Әлеуметтік кодекстің жобасын мақұлдады

Сенат бірінші оқылымда Әлеуметтік кодекстің жобасын мақұлдады
Жаңа әлеуметтік саясат - ауқымды өзгерістердің бірі

Астана. 15 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Парламенті Сенатының депутаттары палатаның пленарлық отырысында Әлеуметтік кодекстің жобасын бірінші оқылымда қарастырып, мақұлдады, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова құжатты депутаттарға таныстырды. Сөз барысында министр жаңа әлеуметтік саясат Мемлекет басшысының жариялаған ауқымды өзгерістердің бірі екенін атап өтті.

Бұл өзгерістердің негізі назарларыңызға ұсынылып отырған Әлеуметтік кодекс жобасында көрініс тапты. Біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгерту ұсынылады: яғни ол әлеуметтік сын-қатерлердің салдарын жоюға емес, керісінше өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталатын болады. Екіншіден, әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету және соның арқасында әлеуметтік қолдауды алудың бүгінгі өтініш беру нысанынан, адресті анықтау нысанына және оны проактивті форматта көрсету жүйесіне көшу қарастырылған. Үшіншіден, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушіге және азаматтың өзіне де жүктелетін болады. Бұл жаңа әлеуметтік контракт негізінде іске асырылатын болады. Төртіншіден, нәтижелі және формальды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған сақтандыру жүйесін дамыту көзделген", - деді Тамара Дүйсенова.


ЕХӘҚМ басшысы Әлеуметтік кодексті әзірлеуде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, соның нәтижесінде Әлеуметтік кодекстің құрылымы басшылыққа алынып, өз еліміздің ерекшеліктері жан-жақты ескерілгенін атап өтті.

Министр құжаттың 5 негізгі новелласына тоқталып өтті.

Бірінші новелла - Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі-ОЦК), ол барлық мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелеріндегі деректері бойынша қалыптасқан. Оны енгізудегі негізгі мақсат қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте ОЦК-ны әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Сондай-ақ ОЦК отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құықылы екендігін хабардар етіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады. Мұндай ақпарат әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган тарапынан СМС хабарлама ретінде жіберілмек. Жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде проактивті форматта тағайындалатын болады", - деді министр.


Екінші новелла - атаулы әлеуметтік төлемдерді күшейту, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті көздейді. ОЦК-ның деректері негізінде атаулы көмектерді көрсету анықталатын болады.

Бұл ретте Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген: бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакетті монетизациялау; көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін саралау және оларға "Алтын" немесе "Күміс алқамен" наградталған аналар деген жаңа статус беру; әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін көбейту.

Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады.

Бұл ретте, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерделенді. Бүгінде АҚШ-тағы кедейлік шегі медианалық кірістің 40 пайызына, Канадада - 50, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Германия және Францияда - 60 пайызына пара-пар. Біз де осы тәжірибені енгізуді көздеп отырмыз. Егер күнкөріс деңгейі адамның физиологияқ қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс - жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы болмақ.


2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе жалпыхалықтық орташа табыстан төмен табысы бар азаматтарға берілетін болады. Әрине оның сомасы қомақты және атаулы шаралармен бірге беріліп, отбасыларына қиын өмірлік жағдайдан шығу мүмкіндігін қамтамасыз ететін болады", - деді Тамара Дүйсенова.

Үшінші новелла - әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің трансфомациялауға қатысты. Мұндағы негізгі мақсат - мүгедектігі бар азаматтардың көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін арттыру.

Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады.


Тағы да өзгерістердің бірі - арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу қарастыру. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін - шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан кейбір жекелеген қызмет немесе тауар түрлерін монетизациялауға алып келеді және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфраструктурасын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді", - деді министр.

Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру жоспарлануда. Олар: мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау; өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылау құзіреті; өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады.

Төртінші новелла әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне қатысты.

Сөз барысында Тамара Дүйсенова қазіргі сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің 5 түрінен сақтандырып, ол халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетінін хабардар етті.

Оның негізі сақталып, тек мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлем төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен, азаматтарды формальді форматта жұмыс істеуге ынталандыруды көздейтін болады", - деп хабарлады министр.


Бұл ретте ұсынылатын өзгерістердің басты тренді - жүйеге мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің қатысуы; жүйеге қатысу уақыты мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің арасындағы байланысты күшейту; әлеуметтік жарналарын уақытылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қорларынан әлеуметтік төлемдер мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайту болмақ.

Биылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр", - деп атап өтті ЕХӘҚМ басшысы.


Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге тоқталған Тамара Дүйсенова алдағы 5 жылда қолданыстағы зейнеткерлердің базалық зейнетақысы өсетінін айтты. Сондай-ақ еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін немесе орташа жалақының 70%-ына дейін ұлғайтылады. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады.

Бұдан бөлек, Кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

Салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.

Бесінші новелла - халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері, олар мынадай бағыттар бойынша жүзеге асады.

Бірінші - еңбек нарығын либерализациялау. Бұл икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрлерін, соның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді.

Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды "тәуелсіз жұмыскер" деген атау енгізілді - бұлар табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілген болатын.

Мұндай қызметкерлердің қызметі онлайн-платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс онлайн-платформасына қосылған таксистер, Glovo платформасындағы курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына кіргізіледі", - деп хабарлады министр.


Екінші бағыт - жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтары.

Бүгін азаматтарға жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру процесстері толық цифрланып, Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге аса бастады. Осыған байланысты, Әлеуметтік кодексте аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін территориалдық мобильді орталықтар және жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын ендіру қарастырылып отыр", - деді Тамара Дүйсенова.


ЕХӘҚМ басшысы жаңа көші-қон саясатына және еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар түзетулер дайындалғанын атап өтті.

Олардың мақсаты - Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарын жетілдіруге қатысты болмақ", - деп қорытындылады министр.


Тамара Дүйсенова сөз соңында Әлеуметтік кодекс жобасында көзделген жаңалықтардың басым бөлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген заңдар аясында қабылданып, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге аса бастағанын атап өтті.

Бұған дейін Қазақстанда 2022 жылы мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыға 440 млрд теңгеден астам төленгені хабарланған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны