20.04.2023, 15:31 10246

Жаңаөзендегі төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған отбасылар пәтер алды

Жаңаөзендегі төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған отбасылар пәтер алды
Сурет: gov.kz
Зардап шеккендерге екі бөлмелі 2 пәтер, үш бөлмелі 5 пәтер және бес бөлмелі 2 пәтер сатып алынды

Жаңаөзен. 20 сәуір. KAZAKHSTAN TODAY - Жаңаөзендегі тұрғын үйдегі жарылыс салдарынан баспанасынан айырылған тоғыз отбасы жаңа пәтер алды, деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ баспасөз қызметі.
 
Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары кезінде "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев биыл 17 сәуірде көп қабатты тұрғын үйдегі жарылыс салдарынан көз жұмған жандардың отбасына барып, өзінің және компания атынан көңіл айтты.
 

Бұл өте ауыр жағдай. Сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз, мықты болыңыздар. Бастарыңызға сынақ түскен кезде біз шет қалмай, Президенттің тікелей тапсырмасымен баспанасыз қалған отбасыларға пәтер алып бердік. Осындай сын сағатта сіздер үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз", - деді ҚМГ басшысы көз жұмған тұрғындардың туыстарына көңіл айта келе.

 
Қазіргі уақытта төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған 9 отбасыға жанұядағы адам санына байланысты екі бөлмелі 2 пәтер, үш бөлмелі 5 пәтер және бес бөлмелі 2 пәтер сатып алды.
 
Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуірде таңғы сағат 5 шамасында (Астана уақытымен) Жаңаөзен қаласындағы 2-ші шағын ауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйде алдын ала болжам бойынша газ жарылысы орын алды.
 
Салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған. Оқиға орнында өрт орын алған жоқ (үйдің жалпы ауданы 600 ш.м.). Төрт адам қайтыс болды: ер адам, екі әйел және үш жасар бала. 10-нан астам адам зардап шекті, 6 адам ауруханаға түсті.
 
Жаңаөзендегі тұрғын үйлердің бірінде газ баллонының жарылуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төтенше жағдай орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр.
 
Алдын ала мәліметтер бойынша, Жаңаөзендегі тұрғын үйдегі жарылыстың себебі газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Қаза тапқандардың туыстары да төтенше жағдайдың өз нұсқасын айтты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны