04.04.2024, 12:07 44006

Алматылықтар 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді

Қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен белсенді жастар да көмек қолын созуда
Алматылықтар 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді
Сурет: gov.kz
Бүгін Алматыда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Алмалы ауданының комьюнити орталығы базасында ашылған қабылдау пункті 29 наурыздан бастап жұмыс істейді. Күн сайын алматылықтар зардап шеккен аймақтарға үлес қосып, қажетті заттарды әкеліп жатты. Қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен белсенді жастар да көмек қолын созды. Соның нәтижесінде 6 күннің ішінде 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды. Атап айтқанда, 2,5 тоннадан астам киім, 1 тонна гигиена құралдары, 3,5 тоннадан астам азық-түлік, тұрмыстық заттар және т.б. бар.

Гуманитарлық көмек қабылдау пунктінің жұмысына қаланың 30-дан астам ірі волонтерлік ұйымынан 100-ден астам ерікті жұмылдырылды. Өз кезегінде Жастар саясаты басқармасы игі іске атсалысқан алматылықтарға алғыс білдіреді. Сондай-ақ, басқарма еріктілердің еңбекқорлығы мен қала тұрғындарының арқасында су басқан аймақтарға қысқа мерзімде көмек көрсете алатынын атады.

Естеріңізге сала кетейік, гуманитарлық көмек қабылдау пункті аптаның соңына дейін Алмалы ауданы, Байтұрсынов көшесі, 22/1 мекенжайында жұмыс істейді, жұмыс уақыты 10:00-ден 19:00-ге дейін

Қабылданатын гуманитарлық көмек түрлері: азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмектер мен медициналық керек-жарақтар, киім (жылы киім, аяқ киім, іш киім, шұлық және т.б.), заттар (көрпе, ұйықтайтын қап, жастық және т.б.), шаруашылық тауарлары (шатыр, төсеніш, термос, шам, пауэрбанк, шәйнек, балалар ыдыстары, емізік) және гигиена құралдары (памперс, әйелдер гигиенасы, сабын, тіс пастасы, сусабындар, майлық, дәретхана қағазы, жуғыш заттар және т.б.).
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны