Достарға айту
Астананың бес ауданында оқушыларға, ата-аналарға тегін психологиялық-консультациялық көмек көрсету кабинеттері ашылды. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кабинеттер Қаланың әдістемелік орталығы, "Ұстаздар үйі", №22, №54, №88 мектептер базасында құрылды.
"2024 жылдың басынан бастап 336 бала мен 377 ата-ана кеңес алды. Қазіргі уақытта қалалық психологиялық қолдау орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Орталық базасында диагностикалық, түзету-дамыту, консультациялық, психопрофилактикалық қызметтер жүзеге асырылатын болады", - деді ведомство басшысы.
Қазіргі уақытта елорданың білім беру ұйымдарында буллингке қарсы бағдарлама іске асырылуда.
Ол үшін пилоттық жобаға 5 мектеп (Алматы ауданының №72 мектебі, Байқоңыр ауданының №16 мектебі, Нұра ауданының №79 мектебі, Есіл ауданының №24 мектебі, Сарыарқа ауданының №6 мектебі) енгізілді.
"Осы бағдарлама аясында қорқытудың алдын алу және азайту, буллингтің анықталған жағдайларын шешу бойынша іс-шаралар жүргізілетін болады. Сондай-ақ мұғалімдерді оқушылардың жай-күйінің дәрежесін анықтау дағдыларына оқыту жоспарланып отыр. Елорданың бес мектебінде оқушылар арасында қорқытудың алдын алу мақсатында (№ 4, 24, 25, 72, 74) пилоттық режимде Оқу-ағарту министрлігінің "ДосболLike" бағдарламасы іске асырылып жатыр", - деді Қасымхан Сенғазыев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.