30.08.2022, 14:02 14816

Қазақстанда Конституция күні аталып өтуде

Қазақстанда Конституция күні аталып өтуде
НҰР-СҰЛТАН. 30 ТАМЫЗ - Бүгін Қазақстан Республикасында Конституция күні аталып өтуде, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY.
 
Конституция күні республиканың барлық облыстары мен қалаларында жаппай мерекелік серуендер мен концерттер өтуде. Биыл қазақстандықтар мерекеге үш күн қатарынан - 28-30 тамыз аралығында демалуда.
 
Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда жалпыұлттық референдумда қабылданды.
 
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Конституциясы бірнеше рет толықтырылды.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың наурыз айының ортасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Ол ел Парламентінің рөлін күшейту және суперпрезиденттіктен президенттік басқару нысанына көшу қажеттігі туралы айтты.
 
Сәуір айында Мемлекет басшысы Жолдауда айтылған саяси бастамаларды жүзеге асыру үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айтты. Ол Негізгі Заңға түзетулер бойынша референдум өткізуді ұсынды. Референдумға барлығы 56 түзету енгізілді. Ұсынылған өзгертулер мен толықтырулар Негізгі Заңның 30-дан астам бабына әсер етті.
 
5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өтті.
 
Түзетулер суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түпкілікті көшуді бекітуге арналған. Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын едәуір күшейтеді, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтады, мәслихаттардың субъективтілігін арттырады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны