14.07.2021, 21:30 21569

Мамин 4 өңірде карантиндік шараларды күшейтуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. 14 ШІЛДЕ - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысын өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан баяндады. 
 
Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күрделі. COVID-19-бен сырқаттанушылар саны артуда. Коронавирустың дельта штаммының өсуі барлық аймақта тіркелген. Вирустың репродуктивтік индексі – 1,2, инфекциялық төсек орын жүктемесі – 43%, реанимациялық төсек орын – 35%. 
 
Коронавирустың таралу қарқыны бойынша 12 өңір "қызыл аймақта" тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. 
 

Сары аймақта" Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары, "жасыл аймақта" – Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары тұр. 

 
Бүгінгі таңда 4,6 млн-нан астам адам немесе вакцина алуға жататын адамдардың 46,5%-ы бірінші компонентті, 2,5 млн-нан астам адам екінші компонентті алды. Халықты вакцинамен қамтудың ең төмен көрсеткіші Маңғыстау облысында – 23,6%, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 39%-дан байқалады.
 
ВАК ел бойынша сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің 55%-ын құрайтын Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, Қарағанды және Атырау облыстарында карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады: 
 
  • "Ashyq"-қа қатысатын объектілерді қоспағанда, қалааралық, облысішілік, қалалық тұрақты және тұрақты емес (туристік) автобус және микроавтобус тасымалдары уақытша тоқтатылады. Жабық жағажайлар мен аквапарктардың, аттракциондардың қызметі тоқтатылады. 
  • Демалыс күндері "Аshyq"-қа қатысатынына қарамастан, қоғамдық көліктің, СОСО-ның, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, спорт объектілерінің (спорт кешендерінің, спорт мектептерінің, спорт клубтарының, жаттығу залдарының), қоғамдық тамақтану объектілерінің, фудкорттардың (тамақ жеткізумен жұмыс істеуге рұқсат етіледі), фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, йога-орталықтардың, спорттық-сауықтыру нысандарының, сауналардың, моншалардың, СПА-орталықтардың, бассейндердің, кинотеатрлардың, театрлардың, концерт залдарының, филармониялардың, цирктердің, алаңы 1000 м2 асатын азық-түлік емес тауарларды сататын объектілердің, ашық және жабық базарлардың, компьютерлік клубтардың, боулингтердің, бильярдтың, караокенің, түнгі клубтардың, білім беру орталықтарының, балалар мен ересектерге арналған үйірмелердің, балаларды дамыту орталықтарының, балалардың ойын-сауық орталықтарының, банктердің, ХҚКО-лардың, Қазпошта бөлімшелерінің, діни нысандардың жұмысына тыйым салынады. 
  • Жұмыс күндері сағат 17:00-ге дейін балалар ойын-сауық орталықтарының (ойын алаңдары, жабық ғимараттардағы аттракциондар), СОСО, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, ашық және жабық базарлардың қызметі шектелген. 
  • Жұмыс күндері сағат 17:00-ге дейін ("Ashyq" қатысушылары – сағат 20:00-ге дейін) қоғамдық тамақтану объектілерінің, фудкорттардың, фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, йога-орталықтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтарының, спорт объектілерінің, бассейндердің, кинотеатрлардың қызметі шектеледі. 
  • Вакцина алған және соңғы 3 ай ішінде коронавирустан жазылып шыққан адамдарды қоспағанда, барлық ұйымдардың 80% қызметкері үшін қашықтан жұмыс істеу форматы енгізіледі. 
 
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне, орталық мемлекеттік органдарға денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарын жұмылдыру, оның ішінде резервтік төсек-орындарды, дәрі-дәрмектерді, жеке қорғаныш құралдарын, медициналық жабдықтар мен кадрларды қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысына ерекше назар аудару керек. 
 
Премьер-Министр өңірлердің әкімдіктеріне, әсіресе Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында вакциналау қарқынын күшейтуді тапсырды.
 
13 шілдедегі 23.59 жағдай бойынша Қазақстанда ПТР-тестінің оң нәтижесімен коронавирустың 466 792 жағдайы расталды. Өткен тәулікте коронавирустық инфекцияның 4 375 жаңа жағдайы тіркелді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны