20.01.2023, 12:46 26211

Нұрсұлтан Назарбаевтың ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарланды

Тұңғыш Президенттің жүрегіне ота жасалды
Нұрсұлтан Назарбаевтың ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарланды
Сурет: elbasy.kz
Астана. 20 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа операция жасалды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде жазды.
 

Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне ота жасалды. Операция сәтті өтті. Тұңғыш Президенттің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ота Ұлттық кардиохирургия орталығында танымал кардиохирург Ю.Пяның жетекшілігімен жасалды", - деді Айдос Үкібай.

 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
20.01.2023, 20.54 толықтырылды
 
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі жағдайы белгілі болды.
 

Емдеу процедурасы өткен жылы жоспарланған болатын. Пациенттің жұмысбастылығына байланысты процедураны ыңғайлы уақытта өткізу туралы шешім қабылдады. Таңдау бүгінге түсті. Айта кететін жайт, кез келген пациент кейбір медициналық ақпаратты жария етпеуге құқылы. Нұрсұлтан Назарбаев емдеу процедурасынан сәтті өтті. Пациенттің қазіргі жағдайы жақсы", - деді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының хирургия бойынша директоры Юрий Пя елордада өткен брифингіде.

 
Сондай-ақ, спикер Нұрсұлтан Назарбаевқа ота жасалмағанын, нақтысы емдеу-диагностикалық процедурадан өткенін айтты. Оның айтуынша, аталған процедура 2,5 сағатқа созылды.
 
Брифинг барысында айтылғандай, пациент 1-2 күнде үйге шығарылады.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
Сонымен қатар, Юрий Пя ем тегін жүргізілді ме деген сауалға жауап берді.
 

Аталған емдеу процедурасы барлық азамат үшін тегін. Оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Қаржы жағынан алғанда бұл қымбат процедура. Қуанышқа қарай, Қазақстан азаматтарының тегін емделу мүмкіндігі бар", - деді Юрий Пя елордада өткен брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

 
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа ел қатарлы қызмет көрсетіліп жатыр.
 

Қазір пациенттің жанында емдеуші және кезекші дәрігер бар. "Ерекше жағдай жасалды ма?" дегенге келсек, бізде VIP деген түсінік жоқ, барлық клиент бірдей", - дейді ол.

 
Сондай-ақ, маман Тұңғыш Президенттің кардиохирургия орталығы ашылған сәттен консультациядан өтіп тұратындығын жеткізді.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны