21.10.2021, 20:10 43831

Қазақстанда Pfizer вакцинасымен вакцинациялау бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді

НҰР-СҰЛТАН. 21 ҚАЗАН - ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов "Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы" Қаулыға қол қойды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Құжатпен Қазақстан Республикасында халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауды "Комирнати" (Пфайзер, АҚШ) мРНҚ-вакцинасымен жүргізу" туралы әдістемелік ұсынымдар бекітілді.
 
Естеріңізге сала кетейік, Пфайзер вакцинасымен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және лактация кезеңіндегі әйелдерді вакцинациялайды.
 

"Комирнати" - SARS-CoV-2 тудыратын коронавирустық инфекцияның профилактикасына арналған мРНҚ (нуклеозидтермен модификацияланған) негізіндегі КВИ-ге қарсы вакцина. "Комирнати" құрамында иммундық қорғаныш тудыратын вирус жоқ, КВИ инфекциясын тудыруы мүмкін емес. Бір құтыда сұйылтқаннан кейін 0,3 мл-ден 6 доза бар. 1 дозада (0,3 мл) мРНҚ негізіндегі (липидті нанобөлшектерге капсулаланған) және қосымша заттар негізіндегі КВИ-ге қарсы 30 мкг вакцина (BNT162b2) бар. Сыйымдылығы 2 мл мөлдір көп дозалы құты, тығынмен тығындалған және "flip-off" типті пластикалық қақпағы бар алюминий қалпақшамен қаусырылған", - делінген құжатта.

 
КВИ-ге қарсы вакцинациялауға мынадай адамдар жатады:
 
1) 12 жастағы және одан үлкен жасөспірімдер;
 
2) жүкті әйелдер - жүктіліктің 16 аптасынан бастап 37 аптасына дейін;
 
3) лактация кезеңіндегі әйелдер - босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін (42 күннен кейін).
 
Вакцинация жүргізу алдында КВИ-дың және коронавирусқа антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді. КВИ-мен ауырып жазылған адамдар сауыққаннан кейін вакцинациялау алдындағы жай-күйін бағалау ескеріле отырып, 6 айдан соң КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жатады. КВИ-мен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцинациялауға жол беріледі.
 
Тәулік бойғы режимдегі жұмыс жағдайына алдын ала тестілей отырып, "Комирнати" вакцинасын сақтау үшін аса төмен температуралық режимдегі мұздатқыш жабдығы орнатылады.
 
Жергілікті атқарушы органдардың аумақтық денсаулық сақтау басқармаларының басшылары вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттарын сақтауды, сақтаудың температуралық режиміне байланысты вакцинаны сақтау мерзімдерін сақтауды (аса төмен температурада - минус 60°C-тан төмен; төмен температурада - минус 15-25°С; плюс 2-8°С) қамтамасыз етеді.
 
КВИ-ге қарсы вакцинациялауға тартылған медицина қызметкерлері (дәрігер/фельдшер, вакцинаторлар): 
 
1) "Комирнати" вакцинасын қолдана отырып профилактикалық егулер жүргізуге рұқсат - кейіннен аттестаттай отырып, арнайы оқытудан өткені туралы куәландыратын құжаттың болуы;
 
2) вакциналармен жұмыс істеу қағидаларын сақтауға;
 
3) профилактикалық егулерді жүргізу алдында вакцинация жүргізуге көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді есепке алуды қамтамасыз етуге;
 
4) COVID-19 пандемиясы кезеңінде профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу алгоритміне сәйкес вакцинацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауға (Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 38 қаулысына);
 
5) суық тізбектің барлық талаптарын сақтауға, вакциналарды сақтауға байланысты барлық проблемалар мен бұзушылықтар туралы басшылықты дереу хабардар етуге міндетті. 
 
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.



 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны