12.04.2022, 18:21 30621

Жекеменшік балабақшалардың жауапкершілігі күшейтіледі - Аймағамбетов

Жекеменшік балабақшалардың жауапкершілігі күшейтіледі - Аймағамбетов
Сурет: pixabay.com
НҰР-СҰЛТАН. 12 СӘУІР - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Президентке балалар құқықтарының бұзылу фактілерін азайту үшін жекеменшік балабақшалардың жауапкершілігін арттыруға және мектеп бағдарламалары мен оқулықтарды әзірлеудің жаңа тәсілдеріне қатысты ұсыныстар берілді", - деп хабарлайды Ақорда.

 
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмалары аясында "Ғылым туралы" Заңға өзгертулер енгізілген. 
 

Енді тарих, қазақ тілі, философия, археология, математика, шығыстану және басқа да салалар бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген 4 мыңнан астам ғалым тұрақты еңбекақы алады. Ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімі бұрынғы 3 жылдан 5 жылға дейін созылды. Жас ғалымдарды қолдау үшін постдокторантураға мың грант бөлінді", - деді министр.

 
Оның айтуынша, арнайы конкурстар басталды. Соның аясында 2 мыңнан астам жас ғалым 17 миллиард теңгенің грантын алды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ғалымдардың әлеуетін арттыру шаралары қабылданды. Жыл сайын 500 отандық маман республикалық бюджет есебінен әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді.
 
Министрдің есебін тыңдаған Президент мектептегі білім беру сапасы мен мұғалімдердің мәртебесін арттыру жөніндегі мақсатты жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарына лицензия беру тәртібін жетілдіру және іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізетін институттарды қолдау қажет деп санайды.
 
Еске сала кетейік, инклюзивті балабақшадағы тәрбиеленушілерді ұрып-соғу оқиғасынан кейін Мәжіліс депутаттары жеке меншік балабақшаларға тыйым салуды талап еткен болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны