17.07.2018, 22:10 7384

Ақмола облысыныӊ Жарқайыӊ ауданында тұлпарлардыӊ дүбірі естілді

Атбегілік дәстүрді жалғастыруды, ауданда ат спортын дамытуды көздеген ұйымдастырушылар бұл спорт түрін аудандық "Топжарған" жазғы спартакиадасыныӊ бағдарламасына енгізген болатын.

Көкшетау. 18 шілде. Kazakhstan Today - Бәйге десе елеӊ етіп, делебесі қозып, ішкен асын жерге қоятын Жарқайыӊ жұрағаты кекілін жел тараған сәйгүліктердіӊ шабысын тамашалады. Атбасар, Жақсы аудандары мен Арқалық қаласынан арнайы келіп, бәйгеге қатысқан шабандоздар Жарқайыӊ атырабын дүбірлетті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасыныӊ Өӊірлік коммуникациялар қызметі.

Жарқайыӊдағы бұл ат жарыстыӊ басты ерекшелігі - бәйге аудан азаматтарыныӊ бастамасы. Аудандық ат спорты федерациясыныӊ вице-президенті Игорь Пугачев демеушілік жасаған дүбірлі додаға Ақмола облысыныӊ 3 ауданы мен Қостанай облысыныӊ Арқалық қаласынан 30 сәйгүлік қатысты. Халқы дархан Жарқайыӊ жерінде ұйымдастырылған бұл байрақты бәсекеде тұлпарлар 3 қашықтыққа шапты. Жарыс дәстүр бойынша 4 шақырымдық құнан бәйгеден басталып, алғашқы айналымнан қара үзіп дара шапқан, Атбасар қаласыныӊ "Зәмзәгүл" есімді сәйгүлігі мәрені бірінші болып бағындырды. Шабандозы өрімдей ғана Шалқар Шаихов. Жасы сегізге енді толған Шалқар талай дүбірлі жарыстарға қатысып әбден ысылған шабандоз.

Ұшқыр аттардыӊ 7 шақырымдық бәсекесі тартысқа толы болды. Алғашқы айналымдарда Львовское ауылыныӊ "Байқоӊыр" есімді сәйгүлігі алдына жан салмай, шашасына шаӊ жұқтырмай негізгі топты жарты айналымға артта қалдырған еді. Бабы келіп тұрғанымен, бұл жарыста "Байқоӊырдыӊ" бағы жанбады. Мәреге бір айналым қалғанда шабандозы ауыздыққа ие бола алмай, "Байқоӊыр" жарыс айналымынан шығып кетті. Мұндайда сәтін күте білетін шабандоздыӊ мерейі үстем болатынына көрермендердіӊ көзі жетті. Алғашқы құнан бәйгеде мәрені шулатқан Ш.Шаихов, бұл қашықтықта да өзініӊ табандылығын танытып, тағыда бірінші орынды иеленді.

10 шақырым қашықтыққа созылған топ бәйгеде Ш.Шаихов тағы да бағын сынауға бел байлағанымен сәйгүлігі мәреге жете алмады. Бұл бәйгеде жарқайыӊдық Ағыбай Иділдіӊ айы оӊынан туды. Нахимов ауылдық округінен жалпы бұл додаға 8 ат қатысқан болатын. Солардыӊ ішінен Ағыбай Иділ тақымдаған "Қарагердіӊ" жолы болды. Екінші орынды Жақсы ауданынан келген "Стелла" есімді сәйгүлік иеленсе, үштікті Львовское ауылыныӊ "Огонек" есімді сәйгүлігі қорытындылады.

Атбегілік дәстүрді жалғастыруды, ауданда ат спортын дамытуды көздеген ұйымдастырушылар бұл спорт түрін аудандық "Топжарған" жазғы спартакиадасыныӊ бағдарламасына енгізген болатын. Үшінші рет жалауын желбіреткен бұл байрақты бәсеке жоғары деӊгейде өткізілді. Осынау жарыстардыӊ болашақта ат спортына тұрғындардыӊ қызығушылығын арттырып, атбегілер қатарын көбейтуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Ақпаратты пайдаланИан жаИдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық қИқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны