25.05.2022, 16:32 12341

Автокөлікті 15 минут ішінде рәсімдеу: Қазақстанда бірқатар мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жоспарлануда

Реинжиниринг азаматтар мен бизнеске қызмет көрсету уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік береді.
Автокөлікті 15 минут ішінде рәсімдеу: Қазақстанда бірқатар мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жоспарлануда
Сурет: facebook/правительство для граждан
НҰР-СҰЛТАН. 25 МАМЫР - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, онда мемлекеттік органдардағы бизнес-үдерістердің реинжинирингі, азаматтар мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді түзетудің оңайлатылған механизмін енгізу, сондай-ақ бесінші буындағы ұялы байланысты енгізу және дамыту (5G/IMT) барысы қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин процестер мен мемлекеттік органдар функцияларының кешенді реинжинирингі, сондай-ақ құжат айналымы мен есептілікті қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ол мерзімдер мен кезеңдерді екі есеге қысқартуды көздейтінін хабарлады.
 

Реинжиниринг азаматтар мен бизнеске қызмет көрсету уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік береді, жалпы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жақсартады", - деді Мусин.

 
Осылайша, азаматтар жиі жүгінетін бірқатар қызмет оңтайландырылды, атап айтқанда, автокөлік сатып алу (15 мин, онлайн қызметтер арқылы қайта тіркеу), ЖШС жою (1 ай), мүгедектікті белгілеу (сырттай куәландыру мүмкіндігі), пәтерді қайта жоспарлау (1 күн), еңбекке жарамсыздық парағын алу (қашықтан) және т. б. Өзгерістер жыл соңына дейін толық енгізіледі.
 
Дәрі-дәрмектерді әкелу және сараптау процестерін трансформациялау, азаматтарды тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, жер учаскелерін сатып алу және басқару, әскери есепке қашықтан қою және басқа да ұсыныстар қалыптастырылды. Бұл мемлекеттік органдармен талқылау кезеңінде тұр.
 
Екінші мәселені қарау барысында бүгінгі таңда азаматтар мемлекеттік деректер қорындағы қателерге байланысты әртүрлі құжаттарға түзетулер енгізіп жататыны атап өтілді.
 

Жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік органдардың мәліметтерді түзетуге электрондық өтінімдерді қабылдауға сервистерді жариялап отыруы ұсынылды. Осының арқасында пайдаланушы нотариусқа немесе ХҚКО-ға бармай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органға тікелей сауал жібере алады", - деп хабарлайды Үкімет басшысының сайты.

 
Күн тәртібінің үшінші мәселесін қарау кезінде қазіргі уақытта Қазақстанда 5G/IMT бесінші буындағы ұялы байланыс стандартын енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. 
 
2021 жылы жеке операторларға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 5G технологиясын тестілеу құқығы берілді.
 

Жүргізілген сынақтар жақсы нәтиже көрсетті: жиілікті қамтудың тиімді аймағы – 10 шаршы км астам, жылдамдық көрсеткіші – 1,6 Гбит/с дейін, кідіріс деңгейі – 10 мс кем", - деп хабарланған сайтта.

 
ҚР Премьер-Министрі 5G желілері үшін жиіліктерді бөлу тетіктерін қосымша пысықтауды және жаңартылған ұсыныстарды Комиссияның қарауына қайта енгізуді тапсырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны