27.07.2021, 19:20 15057

Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау қорытындысы шығарылды

Дауыс беруге 1 млн 200 мыңнан астам адам қатысты.
НҰР-СҰЛТАН. 27 ШІЛДЕ - Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау қорытындысы шығарылды.
 
Жылдың екінші жартысында өкілеттік мерзімі аяқталған 800 ауыл әкімі сайланады. Әкімнің бәрін халықтың өзі таңдайтын болады. Дәл кешегідей. Алғаш рет ұйымдастырылған саяси додада 730 әкім сайланды. Тіркелген сайлаушылардың дені өз таңдауын жасаған. Тіпті ұсынылған үміткерлерге қарсы болғандар бар. Оны бюллетеньде белгілеп көрсетті, деп хабарлайды "Хабар 24".
 
Солтүстік Қазақстан облысында 214 үміткер саяси додаға қатысты. Оның 71-і жауапты қызметіне кіріспек. Көпшілік аттай қалап алған ең жас әкім тәуелсіздік құрдасы. "Болашақ" бағдарламасының түлегі ауылын түлетуге ниетті. Білімді маманнан білікті әкім шығуы кәміл. Көпшілік осыны ойлап, үміткерге дауыс берген. 
 

Сайланған 71 әкімнің 57-і немесе 80,2 проценті мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Оның ішінде нақты ауылдық округте 42 әкім қайтадан сайланды. 4-еуі коммерциялық ұйымдардың өкілдері. Алтауы бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері. Екеуі уақытша жұмыс істемейді", - деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Каскин.

 
Қарағанды облысында көпшілік қалауымен 17 әкім бұрынғы қызметін жалғастыратын болды. Саяси шара 75 ауылда ұйымдастырылды. Тіркелген сайлаушылардың 76 проценті дауыс беріп, өз әкімін таңдады. 
 

Ақтас және Дария кентінде сайлаушылардың дауыстары ең аз, алшақтық бар. Ең көп барлығына қарсы дауыс саны 116. Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде, ол 7 процентті құрады", - дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағанбетов.

 
Ал Көкше өңірінде 11 ауылдық округте өз-өзін ұсынған кандидаттар ғана бақ сынады. Жалпы аймақта сайлаушылардың басым дауысына ие болған кандидаттардың 15-і әйел. Жеңіске жеткен 95 үміткердің 50-і бұрынғы әкімдер. 
 

Сайланған әкімдердің 81-і саяси партиялардың өкілі. Ал олардың 74-і "Нұр Отан" партиясынан, үшеуі "Ақ жолдан" шықса, "Адал" және "Ауыл" партияларынан бір-бір адамнан өтті. Ал халық таңдаған 14 әкім өзін өзі ұсынғандар санатынан", - деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов.

 
Жетісуда көпшілік даусына ие болған ең үлкен үміткер 62 жаста. Ол алдағы уақытта Еңбекшіқазақ ауданындағы Балтабай ауылдық округін басқарады. Жалпы Алматы облысы бойынша 221 мыңнан астам сайлаушының 67,5 проценті өз таңдауын жасаған. 
 

Алматы облысы бойынша 16 аудан мен 1 қалада 71 ауылдық округтің әкімі кешегі күні сайланды. Сайлау енді бізде қалай дайындық жұмыстарын жүргіздік, бірқалыпты, бір деңгейде өтті. Сайлау учаскелерінде бізде кереметтей бір алып бара жатқан кемшілік не болмаса бір заң бұзушылық кездескен жоқ", - деді облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық.

 
Батыс Қазақстан облысында сайланған әкімдердің 23-і мемлекеттік қызметкер. Лауазымды тұлғалардың арасында бір әйел бар. Ол Қарағанды ауылдық округінің тізгінін ұстайды. 
 

Сайлауды жарамсыз деп тануға немесе қайтадан өткізуге негіз байқалған жоқ. Сайлау бюллетеньдеріне 81 кандидат енгізілді. "Барлығына қарсы дауыс" деген ең көбі Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылдық округінде болды. 133 адам қарсымыз деген. Сайланғандардың 26-сы сайлау өткізілген ауылдық округте, екеуі ауданда, үшеуі облыста тұрады", - дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.

 
Ауыл әкімін сайлау Қазақстан ғана емес, Орталық Азия тарихындағы елеулі оқиға болды. 730 әкімді халықтың өзі таңдады. Бұл демократияға қадам дейді саясаттанушылар. Енді туған ауылының тұрмысын дұрыстауға деген ізгі ниет пен жауапкершілік үйлесім тапса болғаны.
 
Ақпарат көзі: 24.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны