08.06.2022, 16:55 18566

Қазақстанда билік өкілдеріне бағынбағаны үшін жаза күшейтіледі

Қазақстанда билік өкілдеріне бағынбағаны үшін жаза күшейтіледі
Сурет: polisia.kz
НҰР-СҰЛТАН. 8 МАУСЫМ – Қазақстанда билік өкіліне бағынбау, күш қолдану үшін жауаптылық күшейтіледі.
 
Мәжіліс отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы екінші оқылымға шығарылды.
 
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова Мемлекет басшысының 11 қаңтарда Мәжілісте берген нақты тапсырмаларын іске асыру жөнінде айтып берді.
 

Қаңтардағы оқиғалар азаматтардың, оның ішінде қызметкерлердің өзінің және жақын туыстарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық беріп, құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша шара қабылдау қажеттігін көрсетті. Осыған орай, депутаттар құқық қорғау блогымен бірлесіп, күштік блок қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын, олардың басшыларының жауапкершілік деңгейін, әлеуметтік қамтамасыз етуді күшейту, ынталандыру және олар үшін уәждемені арттыру бойынша бірқатар түзетулер әзірледі", - деді Г. Бижанова Мәжілістің жалпы отырысында.

 
Депутаттың айтуынша, бұл түзетулерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші блок – қызметкерлердің құқықтық қорғалуына қатысты болмақ.
 

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер арқылы билік өкіліне бағынбағаны, оған қатысты күш қолданғаны, төтенше жағдай кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында қызметкердің өміріне қолсұғушылық үшін жауаптылық күшейтіледі. Жоғарыда аталған жағдайларда қорқыту мен күш қолдану үшін де жауаптылық артады", - деп түсіндірді депутат.

 
Екінші блок күштік құрылымдардың шешім қабылдаудағы дербестігін күшейту және олардың басшыларының жауапкершілігін арттыру мәселелерін шешеді.
 

Біз бірқатар заңдарға, атап айтқанда Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге, "Төтенше жағдай туралы", "Әскери жағдай туралы", "Ұлттық ұлан туралы" және басқа да заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Жаңа құрамдар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Мысалы, "Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның немесе құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның өзге де басшысының қызмет бойынша әрекетсіздігі". Санкцияның жоғарғы шегі – 7 жылға бас бостандығынан айыру. Келесі – "Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындаудан бас тартуы немесе жалтаруы" деп аталады. Санкцияның жоғарғы шегі – 10 жылға бас бостандығынан айыру", - деді Г. Бижанова.

 
Сонымен бірге, депутат 452-1-бап – "Бастықтың қызметіндегі әрекетсіздік" бабы туралы айтып берді.
 

Бұл бап бойынша қылмыстық жауаптылық төтенше жағдай кезінде бейбіт халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген кезде, ғимараттарды басып алу, мүлікті жою, тонау орын алған кезде, ал жергілікті бастықтар әрекет етпей отырған кезде қарастырылады. Мұның бәрін біз қаңтар айында байқадық. Қоғамның көңілі толмағаны сол – кейбір жауапты басшылар әрекет етпей отырса, біреуі жасырынып қалды немесе біреуі тіпті қашып кетті. Әсіресе, лаңкестікке ұласқан жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бұл жауапсыздық және қылмыс", - деді Гүлнар Бижанова.

 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны