20.11.2022, 09:00 9961
Тоқаев ҚР Президенті сайлауында дауыс берді
Сурет: Ақорда
Астана. 20 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесіне барып, кезектен тыс өтіп жатқан Президент сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Журналистер алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы еліміз үшін тарихи күн екенін атап өтті.
Бүгін - өте маңызды, тарихи күн. Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беріп отырмыз. Шын мәнінде, биыл оңай болған жоқ. Бірақ халқымыз жұмылып, қиындықтардың бәрін еңсерді. Енді алдымызда тұрған өте ауқымды міндеттер, мақсаттар бар. Атқаратын жұмыс әлі де көп. Саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жазда жалпыұлттық референдум өтті. Енді, міне кезектен тыс Президент сайлауы өткізіліп жатыр. Келешекте бұл жұмыстар жалғаса береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, сайлауда дауыс беру 20.00-ге дейін жалғасады. Елорда уақытымен сағат 8.15-тегі жағдай бойынша облыстардың, Алматы, Шымкент және Астана қалаларының комиссиялары ұсынған жедел деректерге сәйкес, ел аумағында барлық 10033 учаске және Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанындағы 17 учаске дауыс беруге кірісті. Шетелдегі 51 учаске дауыс беруге уақыт белдеулерінің айырмашылығын ескере отырып кіріседі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
10.07.2025, 09:29 7101
2025 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 323 мыңнан астам қызмет алды
2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі - Портал) арқылы мүгедектігі бар адамдардың 323,7 мың тапсырысы орындалды, оның ішінде: оңалтудың техникалық құралдарына (бұдан әрі - ОТҚ) шамамен 246,3 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі - ОТҚ), 7,7 мың - ымдау тілі қызметін, 45,3 мың - жеке көмекшінің, 32,5 мың - санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінде Порталда 680 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 981 ОТҚ жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 761 ымдау тілі және 130 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.07.2025, 18:26 18276
Астанада Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды
Мемлекет басшысы Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына барып, NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасында жасақталған суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Жаңа дата-орталықтағы жүйені Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықаралық серіктестермен бірге орнатып, пайдалануға берді.
Жаңа суперкомпьютер кластері FP8 форматында есептеу әдістемесі бойынша 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікті қамтамасыз ете алады. Есептеу қуаты жағынан Орталық Азия өңіріндегі ең үздігі саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютердің іске қосылуы еліміздегі негізгі салаларды цифрландыратын маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытуда айтарлықтай өркендеуіне ықпал етеді.
Суперкомпьютердің есептеу қуатын нейрожелі шешімдерін әзірлеумен айналысатын стартаптар, университеттер мен ғылыми орталықтар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар пайдалана алады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.07.2025, 17:22 18611
Мемлекет меншігіне 100 миллион теңгеге жер қайтарылды
Жерге жоғары сұраныс жағдайда Жетісу облысының Алакөл ауданында жер ресурстары тиімсіз пайдаланған, деп хабарлайды Жетісу облысының прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Қолданыстағы өкілеттіктерге қарамастан, жергілікті әкімдік уақытша жер пайдалану мерзімдері әлдеқашан өтіп кеткен жерлерді қайтару бойынша шараларын қолданбаған.
Прокурорлар анықтағандай, жалпы көлемі 1655 гектарды құрайтын осындай 14 жер телімі қайтарылуы керек еді.
Қадағалау актісімен жалпы кадастрлық құны 100 миллион теңгені құрайтын барлық телімдер мемлекеттік жер қорына қайтарылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.07.2025, 17:18 18851
Тоқаевқа Астананың энергетикалық инфрақұрылымының даму барысы туралы баяндалды
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке қаланың энергетикалық инфрақұрылымының даму барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Бүгінде үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін, қосымша қуаты сағатына 1100 Гкал болатын "Тұран" және "Оңтүстік-Шығыс" газ жылу стансаларын пайдалануға беру арқылы шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған. Биыл "Тұран" стансасының екінші кезегін толығымен аяқтау, сондай-ақ "Телман" стансасы мен екінші ЖЭО-ны кеңейту және "Оңтүстік-Батыс" газ жылу стансасын жобалау көзделіп отыр. Бұл жобалардың барлығын жүзеге асыру 2035 жылға дейін жоспарланған қосымша жылу энергиясын алуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа үшінші ЖЭО-ның екінші кезегі аясында бу-газ қондырғысын орнату жоспары көрсетілді.
Мемлекет басшысына үшінші ЖЭО-ның табиғи газбен жұмыс істеп, ең жоғары қуаты сағатына 440 Гкал өндіруге жететіні жөнінде баяндалды. Бұл жылу энергиясы шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінің сұранысын өтейді. Қазіргі уақытта үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін қосымша отын қорымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Президент Астананың энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңызына назар аударды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.07.2025, 11:05 19361
Тоқаев: су қауіпсіздігі мәселесі Қазақстанның тұрақты дамуының негізгі шарты болмақ
Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласының қызметкерлерін марапаттады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, су - бүкіл тіршіліктің көзі, әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты.
Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында. 2023 жылы халыққа Жолдауымда мен суды тиімді пайдалану жайына ерекше тоқталдым. Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда. Қазір осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент су саласында мықты мамандар әлі де жетіспейтінін атап өтті.
Былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң "Дипломмен - ауылға" бағдарламасы аясында жұмыс істей алады. Сондай-ақ 120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алуда. Су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Былтыр олардың жалақысы 25 пайызға өсті. Биыл да көбейеді. Бір сөзбен айтсақ, жүйелі жұмыс істеліп жатыр", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет екеніне тоқталып, соңғы жылдары осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын жеткізді.
Қала халқының және ауыл тұрғындарының көпшілігі таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Енді алдымызда тұрған шұғыл міндет - 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы. Әсіресе, ауыз суды тазалау мәселесін шешу қажет. Халқымыз "Судың да сұрауы бар" деп тегін айтпаған, әр тамшы судың қадірін білген. Суды тиімді пайдалану - өте өзекті мәселе. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың "Шыңырау" повесінде судың қасиеті, құдықшының еңбегі туралы терең ойлар айтылады. Қазір елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылды, яғни "аз пайдалансаң, аз төлейсің" деген қағида енгізілді. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде, атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейтін болды. Бүгінде 470 мың гектар жерде осындай озық технология іске қосылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Себебі, су үнемдеу - алдымызда тұрған аса маңызды стратегиялық міндет. Бұл мәселеге қатысты цифрландыру жұмысын жүргізу өте өзекті. Оны қарқынды түрде жүзеге асыру керек. Шындығын айтсақ, қазіргі жағдай жалпы мәз емес. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы аясында суды үнемдеу мәдениеті жан-жақты дәріптеліп жатыр. Еліміздегі 2 миллионнан астам оқушы "Суды үнемде - болашақты сақта!" атты ауқымды жобаға қатысты. Өскелең ұрпақ судың құндылығын білуі керек, оны ысырап етпеу туралы жастайынан түсініп өсуі қажет", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, су қауіпсіздігі Қазақстанның орнықты дамуына әсер ететін негізгі мәселеге айналды.
Біз осы себепті су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек. Аталған аса маңызды іске кадрларды даярлап, іріктеуіміз қажет. Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Сондай-ақ су қауіпсіздігі мен тұтас аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өзара міндеттемелерді сақтаған дұрыс. Көршілес елдермен конструктивті диалог және тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасады деп үміттенеміз. Қазақстан Орталық Азия елдерінің су-энергетика консорциумын құру бастамасын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Өңір елдерімен тығыз ықпалдастықтың арқасында былтыр диқандарымызға қажетті су толық жеткізілді. Биыл да осындай жұмыс атқарылуға тиіс. Әлемде суға сұраныс деңгейі 2040 жылға қарай 40 пайызға артуы мүмкін. Мұндай жағдайда бүкіл халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру маңызды. Сондықтан Қазақстан су дағдарысын еңсеруді көздейтін көпжақты бастамаларға белсенді қатысады. Былтыр Сауд Арабиясында өткен арнаулы саммитте су проблематикасын шешудің негізгі тәсілдерімен бөлістім. Келесі жылы елімізде БҰҰ аясындағы Өңірлік экология саммитін өткізу жоспарланып отыр. Осы тектес қадамдар еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді", - деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, су ресурстарын дамытуға үлес қосып келе жатқан сала қызметкерлеріне алғыс айтты.
Су экономикаға, экологияға, халықтың денсаулығына, жалпы, барлық салаға ерекше ықпал етеді. Сондықтан судың таза әрі қолжетімді болуы өте маңызды. Елімізде Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның арқасында қашқан теңіз қайта оралып, айдыны суға толып жатыр. Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Су, дұрыс пайдалана білсең - құт, ысырап етсең - жұт. Былтыр Қазақстанның бірнеше аймағы қарғын судан қатты зардап шекті. Мұндай жойқын табиғи апат елімізде бұрын-соңды болмаған. Күрделі кезеңде сіздер қайсарлық пен кәсібиліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Әр қызметкер күні-түні еңбек етіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысты. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
Былтыр "Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы бекітілді. Бүгін осы атақ бірқатар ардагерге берілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
09.07.2025, 09:58 19766
Су шаруашылығының сарапшылары климаттың өзгеруінің су шаруашылығы саласына әсерін талқылады
Астанада Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай "Климаттың су шаруашылығы саласына әсері" тақырыбында конференция өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.
Сарапшылар Қазақстандағы су тасқыны мен құрғақшылықты болжау, су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеудің цифрлық шешімдері, су заңнамасындағы климаттың өзгеруіне бейімделуді реттеу, климаттың өзгеруінің теріс әсерін болдырмау жөніндегі Парламент бастамалары сияқты мәселелерді талқылады.
Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне бейімделуге арналған кешенді шаралар әзірлеудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Осыған орай жаңа Су кодексі қабылданып, нормативтік-құқықтық база жаңартылды. Бұл құжатта климаттың өзгеруінің салдарын азайтуға бағытталған нормалар қарастырылған. Бұдан бөлек, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы аясында су инфрақұрылымын салу және реконструкциялау, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов су секторының климаттың өзгеруіне бейімделуі жолындағы халықаралық әріптестіктің рөлін ерекше атап өтті.
Салаға жауапты министрлік құрылған сәттен бастап, Қазақстанда су ресурстары саласындағы басым міндеттер мен қажеттіліктер жүйеленіп, нақты бағыттар айқындалды. Біз осы үдерістің бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. БҰҰДБ су үнемдеуді ынталандыру тетіктерін енгізу, су секторын ел ауқымындағы және су шаруашылығы бассейндеріндегі климаттың өзгеруіне бейімдеу жоспарларын әзірлеу, сондай-ақ экологиялық ағын принциптерін сақтау сияқты инновациялық тәсілдермен жаңа Су кодексі бойынша жұмысты қолдады",- деді Сухроб Ходжиматов.
Сондай-ақ конференция аясында Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстау рәсімі өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.07.2025, 17:55 45526
Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің директорын тағайындады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұржан Құсайыновты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің директоры етіп тағайындады, деп хабарлайды Аорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысының өкімімен Нұржан Маратұлы Құсайынов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің директоры лауазымына тағайындалды", деп көрсетілген өкім мәтінінде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
08.07.2025, 17:53 45746
Қазақстанда коммуналдық тарифтердің өсуі кейінге қалдырылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің реттелетін тарифтердің өсу қарқынын қайта қарау туралы қабылдаған шешімі аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті бұрын жоспарланған тарифтік өсімдердің бір бөлігі кейінгі мерзімдерге ауыстырылатынын хабарлайды.
2025 жылдың төртінші тоқсанында коммуналдық қызметтер бойынша реттелетін тарифтерге жаңа өсімдерді бекіту көзделмейді. Сонымен қатар, олардың өсу қарқынын төмендету жоспарланып отыр:
электр және жылумен жабдықтау бойынша - 35%-дан 20%-ға дейін;
сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау бойынша - 50%-дан 30%-ға дейін.
Тарифтердің өсуін тежеуге бұған дейін жоспарланған кейбір түзетулерді кейінге қалдыру, ұзақ мерзімді қаржыландыру тарту, табиғи монополия субъектілерінің операциялық шығындарын қайта қарау, сондай-ақ уақытша өтемдік тарифтер мен өткен жылыту маусымы үшін жылу энергиясына қайта есептеу қолдану арқылы қол жеткізу мүмкін болады.
Бастапқыда 2025 жылы тарифтердің өсуінің инфляцияға әсері 1,32 пайыздық тармақ деңгейінде болжанған болатын. Қабылданған өзгерістерге байланысты инфляциялық қысым 0,5 п. т. қысқарады және 0,82 п. т. құрайтын болады.
Қабылданған шаралар азаматтардың сатып алу қабілетін қолдауға, бағаға қатысты күтілімдерді тұрақтандыруға және инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта тарифтерді көтеру әлеуметтік сезімталдық пен мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарын ескере отырып, теңгерімді түрде жүзеге асырылатын болады.
Еске сала кетейік, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жаңа тарифтік саясатты іске асыру аясында коммуналдық қызметтерге тарифтерді кезең-кезеңімен арттыру көзделген болатын. Бұл шаралар желілерді жаңартуға инвестиция тарту, табиғи монополия субъектілері қызметкерлерінің жалақысын көтеру, сондай-ақ электр энергиясы, көмір және отын сияқты стратегиялық маңызды ресурстар бағасының өсуі жағдайында қарастырылған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
10.07.2025, 09:292025 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 323 мыңнан астам қызмет алды 10.07.2025, 09:24 3446"LiveGood" қаржы пирамидасын құру фактісі бойынша тергеуді аяқталды
03.07.2025, 13:43 135566"СҚ-Фармация" ЖШС жаңа Басқарма Төрағасы тағайындалды04.07.2025, 19:14 134576Мемлекет басшысы алдағы Ұлттық домбыра күнімен құттықтады04.07.2025, 19:03 134391Жол-құрылыс материалдары мен технологияларының бірыңғай базасы заңнама деңгейінде бекітілді03.07.2025, 18:14 128581Тоқаев транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін кеңейту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды03.07.2025, 18:11 126431Степногорск қаласының жылу желілерін реконструкциялауға Үкімет резервінен 2,7 млрд теңге бөлінді
03.07.2025, 13:43 135566"СҚ-Фармация" ЖШС жаңа Басқарма Төрағасы тағайындалды04.07.2025, 19:14 134576Мемлекет басшысы алдағы Ұлттық домбыра күнімен құттықтады04.07.2025, 19:03 134391Жол-құрылыс материалдары мен технологияларының бірыңғай базасы заңнама деңгейінде бекітілді03.07.2025, 18:14 128581Тоқаев транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін кеңейту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды13.06.2025, 15:35 1281462025 жылдың басынан бері 36 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды