07.03.2023, 15:07 30071

Қазақстандықтар үшін туристік кэшбек енгізу жоспарланып отыр

Қазақстандықтар үшін туристік кэшбек енгізу жоспарланып отыр
Сонымен қатар, Kids Go Free бағдарламасына қатысу үшін туроператорларға қойылатын талаптар жеңілдетілген

Астана. 7 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловты қабылдады. Министрліктің мәдениет, спорт және туризм индустриясын дамытуға бағытталған бастамалары таныстырылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Асхат Ораловтың айтуынша, туризм саласын дамыту мақсатында Kids Go Free бағдарламасына қатысу үшін туроператорларға қойылатын талаптар жеңілдетілген. Сондай-ақ қазақстандықтар үшін туристік кэшбек енгізу жоспарланып отыр.
 
Естеріңізге сала кетейік, Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы ведомство алқасы барысында 27 қаңтарда қазақстандықтар үшін туристік кэшбек енгізу жоспарлары туралы хабарлады. Бағдарлама жолдамалар ресми туристік агенттіктерден сатып алынған жағдайда азаматтарға тур құнының 20%-на дейін қайтаруға мүмкіндік береді. Демалушылармен қатар жергілікті туристік компаниялар да артықшылықтарға ие болады. Мысалы, жаңа бағыттарға (Абай, Ұлытау облыстары) шығындар сомасының 20% қайтарылатын болса, Алматы, Бурабай сияқты танымал және сүйікті бағыттарға кешбэк 10% құрайтын болады.
 
Сондай-ақ, ол осы жылы Kids go free бағдарламасы шеңберінде Қазақстан бойынша тегін әуе сапарын пайдалана алатын балалар саны 2 мыңға дейін артатынын айтты. 2022 жылы 1500 бала ұшақпен тегін ұшу мүмкіндігіне ие болды.
 

Бұл - отбасылық демалыс үшін қосымша мүмкіндіктер. Сонымен қатар, Kids go free бағдарламасы туроператорлар үшін қолжетімді болды. Балалар авиабилетін сатып алуды растау тізбесі кеңейтіліп, өтінімдер мен төлемдерді қарау мерзімі қысқартылды", - деді Асхат Оралов.


akorda.kz
 
Мемлекет басшысы ішкі және сыртқы туризмді одан әрі ынталандыру, инвестиция тарту шараларын қабылдауды тапсырды.
 
Президент бұқаралық спортқа қолдау көрсету және спорт инфрақұрылымын қолжетімді ету қажет екенін атап өтті.
 
Мемлекет басшысына Алматы облысында спортшыларды олимпиадаға даярлайтын Республикалық базаның құрылысы туралы баяндалды. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін жалпы 113 спорт нысаны салынады. Сонымен қатар министр Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы туралы айтты.
 
Бұдан бөлек, Президентке қазақстандық спортшылардың алдағы жазда өтетін Азия, Олимпиада ойындарына дайындығы және 2024 жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндалды.
 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін мәдениет және мұрағат ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен өседі.
 
Министрлік отандық авторлардың театрдағы қойылымдарының санын арттыруды және қазақстандық фильмдер түсіруді жоспарлап отыр. Биыл алғаш рет жас жазушылар мен ақындарға арналған әдеби сыйлық табысталады. Жеті республикалық мәдениет ұйымына "ұлттық" мәртебе беру мәселесі пысықталып жатыр.
 
Президент сондай-ақ әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мәдениетті дамыту үшін жағдай жасаудың және еліміздегі креативті индустриялар базасын қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны