20.03.2023, 18:06 67361

Қазақстан Президенті Ақпараттық доктринаны бекіту туралы Жарлыққа қол қойды

Қазақстан Президенті Ақпараттық доктринаны бекіту туралы Жарлыққа қол қойды
Сурет: Depositphotos
Доктринаның мақсаты елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігін қамтамасыз ету болып табылады

Астана. 20 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын бекіту туралы" Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 

Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасы бекітілсін", - делінген Жарлықта.

 
Жарлық мәтініне сәйкес, осы доктринаның мақсаты елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігін қамтамасыз ету, қазіргі заманғы үрдістер мен сын-қатерлерге жауап беретін, қоғамды топтастыруға және азаматтық бірдейлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық саясатты құру болып табылады.
 
Бұл ретте доктрина ақпараттық саланың барлық қатысушыларының мынадай негізгі өзара іс-қимыл қағидаттарын айқындайды:
 
сөз бостандығы. Доктрина қазақстандықтардың бірлігі мен топтасуының негізгі факторы ретінде сөз бостандығы мен пікір алуандылығын қорғау қағидатын ұстанады;
 
ақпаратқа қол жеткізу. Доктрина әрбір азаматтың мемлекет кепілдік берген және Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында бекітілген ақпаратты заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату құқығынан туындайды;
 
дамуға бағдар. Доктринаның негізгі міндеттерінің бірі бүкіл ақпараттық кеңістіктің үздіксіз дамуы мен сапалы өсуіне жағдай жасау, сондай-ақ отандық медиа өнімдерінің бәсекеге қабілетті болуы мен азаматтар арасында сұранысқа ие болуын арттыру болып табылады;
 
сенім және құпиялылық. Ақпаратты трансляциялайтын медиалық процеске қатысушылар, оның ішінде БАҚ бұрмалау және манипуляция жасау элементтерінсіз объективті және анық ақпарат беруге мүдделі болуға тиіс. Барлық шаралар коммуникативтік процестің барлық қатысушылары арасында сенім деңгейін арттыруға бағытталуға тиіс. Бұл ретте доктрина әркімнің жеке өміріне қол сұғылмаушылық жеке және отбасылық құпия, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау құқығын қолдайды;
 
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ұлттық ақпараттық кеңістікті дамыту және бәсекеге қабілетті отандық медиасаланы қалыптастыру сыртқы сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мен олардың салдарын төмендетудің шешуші факторы, сондай-ақ саланың орнықты дамуының базалық шарты болуға тиіс.
 
Осы доктрина қазіргі заманғы мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру философиясы мен рухын көрсететін тұжырымдамалық құжат болып табылады.
 
Доктринаны іске асыру құжатта баяндалған көптеген проблемаларды шешуге, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға және осы жоғары серпінді салада жүйелік саясатты жолға қоюға мүмкіндік береді.
 
Доктринада мәлімделген ақпараттық саладағы қоғамдық қатынастардың барлық субъектілерінің негізгі өзара іс-қимыл қағидаттарының сақталуы елдің медиасаласын жаңа сапалық, бәсекеге қабілетті даму деңгейіне шығарады.
 
Доктринаны іске асырудың қорытындысы әлемдік медиа нарығының органикалық және тең дәрежелі бөлігі ретінде отандық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру болуға тиіс.
 
Азаматтық қоғам институттарын, БАҚ пен Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің басқа да субъектілерін белсенді түрде тарту доктринаның мақсаттарына қол жеткізу мен міндеттерін іске асыруға ықпал ететін болады. Қоғамдық институттардың саналы және жауапты қолдауы болмаса, толыққанды ақпараттық егемендікті қамтамасыз ету мүмкін емес.
 
Қоғамды топтастыруға және азаматтық бірдейлікті нығайтуға ықпал ете отырып, ұзақ мерзімді перспективада ақпараттық саясаттың векторы мен мазмұнын айқындайтын негізгі алынатын құндылықтар осы доктринаның маңызды құрамдас бөліктері болып табылады.
 
Доктрина жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдың мемлекеттік тетігін жетілдіруге, ақпараттық процестің барлық қатысушылары арасында тиімді коммуникациялар жүйесін құруға мүмкіндік береді, Әділетті Қазақстанды құру бағыты аясында ақпараттық саланың міндеттерін шешуге ықпал ететін болады.
 
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айының ортасында Қазақстанда ақпараттық кеңістікті сыртқы әсерлерден қорғау доктринасы әзірленгені белгілі болды.
 
Жарлық жобасында доктрина қоғамның мүдделеріне жауап беретін және мемлекеттің одан әрі дамуына ықпал ететін идеялық-құндылық көзқарастарын айқындайтын, ақпараттық-коммуникациялық салада мемлекеттік саясатты қалыптастыратын және қоғамдық қатынастарды дамытатын болады деп атап өтілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны