28.03.2023, 11:57 14586

Тоқаев Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімнің жобасына қол қойды

Қордың мақсаты ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесу болып табылады
Тоқаев Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімнің жобасына қол қойды
Сурет: akorda.kz
Астана. 28 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімнің жобасына қол қойды, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

Қордың мақсаты өңірішілік сауданы кеңейту және экономикалық қызметті қолдау арқылы ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің (Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркия Республикасы және Өзбекстан Республикасы) экономикалық дамуына жәрдемдесу болып табылады.

Қор өз мақсатына жету үшін инвестициялық қызмет арқылы мынадай функциялар мен өкілеттіктерді орындайды:

  1. өңірішілік сауданы дамытуға көмек көрсету;

  1. жобаларды, атап айтқанда, микро-, шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру;

  1. халықаралық және ұлттық қаржы институттарымен және даму институттарымен, сондай-ақ сауда палаталарымен және жекеше ұйымдармен ынтымақтасу және бірлесіп қаржыландыру;

  1. көліктік және логистикалық тізбектерді, қоймалық және өндірістік қуаттарды кеңейтуді қолдау;

  1. мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қоса алғанда, физикалық және цифрлық инфрақұрылым жасауды және оны жаңғыртуды қолдау;

  1. өнеркәсіп өндірісін, инфрақұрылымды, көлікті, ауыл шаруашылығын, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және туризмді қоса алғанда, өзара мүдделі салаларда даму жобаларын қолдау;

  1. энергия тиімділігіне, жаңартылатын энергия көздеріне және қоршаған ортаны қорғауға инвестиция салу арқылы "жасыл экономиканы" дамытуға ықпал ететін жобаларды қаржыландыру;

  1. егер бұл қажет деп табылса, инвестициялық жобаларды дайындауға көмек және қаржылық қолдау көрсету;

  1. Қордың мақсатына қол жеткізуге ықпал етуі ықтимал қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асыру және басқа да көрсетілетін қызметтерді ұсыну.

Қордың жарғылық капиталы бес жүз миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы номиналды құны үш жүз елу миллион долларды құрайтын акциялар төленген акциялар болып табылады, ал жалпы номиналды құны бір жүз елу миллион долларды құрайтын акциялар тартылатын акциялар болып табылады.

Құрылтайшы мүшелер Қордың жарғылық капиталының үлестеріне теңдей жазылады. Әрбір мүше ұлықтау отырысынан кейін 90 күн ішінде өзінің төленген акцияларына қатысты бастапқы төлемді енгізеді. Мұндай сома Қор шотының есебіне жатқызылады. Жазылымның қалған сомасы осы Келісімнің 2-қосымшасына сәйкес бастапқы төлем күнінің әрбір келесі жылына 3 (үш) жыл сайынғы төлеммен төленуге жатады. Төлемдер АҚШ долларымен жүргізіледі.

Құжаттың толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.

Түркі инвестициялық қорын құру өзара мүдделі салалардағы даму жобаларын қолдауда цифрлық инфрақұрылым, өнеркәсіптік өндіріс, инфрақұрылым, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жасыл экономика, туризмді қоса алғанда, өңірішілік сауданы дамытуға, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға, көліктік-логистикалық тізбектерді, сақтау және өндірістік қуаттарды кеңейтуге қолдау көрсетуге, физикалық және өндірістік қорларды құруға және жаңғыртуға ықпал етеді, делінген құжатқа түсіндірме жазбада.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны