07.04.2023, 19:13 38346

Алматы облысына дизель отынының қосымша көлемі жіберіледі

Алматы облысына дизель отынының қосымша көлемі жіберіледі
7 сәуірдегі жағдай бойынша өңір бойынша дизель отынының қоры 11 мың тоннадан асады

Қонаев. 7 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Энергетика министрлігі "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ, "Petrosun" АҚ, АЖҚС ірі желілері ("Helios", "Газпромнефть-Қазақстан", "PetroRetail" және "Sinooil") өкілдерінің қатысуымен Алматы облысын жанар-жағармай материалдарымен іркіліссіз қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

7 сәуірдегі жағдай бойынша Алматы облысы бойынша дизель отынының қоры 11 мың тоннадан асады. АЖҚС желілерінің өкілдері атап өткендей, оларда бар дизель отынының қоры халықты іркіліссіз қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

Сонымен қатар АЖҚС желілерінің ақпараты бойынша дизель отынына сұраныстың артуы байқалады (30%-дан астам), соның салдарынан кейбір жанармай құю бекеттерінде отынның тәуліктік көлемі тез таусылуда. Шымкент МӨЗ жөндеуге тоқтауына байланысты өңірге мұнай өнімдерін жеткізу бойынша шектеулер болды.

Сондықтан желілер басшылығы отынды көп тұтынатын аудандарға тиеп-жөнелтуді арттыру туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар Атырау МӨЗ және Павлодар МГХЗ-дан 5000 тонна отын жолда бара жатыр. ҚТЖ ЖЖМ-ды уақтылы тасымалдауды қамтамасыз етеді.

7 сәуірде мұнай өнімдерін өндіру басталған Шымкент МӨЗ-де жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды. Өнімнің бірінші партиясы демалыс күндері жөнелтіледі деп жоспарлануда. Бұл ретте Алматы облысын қоса алғанда, оңтүстік өңірлерге бірінші кезекте жөнелту қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосымша 3 мың тонна дизель отыны бөлінетін болады.

Бұған дейін жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын болдырмау үшін өңірлердегі мұнай базалары тексерілетіні хабарланған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда дизель мен бензиннің шекті бағасын көтеру көзделген. Премьер-министр бұл шара елдегі отын тапшылығын болдырмау үшін енгізіліп жатқанын түсіндірді.

2023 жылдың 31 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының аумағынан жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 288 фактісі тоқтатылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны