08.04.2025, 15:34 56091

Алматы облысында 17 мың гектарға пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылды

Алматы облысында 17 мың гектарға пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылды
Алматы облысында 16 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.

Алматы облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және оларды мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы облыстық Жер қатынастары басқармасында хабарлады.

Басқарма деректеріне сәйкес, биылғы жылдың басынан бері нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 50 083 гектарды құрайтын 446 жер учаскесі анықталды. Аудандар мен қалалардың әкімдіктерімен салық жүктемесін одан әрі күшейту және жер заңнамасына сәйкес қайтару рәсімдерін жүргізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда 8 214 гектарды құрайтын 71 жер учаскесі бойынша материалдар Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, 23 747 гектар аумақтағы 37 жер учаскесі бойынша талап-арыздар сот қарауында, ал жалпы көлемі 2 486,0 гектар болатын учаскелер бойынша сот шешімі шығып, мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жыл басынан бері ерікті түрде мемлекет меншігіне 14 481,32 гектар жер қайтарылды. Ең көп қайтарылған аумақтар Жамбыл (3 119,0 га), Балқаш (7 961,87 га) және Кеген (1 893,0 га) аудандарына тиесілі. Жалпы алғанда, 2025 жылдың басынан бері мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемі 16 967 гектарды құрады.

Сонымен қатар, жалға алу шарттарының орындалуына бақылау күшейтілді. Жалпы көлемі 30 827,87 гектарды құрайтын 216 жер пайдаланушыға шарт талаптарын бұзғаны үшін ескерту жіберілді. Талаптар орындалмаған жағдайда материалдар сот органдарына жолданады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны