11.04.2024, 19:56 78146

Алматыда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинау жалғасып жатыр

Алматы қаласы Алмалы комьюнити орталығында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинау пункті жұмысын жалғастырып отыр. Бұл пунктте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова болды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында Әсем Нүсіпова барша еріктіге қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созғаны үшін алғыс білдірді. Әкімнің орынбасары зардап шеккен отбасылар мен аймақтарға қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай - "Біздің күшіміз - бірлікте". Еліміз осы күндері ауыр сынақты бастан өткеріп жатыр. Дәл осы сәтте бірлігіміз бен елдігімізді көрсететін уақыт келді. Елдегі болып жатқан бұл табиғаттың тосын мінезіне қатысты мемлекет тарапынан, Президентіміз тарапынан барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр. Осы ретте су басқан аймақтарға гуманитарлық көмек жинап, үйлестіріп жатқан әрбір жанға алғыс білдіремін", - деді Әсем Нүсіпова.


Еріктілер өз кезегінде гуманитарлық көмекті тиімді ұйымдастыруға бағытталған бастамасы мен идеясымен бөлісті. Сонымен қатар, гуманитарлық көмекті жинау және тарату бойынша қаламызда тағы қабылдау пунктін ашу бойынша жоспарлар талқыланды.

 Бүгінде Алматыдан су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді. Оның ішінде 12 тонна азық-түлік, 10 тоннаға жуық киім-кешек, 7,2 тонна гигиеналық құралдар, 2 тоннадан астам тұрмыстық заттар, 200 келіден астам дәрі-дәрмек және т.б бар.

Айта кету керек, гуманитарлық көмек жиналып жатқан бұл жастар комьюнити орталығы Алматының әр ауданында ашылған 8 комьюнити орталықтың бірі. Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында әр ауданда екіден, яғни барлығы 16 орталық ашылады.

Әрбір комьюнити орталық креативті қоғамдық кеңістіктен тұрады. Мұнда жастарды қолдауға қажеттінің бәрі бар: бұл әртүрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша кеңес беру, психологиялық және заңгерлік көмек, NEET жастарын қысқа мерзімді курстар арқылы сұранысқа ие мамандықтарға оқыту және жұмысқа орналастыру.

Гуманитарлық көмек мына мекенжай бойынша қабылданады: Байтұрсынова көшесі, 22к1 Қабылдау уақыты: 10:00-ден 19:00-ге дейін

Кез келген адам Алмалы ауданындағы комьюнити орталыққа хабарласып, қажетті заттарды тапсыра алады! Байланыс нөмірлері: +7 747 821 64 78; 7 747 540 01 40
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны