06.03.2025, 17:04 136211
Қайтарылған активтердің 4 млрд теңгеден астамы Қызылорда облысындағы сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын аяқтауға бөлінді
Қызылорда облысының Арал ауданында сумен жабдықтау жүйесін салуға және жаңғыртуға Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 4,2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
3 мыңнан астам халқы бар Тоқабай және Абай ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Арал-Тоқабай-Абай магистралі тармағының құрылысы жүргізілуде. Жобаның іске асырылуы 2021 жылы басталған. Оны аяқтау үшін қосымша 3,7 млрд теңге қажет. Қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Нысанды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Шамамен 400 тұрғыны бар Ақбасты ауылында Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Қосман-Ақбасты магистралі тармағының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның құны - шамамен 2,4 млрд теңге, оның 1,8 млрд теңгесі игерілген. Қалған 524 млн теңгесі Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді. Нысанды биыл іске қосу жоспарлануда.
Осы жобаларды іске асыру сапалы суға тікелей қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын едәуір жақсартуға жағдай туғызады.
Сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңғырту Үкімет жұмысының маңызды басым міндеттерінің бірі болып саналатынын атап өту қажет. Іс-шаралар Мемлекет басшысының қалалар мен ауылдарды ауыз сумен 100% қамту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жүргізілуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
05.06.2025, 18:21 1046
Астанада заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылып жатыр
Астанада заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылып жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Астананың Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қалалық прокуратураның үйлестіруімен бірлесіп, елорда аумағында көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің өз бетінше салыну фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазіргі уақытта басқарма мен Нұра ауданының әкімдігі бірлесіп, "Mardan" тұрғын үй кешенінің (құрылысты жүргізуші - "Asyl-Nur Qurylys" ЖШС) құрылысы бойынша заң бұзушылықты анықтады. Тексеру нәтижесінде құрылыс-монтаж жұмысы Қазақстан Республикасының "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңына сәйкес қажетті рұқсат құжаттарынсыз басталғаны белгілі болды.
Құрылыс салушыға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда бұл талап орындалмағандықтан, сот құрылыс салушыны өз бетінше салынған нысанды бұзуға міндеттеді. Заңды күшіне енген сот шешімін орындау аясында Астана қаласы әділет департаменті нысанды мәжбүрлеп бұзу жұмысын жүргізіп жатыр.
Осыған дейін осындай жолмен "Inter Stroy Astana" ЖШС салған "QURMANGAZY" тұрғын үй кешені де заңсыз салынғаны үшін бұзылған болатын.
Айта кетейік, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ жасанды интеллект негізіндегі (AI-чат-бот) үлескерлерді қолдау бойынша онлайн-орталықты іске қосты. Чат-бот тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша азаматтарға кеңес береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2025, 17:47 2191
Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысымен танысты
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылық құрамымен жиын өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барып, жедел-техникалық бөлімшелердің жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысына киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері, үкіметтік және қызметтік байланысты дамыту жобалары көрсетілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамаларды тыңдап, ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатерді тойтару және еліміздің маңызды инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
Жиын соңында Президент аталған бағыттағы іс-қимылды жетілдіру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2025, 17:22 2436
Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласында сатып алу платформасы іске қосылды
2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда "Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі" мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жаңғыртылған Tizilim ақпараттық жүйесі іске қосылады. Аталмыш жүйе жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық сатып алуларды жүргізуге арналған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бүгінгі таңда Tizilim мемлекеттік техникалық сынақтардан өтіп, өндірістік пайдалануға енгізудің соңғы кезеңінде тұр. Сонымен қатар, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуымен белсенді түрде тестілеу жүргізілуде.
Платформаның жаңартылған нұсқасымен және бизнес-процестермен танысу, сондай-ақ пайдаланушылардың пікірлерін жинау мақсатында келесі сілтеме арқылы тестілеуге қатысуға шақырамыз: https://tz.qazindustry.gov.kz/ru/auth/login. Аталмыш стенд тестілік режимде жұмыс істейтінін және барлық әрекеттер тек демонстрациялық мақсатта жүргізілетініне назарларыңызды аударамыз.
Сондай-ақ, барлық жер қойнауын пайдаланушылар мен жеткізушілерді https://tizilim.gov.kz/auth/login сілтемесі арқылы Tzilim жүйесіне тіркелуді сұраймыз.
Қосымша сұрақтар бойынша 1465 нөмірі арқылы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.06.2025, 10:29 7141
Денсаулық сақтау министрлігі Жеке емшара кабинеттерін бақылауды күшейтеді
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Жеке емшара кабинеттерінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтеді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Биылғы жылдың басынан бері Жамбыл облысында медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзған медициналық ұйымдарда екі адам қайтыс болғанын естеріңізге сала кетейік.
ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осы мекемелерді тексеру кезінде елеулі бұзушылықтарды, оның ішінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін лицензиялар мен шарттардың жоқтығын, дәрі-дәрмектерді сақтау қағидаларын сақтамауды анықтады.
Өңірде қоғамдық мониторингтік топтар құрылды. Жүргізілген тексерулерден кейін олар медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзатын 133 емшара кабинетін анықтады.
Жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 14 емшара кабинетіне жалпы сомасы 2,1 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды, 51 кабинет өз еркімен жұмысын тоқтатты, 68 мекемеде тексерулер жалғасуда", - деп хабарлады МФБК Жамбыл облысы бойынша департаментінде.
Осыған ұқсас жұмыс Қазақстанның басқа өңірлерінде де жүргізілетін болады.
Жоспардан тыс тексерулер азаматтардың ресми өтініштері, әкімдіктердің, Денсаулық сақтау басқармаларының, құқық қорғау органдарының тапсырмаларының негізінде ғана жүргізілуі мүмкін екенін айта кеткен жөн.
Денсаулық сақтау министрлігі тек лицензияланған медициналық ұйымдарға жүгінуді, персоналдың біліктілігіне және медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензияның болуына қызығушылық танытуды, дәрігерлік бақылаусыз үйде емшаралар жүргізбеуді ұсынады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.06.2025, 15:26 18746
Қазақстан мал шаруашылығында толық өндірістік тізбек қалыптастыруда
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен мал шаруашылығын кешенді дамытуға арналған кеңес өтті. Жиында жеңілдікпен қаржыландыру, импортты алмастыру және ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, етті мал шаруашылығында асыл тұқымды түрлендіруді қолдау мақсатында жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жаңа жеңілдетілген несиелік өнімі әзірленді. Бұл фермерлерге өнімділікті, ет сапасын және төл алу көрсеткішін арттыру үшін аса маңызды асыл тұқымды аналық мал сатып алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ осыған ұқсас шарттармен ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарына айналым қаражатын толықтыру үшін несиелік өнім ұсынылды. Негізгі талаптардың бірі - ірі қара малдың кемінде 70%-ын отандық ет комбинаттарына өткізу және өңдеуші кәсіпорындардың терең өңдеу желісі болуы.
Әкімдіктер, "Атамекен" ҰКП және ветеринариялық қызметпен бірлесіп, жүргізілген комиссиялық тексерудің нәтижесінде, 128 бордақылау алаңының ішінен 28-і (жалпы сыйымдылығы 148 мың бастан аса), ал, 36 ет комбинатының ішінен 24-і талаптарға сай деп танылды.
Осылайша, шаруашылықтан бастап, бордақылау алаңдарына, одан әрі ет комбинаттары мен экспорттық нарықтарға дейінгі өндірістік тізбек қалыптасуда. Әрбір кезеңде айналым қаражатының қолжетімді болуы жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге мүмкіндік береді", - деді Аманғали Бердалин.
2025 жылға аустралиялық тәжірибені етті мал шаруашылығына енгізудің басым 10 жобасы айқындалды. Жобалардың жалпы құны - 27,4 млрд теңге. Алдын ала есептеу бойынша, бұл жобалар 50 мың тоннаға дейін ет экспорттап, 500 млрд теңге көлемінде табыс әкелмек.
Сүт бағытын дамыту - басым бағыттардың бірі. 2023 жылы 69 тауарлы сүт фермасын салуға 100 млрд теңге бөлінді. Олардың күтілетін өндірістік көлемі - 423,7 мың тонна сүт. Қазіргі таңда 39 ферма пайдалануға берілді, қалған 30-ы жыл соңына дейін аяқталады.
Елімізде мал ауруларының алдын алу шаралары нәтижесінде, 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда эпизоотиялық жағдайлар (бруцеллез, құтыру, қарасан, күйдіргі бойынша) 68,1%-ға төмендеді. Жалпы соңғы үш жылда мал аурулары 49,1%-ға азайды.
Ветеринариялық жұмыстың тиімділігі қазақстандық өнімнің экспортына бірқатар шектеуді жоюға мүмкіндік берді:
Қытай - құс тұмауы мен аусыл бойынша тыйымды алып тастады;
Ресей - оңтүстік-шығыс аймақ бойынша аусылға байланысты шектеуді жойды;
ЕО - 1,5 жылдық келіссөздерден кейін бал экспортына рұқсат берді;
Иранға тері, Грузияға тірі ІҚМ және ҰҚМ экспорты ашылды, Қытаймен құс еті бойынша хаттамаға қол қойылды.
Мамыр айында Қазақстан ветеринариялық сертификаттарға қол қойды:
Грузиямен - сойылған ІҚМ және ҰҚМ бойынша;
Иранмен - тұяқты жануарлардың жүні бойынша.
2026 жылы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы тарапынан Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық аймақтарын аусылдан таза аймақ ретінде мойындау мақсатында аудит күтілуде. Осыған байланысты барлық өңір әкімдіктері ветеринариялық нысандардың материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттарға сай деңгейге жеткізуі қажет", - деп атап өтті Бердалин.
Экспорт географиясын кеңейту жұмыстары жалғасуда - Қытаймен (ІҚМ терісі бойынша), Түркиямен (ет бойынша), Ауғанстан және Пәкістанмен (ет және сүт өнімдері бойынша) келіссөздер жүргізілуде.
Серік Жұманғарин жеңілдетілген несиеге үміткер барлық жобаны белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мұқият талдауды тапсырды. Сонымен қатар шұжық өнімдері, ірімшіктер, қышқыл сүт өнімдері сияқты импортқа тәуелді тауарларға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.06.2025, 14:05 27951
Мемлекеттік рәміздер - Қазақстан Тәуелсіздігінің атрибуттары - Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы "Атамекен" этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Ұлт рәміздері - Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран - мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз "Туыңды тік ұста!" деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу - баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз - Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау - қасиетті борыш", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.
Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер - ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады.
Бұл - нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары - халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі", - деді Мемлекет басшысы.
Президент биыл мемлекеттілігіміздің берік тірегі - Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды.
Негізгі заң біздің қоғам арқа сүйейтін басты қағидаттардан тұрады. Конституция арқылы заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етіп, ауқымды өзгерістерді кезең-кезеңімен қолға алып жатырмыз. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрқайсысымыз үлес қосып келеміз. Бізді көк паспортымыз, реформалардың жасампаз қуатына деген ортақ мақсат пен мызғымас сенім біріктіреді. Қазақта "Туы бірдің - түбі бір, жолы бірдің - жүгі бір" деген сөз бар. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері көк байрақтың астында тұтасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біздің мүддеміз де, жолымыз да, мұратымыз да - ортақ. Бұл - Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру. Осы береке-бірлігімізді сақтап, нығайта берсек, кез келген биікті бағындырамыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Содан кейін Президент оқуын үздік бітірген курсанттарға ту түбінде шен тапсыру жақсы дәстүрге айналғанын айта келіп, жас сарбаздарға сөз арнады.
Көк байрақ жауынгерлерге айрықша күш-жігер береді, отаншылдық рухын көтереді. Осындай сәттерде әр азамат туған елге қызмет ету перзенттік парызы екенін терең ұғынады. "Тұлпар мініп, ту алған" жаужүрек батырлардың ұрпағы екенін сезінеді. Отан күзетінде тұрған ұландарымызды баһадүр бабалардың бүгінгі ізбасары деуге болады. Қастерлі Туымызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін!
Байрағымыз биікте желбіресін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", - деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты рәсімде Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты оқу орындарының 14 үздік түлегі Қазақстан Республикасы Президентінің - Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.
Іс-шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.
Ту көтеру рәсіміне мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, "Халық қаһарманы" және "Қазақстанның Еңбек Ері" атағының иегерлері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыстары қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.06.2025, 09:32 29266
Қазақстанға Чехия мен Венгриядан Пржевальский жылқылары келді
2025 жылы 3 маусымда Қазақстанға жаңа керқұландар тобы әкелінді. Бұл - "Жабайы жылқылардың оралуы" жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметінен.
Жаңа керқұландар тобы Прага зоопаркі мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. 2 маусым күні жеті жылқы тиелген екі әскери ұшақ Чехия мен Мажарстан елдерінен ұшып шықты. Жануарлар бір тәуліктей алыс жол асырды. 3 маусым күні таң ата екі ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонып, жануарлар "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығына тағы 5 сағат жол жүрді. Олар осындағы кең қашаларда бір жыл ұсталады да, кейін жабайы табиғатқа жіберіледі. Орталықта жылқыларды жайғастыратын қажетті инфрақұрылым мен күтіп қарайтын мамандар бар.
Қазақстандағы биоәралуандықты сақтау жұмысының жетекші органы ретінде табиғатымызды қалпына келтірудегі осындай маңызды кезеңді басқару - біз үшін асқан құрмет. Бір жылдық жұмыстың керемет нәтижесі - екінші топ керқұландар аман-есен келіп жетті, ал бірінші топ әбден көндігіп, "Алтын Дала" мемлекеттік резерватының инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат тіршілігіне толық дайын", - дейді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Осымен Прага зоопаркінің Чехия әскерімен серіктестікте керқұландарды Орталық Еуропадан Қазақстанға екінші рет тасымалдауы. Еуропалық зоопаркілер мен асыл тұқымдыларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады. Тіршілікке бейімді әрі генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, алдағы жылдары осы күрделі жобаны жалғастыруға барынша тырысамыз", - дейді Прага зоопаркінің директоры Мирослав Бобек.
Керқұлан (Кертағы) - әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай жабайы табиғаттан құрып кетті. Содан бері түрді қалпына келтіру бағдарламаларына зоопаркілерде сақталған бүкіл керқұланның үлесі тиді. Қазақстанда жабайы жылқыларды қалпына келтіру жобасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен, АСБК-мен, Франкфурт зоология қоғамымен, Нюрнберг зоопаркімен, Берлин зоопаркі және Берлин жануарлар паркі бірлескен Tierpark Берлинмен, Hortobágy ұлттық паркімен серіктестікте 2024 жылы басталды. Жабайы жылқыларды Қазақстанға қайта жерсіндіру жұмысы бұдан бұрын жануарлардың Прага зоопаркінен Моңғолиядағы мекеніне сәтті қайтарылған тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.06.2025, 14:47 60786
Мемлекет басшысына әлеуметтік даму, еңбек қатынастары салаларының қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспары жөнінде баяндалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысына әлеуметтік даму, еңбек қатынастары салаларының қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспары жөнінде баяндалды.
Светлана Жақыпова биылғы 1 мамырға дейін 157,8 мың адамды еңбекпен қамту шаралары жүргізілгенін жеткізді. Олардың ішінде 143,2 мың азамат жұмысқа орналастырылған. Жыл басынан бері 232 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.
Президентке еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек құқығын қорғау бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат берілді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде өндірістік жарақат алу көрсеткіші биылғы І тоқсанда 17 пайызға төмендеді, ал өлімге әкеп соғатын қайғылы оқиғалар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға азайды. Бұдан бөлек, кәсіптік тәуекелдерді анықтау, бағалау және алдын алу, сондай-ақ еңбек қатынастарын декларациялау тетіктерінің автоматтандырылған жүйесі енгізіліп жатыр.
Светлана Жақыпова Жобалардың инновациялық навигаторын енгізу жөнінде айтты. Бұл мемлекеттік инвестицияның тиімділігін арттыру және жұмыс орындарын сапалы түрде жоспарлау үшін әзірленді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік қолдау көрсету үдерісін цифрландыру жұмыстары таныстырылды. Атап айтқанда, министр әлеуметтік-экономикалық орнықтылық пен осал отбасыны бағалауға арналған скорингті моделді қолдану тұжырымдамасын ұсынды. Бұл жобаны енгізу қаражатты шын мұқтаж жандардың пайдасына қайта бөлуге және қолдау шараларының нақты иесіне жетуіне мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдіруге, атаулы көмектің тиімділігін арттыруға, жұмыспен қамту шараларын кеңейтуге, еңбек және әлеуметтік салаларды цифрландыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
05.06.2025, 10:29Денсаулық сақтау министрлігі Жеке емшара кабинеттерін бақылауды күшейтеді 05.06.2025, 09:33 5241Шетелге стратегиялық маңызды шикізатты заңсыз әкету әрекеттері тоқтатылды05.06.2025, 17:22 2391Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласында сатып алу платформасы іске қосылды05.06.2025, 17:47 2146Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысымен танысты05.06.2025, 17:14 2101Қазақстан Бахрейнге әуе қатынасы ашты
29.05.2025, 14:34 106546Жазда теміржол көлігімен 7 млн жолаушыны тасымалдау көзделіп отыр29.05.2025, 14:28 106441Алматы әкімі жылыту маусымына инженерлік инфрақұрылымды дайындау барысымен танысты29.05.2025, 14:22 98901Қазақстанда егіс науқаны жалғасуда - ауыл шаруашылығы жерлерінің 72,4%-ы егілді29.05.2025, 13:19 91871Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек29.05.2025, 09:35 88266Алакөлге кезекті субсидияланатын әуе рейсі ашылады
06.05.2025, 15:47 163616Астанада 7 және 9 мамыр мерекелеріне орай қандай іс-шаралар өтеді?06.05.2025, 18:37 163386Алматыда биыл 800 экологиялық автобус сатып алынады08.05.2025, 14:24 150996Қазақстан Алматы-Қорғас автожолы туралы іс бойынша халықаралық сотта жеңіске жетті08.05.2025, 18:58 149466"Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинмен кездесті08.05.2025, 14:09 147661Ұлттық Банк Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мерейтойлық банкнот шығарады