30.08.2021, 18:17 7060

Қазақстан Конституция күнін атап өтуде

НҰР-СҰЛТАН. 30 ТАМЫЗ - Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Құрметті отандастар! Сіздерді Конституция күнімен құттықтаймын! Атазаңымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі. Конституция мемлекетіміздің заң жүзінде және саяси тұрғыдан демократия қағидаттары мен заң үстемдігін ұстанатынын айғақтайды. Сондай-ақ ұзақ мерзімді даму бағдарымызды айқындайды", - делінген құттықтауда.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей атсалысуымен әзірленген еліміздің бас құжаты әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріміздің және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы ауқымды реформаларымыздың берік тұғыры болып саналатынын атап өтті. Конституциямыздың ұлағатты ұстанымдары экономикалық дағдарыстарды батыл еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басуымызға жол ашады. 
 

Біз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін мызғымас құндылықтарға сүйене отырып, әділ мемлекет құрамыз. Басты мақсатымыз – халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Атазаңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез-келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Тәуелсіздік рухы әрбір жолында көрініс тапқан Конституциямызға құрмет халқымызға тән отаншылдықтың арқауына айналып отыр", - деп атап өтті Президент.

 
Ол барлық отандастарына зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тіледі!
 
Естеріңізге сала кетейік: Қазақстан Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны