29.03.2023, 11:02 20906

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жәрдемақылар 14,5%-ға өседі

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жәрдемақылар 14,5%-ға өседі
Елімізде "Қазақстанның халық әртісі" атағы қалпына келтіріледі

Астана. 29 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясы барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және спорт мәселелерін қозғады, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ.

akorda.kz

Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет", - деп тапсырды Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ, Президент зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек екенін айтты. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн. Бұл ретте еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды.

Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек. Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады деп сенемін", - деді Тоқаев.


akorda.kz

Сонымен бірге, Президент өз сөзінде денсаулық сақтау саласының бүгінгі жай-күйі көптеген сын тудыратынын атап өтті.

Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды. Бұл құжатта, негізінен, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру ғана көзделген", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын айта отырып, азаматтар үшін қарапайым әрі қолжетімді спорт нысандарының тапшылығын атап өтті.

Оның айтуынша, спорт ғимараттарының басым бөлігі мемлекет меншігінде. Оларды күтіп ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажет. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану керек.

akorda.kz

Президенттің айтуынша, тағы бір маңызды мәселе бар. Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенеді Тоқаев.

Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету өте маңызды", - деді Тоқаев.


Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстанның халық әртісі" атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.

Биыл қазан айында - Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады", - деп қосты ол.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны