14.01.2023, 09:39 41976

Қазақстанда Сенатқа сайлау өтіп жатыр

Қазақстанда Сенатқа сайлау өтіп жатыр
Сурет: senate.parlam.kz
Сайлау бюллетеньдеріне 55 кандидат енгізілді, олардың тек 20-сы ғана палатаға түседі

Астана. 14 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Бүгін, 2023 жылғы 14 қантарда елдің барлық облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 20 депутатының сайлауы өтуде, деп хабарлайды ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.
 
Парламент Сенатының депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдаушылар - мәслихаттардың депутаттары болып табылатын Республика азаматтары сайлайды. Сенат депутаттарының сайлауы еліміздің барлық өңірлерінде (астана уақыты бойынша) сағат 11.00-де басталатын таңдаушылардың бірлескен отырыстарында өткізіледі.
 
ҚР ОСК мәліметтері бойынша, Парламент Сенатындағы 20 орынға 55 кандидат үміткер болып отыр (тіркеуден кейін 11 кандидат өз кандидатурасын қайтарып алу туралы өтініш берді).
 
Алматы қаласында 4 кандидат, 6 өңірде 2 кандидат: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында. Қалған өңірлерде және Астана, Шымкент қалаларында - 3 кандидаттан.
 
Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3 167 мәслихат депутаты енгізілген.
 
30 жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам Сенат депутат бола алады. Сенаторлар алты жылға сайланады, оның жартысы үш жылда бір рет қайта сайланады.
 
Кандидаттарды ұсыну 2022 жылғы 29 қарашада басталып, 14 желтоқсанда сағат 18:00-де аяқталды. Сайлау науқаны 24 желтоқсан мен 13 қаңтар сағат 00:00 (19 күн) аралығында өтті. 13 қаңтар күні сағат 00.00-де ол аяқталып, сайлау алдындағы үнсіздік күні басталды.
 
Парламент Сенаты депутаттарын сайлау қорытындыларын белгілеу сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірілмей - 20 қаңтардан кешіктірілмей жүргізіледі.
 
Толықтырылды. 14.01.2023. 12.25, 13.00
 
ОСК дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады:
 
Абай облысы - Қайрат Тастекеев (82,4%)
 
Ақмола облысы - Талғат Жүнісов (90,9%)
 
Алматы облысы - Жанболат Жоргенбаев (83,2%)
 
Атырау облысы - Әлібек Наутиев (68,6%)
 
Ақтөбе облысы - Амангелді Нұғманов (83,1%)
 
Жетісу облысы - Амангелді Төламисов (76,3%)
 
Қарағанды облысы - Серік Өтешов (78,2%)
 
Қызылорда облысы - Руслан Рүстемов (67,4%)
 
Жамбыл облысы - Сәкен Арубаев (89,3%)
 
Түркістан облысы - Мұрат Қадырбек (72,5%)
 
Павлодар облысы - Ернұр Айткенов (87,1%)
 
Ұлытау облысы - Советбек Медебаев (61,7%)
 
ШҚО - Шәкәрім Бұқтұғұтов (86%)
 
Маңғыстау облысы - Бекбол Орынбасаров (72%)
 
СҚО - Гүлмира Кәрімова (80,4%)
 
БҚО - Арман Өтеғұлов (74,7%)
 
Қостанай облысы - Ғауез Нұрмұхамбетов (83,1%)
 
Астана - Бибигүл Жексенбай (62,1%)
 
Алматы - Жанна Асанова (62,2%)
 
Шымкент - Нұрлан Бекназаров (76,7%)

ҚР ОСК

 
Еске сала кетейік, 2022 жылғы 26 қарашада ұлықтау рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды тағайындау туралы" Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.
 

Жоғарғы палата депутаттарын сайлау конституциялық реформаны іс жүзінде іске асырудың жалғасы болады. Олардың қорытындысы бойынша бәсекелестік пен ашықтық қағидаттары негізінде Сенаттың депутаттық корпусының бір бөлігі жаңартылады", - деді Президент.

 
Жаңа жылдан бастап Парламенттегі заң шығару процесі өзгерді. Енді заң қабылдау құқығы Мәжіліске берілген. Ал Сенат тек Мәжіліс қараған заңдарды мақұлдайды немесе мақұлдамайды.
 
ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар, конституциялық заңдардың жобалары, сондай-ақ Президент басым деп жариялаған заңдар палаталардың бірлескен отырыстарында қаралатын болады.
 
Бұдан басқа, "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңға Сенатты қалыптастыру тәртібін өзгерту жөніндегі нормалар енгізілген. Президенттік квота 10 мандатқа дейін қысқарады, оның ішінде Сенаттың бес депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Президент тағайындайды.
 
Жоғарғы палата Конституциялық сот және Жоғарғы Сот кеңесі төрағаларының лауазымдарына кандидатураларды келісетін болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны