LRT вагондарын құрастыру басталды
Қытайдың Таншань қаласында LRT алғашқы жылжымалы құрамдарын құрастыру жұмыстары жүргізілуде. 19 дана жылжымалы құрамға тапсырыс "CRRC Tangshan Co., Ltd" зауытында орналастырылды, деп хабарлайды Астана қаласының әкімдігі CTS-ке сілтеме жасай отырып.
Ұзындығы 60 метрлік жылжымалы құрамдар GOA 4 деңгейіндегі автоматтандырылған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталады, ол келесі функцияларды қамтамасыз етеді:
* есіктерді автоматты түрде ашу және жабу;
* тоқтау және жылдамдату;
* депоға кіру және шығу;
* құрамдардың жағдайын бақылау;
* пойыздар арасындағы қашықтықты реттеу;
* оператордың (машинис) қатысуынсыз басқа функцияларды орындау.
Төрт секциялы құрамдар толық жүктелгенде (6 адам/шаршы метр) 600-ден астам жолаушыны сыйдыра алады.
Салондарда беріктігі жоғары материалдар, оның ішінде органосиликатты былғары және шыны талшықты композит қолданылады, бұл жолаушыларға жайлылықты арттырады.
Шуды азайту үшін мына технологиялар қолданылады: қалыңдатылған терезелер және шуды бәсеңдету элементтері; диаметрі үлкейтілген дөңгелектер.
Құрамдар заманауи ақпараттандыру жүйелермен жабдықталады: сыртқы және ішкі электронды таблолар; LCD-мониторлар, олар қозғалыс бағытын, соңғы және келесі станцияларды, есіктердің ашылу жағын және шұғыл ақпаратты көрсетеді.
Астана климатының ерекшелігін ескере келе, алдыңғы терезесі температураны реттейтін электрлі жылыту жүйесімен жабдықталған. Бұл кенеттен болатын температура өзгерістерінде әйнектің булануының алдын алады.
Кондиционер қондырғысының қуаты 35 кВт (салқындату қуаты).
Техникалық сипаттамалары және жеткізу мерзімдері: Қуаты - 1 722 кВт; ең жоғары жылдамдық - 80 км/сағ; толық автоматтандыру және операторлардың тұрақты бақылауымен жүргізілетін пилотсыз басқару жүйесі.
Алғашқы жылжымалы құрамдар мамыр айының соңына дейін дайын болады. Қыркүйек айында алғашқы пойыздар жеткізілгеннен кейін тестілік сынақтар басталады.
Тестілік пайдалану немесе тестілік іске қосу - пайдалануға берудің маңызды кезеңі. Бұл кезеңде барлық инфрақұрылым элементері, жылжымалы құрам және барлық жабдықтар тексеріледі, оның ішінде рельстердің бүтіндігі, электрмен жабдықтау жүйесі, телекоммуникация жүйелері толық зерттеледі. Сынақтар барысында үлкен көлемде деректер жиналып, талданады, оның нәтижесі бойынша LRT жүйесін пайдалануға беру туралы шешім қабылданады. Алғашқы тестілік іске қосу осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған, бұл сынақтар бірнеше айға созылады", - деп түсіндірді "City Transportation Systems" ЖШС басқарушы директоры Орынбасар Ағыбаев.
Ұқсас бағыттардағы жолаушылар легін талдау деректері бойынша LRT жылжымалы құрамдары тәулігіне 25 мың жолаушыны тасымалдайды деп күтілуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.