18.06.2021, 23:41 27614

Президент "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген дәрігері" атағын енгізуді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. 18 МАУСЫМ - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ескерткіш елорданың сол жағалауында Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақтың аумағында орналасқан.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылуы аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген отандастарымыздың ынтымағы мен бірлігін көрсететінін атап өтті. Мемлекет басшысы дәрігерлерге арнап ескерткіш орнату туралы тапсырманы былтыр "Біз біргеміз" жалпыұлттық онлайн-форумында берген еді, деп хабарлайды Ақорда.
 
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болғанын жеткізді.
 
Президент медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері" атағын енгізуді ұсынды. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін Үкімет белгілейді.
 
Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңыздылығына назар аударды.
 

Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады", – деді Мемлекет басшысы.

 
Сонымен қатар Президент орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, олар денсаулық сақтау жүйесінің басты ресурсы және жұмыстың негізгі бөлігін атқарады. 
 

Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көп салалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, "Алтын жүрек" ескерткіші орналасқан саябақты "Дәрігерлер аллеясы" деп атауды ұсынды. Мемлекет басшысы жаңадан ашылған кешен ақ халатты абзал жандарға деген халық алғысының белгісі болатынына сенім білдірді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны