07.04.2022, 15:44 36131

ҚР Қорғаныс министрлігі: әскери техниканың ел ішіндегі қозғалысы оқу-жаттығу шеңберінде өтуде

ҚР Қорғаныс министрлігі: әскери техниканың ел ішіндегі қозғалысы оқу-жаттығу шеңберінде өтуде
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
НҰР-СҰЛТАН. 7 СӘУІР - Қазақстанда "Батыл тойтарыс – 2022" кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасуда. Аталған шара биылғы сәуір айында өтеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша, оқу-жаттығу Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру, күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде өткізіледі.
 

Оқу-жаттығу барысында күштер мен құралдардың ел ішінде қозғалысы орын алады. Бөлімшелер оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау үшін полигондарға марш жасап, содан кейін тұрақты орналасу пункттеріне оралады. Жаттығу Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан секілді жеті облыстың, сондай-ақ республикалық маңызы бар Алматы және Шымкент қалаларының аумағында өтеді", - деп түсіндірді ведомствода.

 
Сонымен қатар, Алматы авиациялық базасындағы әскери авиацияның ұшқыштары Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшақтарында және Ми-35М жауынгерлік тікұшақтарында Арнайы операциялар күштерінің тактикалық десантын оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтайтын аудандарға жеткізу мен алып жүруді орындайды.
 

Жоспар бойынша әскери-көлік авиациясының экипаждары С-295 ұшақтарымен Қарулы күштердің бөлімшелерін Маңғыстау облысына жеткізуді жүзеге асырады. Олар "Ақтау-Жаңаөзен" автомобиль жолының әуеайлағына қонатын болады. Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері Маңғыстау облысының "Оймаша" полигонында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтайды. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін бөлімшелер ұшақтармен тұрақты орналасу пункттеріне қайтарылады", - деп хабарлады министрлікте.

 
Биыл 6-7 сәуірде түнгі уақытта лектердің қозғалысы келесі кестеде жүзеге асырылғанын атап өту қажет:
 
– "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығында – Тараз қаласындағы әскери бөлімнен техника "Мәтібұлақ" полигонына жіберілді;
 
– "Шығыс" өңірлік қолбасшылығында – Семей қаласының әскери бөлімінен Аягөз қаласының әскери бөліміне, одан әрі – "Майлин" полигонына жөнелтілді;
 
– Алматы және Талдықорған гарнизондары әскери бөлімдерінің жеке құрамы әскери авиация тікұшақтарының бүркемелеуімен "Іле" полигонына, Қапшағай гарнизонының әскери бөлімдерінің жеке құрамы "Шошқалы" полигонына жіберілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны