26.01.2023, 11:06 45756

Әшімбаев қайтадан ҚР Парламенті Сенатының төрағасы болды

Әшімбаев қайтадан ҚР Парламенті Сенатының төрағасы болды
Сурет: senate.parlam.kz
ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары болып Асанов Жақып сайланды. Сенаттың тұрақты комитеттерінің басшылары тағайындалды

Астана. 26 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы барысында депутаттар Мәулен Әшімбаевтың Палата төрағасы лауазымына кандидатурасына бірауыздан дауыс берді, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Әшімбаевтың Сенат спикері лауазымына кандидатурасын бұған дейін ел Президенті ұсынған болатын.

Әшімбаев Мәулен Сағатханұлы 1971 жылғы 28 қаңтарда туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Тафтс университетінің Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебін (АҚШ) бітірген. Экономист - политэкономия мұғалімі, халықаралық қатынастар магистрі. Саяси ғылымдарының кандидаты.

1993 - 1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеген.

1994 жылғы мамыр - 1995 жылғы наурыз аралығында - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутатының көмекшісі.

1995 жылғы маусым - қараша аралығында - Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының консультанты.

1995 жылғы қараша - 1999 жылғы сәуір аралығында - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, басшысының бірінші орынбасары.

1999 жылғы сәуір - 2000 жылғы мамыр аралығында - Қауіпсіздік Кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі.

2000 жылғы мамыр - 2002 жылғы ақпан аралығында - Қауіпсіздік Кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.

2002 жылғы ақпан - 2005 жылғы мамыр аралығында - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.

2005 жылғы мамыр - 2006 жылғы сәуір аралығында - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары.

2006 жылғы сәуір - 2011 жылғы қазан аралығында - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.

2012 жылғы қаңтар - 2018 жылғы ақпан аралығында -бесінші, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

2018 жылғы ақпан - 2019 жылғы маусым аралығында - "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

2019 жылғы шілде - желтоқсан айларында - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі.

2019 жылғы желтоқсан - 2020 жылғы мамыр аралығында - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

2020 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.

Ағымдағы жылдың 24 қаңтарында ҚР Сенатының депутаты болып қайта сайланды.

26.01.2023, 11.19 толықтырылды

ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары болып Асанов Жақып сайланды. Депутаттар оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

gov.kz

2016-2017 жылдар аралығында Асанов ҚР Бас прокуроры қызметін атқарды. 2022 жылдың желтоқсан айына дейін ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы қызметін атқарды.

26.01.2023, 12.00 толықтырылды

Сонымен қатар Сенат Регламентіне сәйкес Тұрақты комитеттердің төрағалары мен мүшелері сайланды. Сондай-ақ олардың саны мен атаулары бекітілді.

Депутаттардың дауыс беру нәтижесі бойынша:

Андрей Лукин - Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы;

Сұлтанбек Мәкежанов - Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы;

Асқар Шәкіров - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы;

Сүйіндік Алдашев - Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы;

Нұртөре Жүсіп - Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы;

Әли Бектаев - Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болып сайланды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны