Скляр СҚО-дағы Заречный кентінің тұрғындарын шұғыл эвакуациялауды тапсырды
Қала әкімі үлкен судың кентке үш күнде жететінін хабарлады
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Заречный кенті Ущев көшесі мен Прибрежное ауылы бойындағы бөгеттерді аралады, Ойқаладағы су тасқынына қарсы қорғаныс бекіністерінің дайындығын тексерді, эвакуациялау пунктінің дайындығын зерделеп, Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің баяндамасын тыңдады. Оның қорытындысы бойынша Заречный кентінде тұратын 239 тұрғынды эвакуациялауды бастауды тапсырды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Қала әкімі үлкен судың кентке үш күнде жететінін хабарлады. Ол нығайтылған бөгет судың бірінші ағынын ғана ұстайтынын атап өтті. Алайда, болжам бойынша, саяжай аумағына жан-жақтан су тасқыны келеді және 200 үйдің 132-не қауіп төніп тұр. Бірінші вице-премьер тез арада азаматтарды эвакуациялауды бастауды тапсырды.
Адамдарға 2017 жылмен салыстырғанда, биылғы су тасқынының ауқымды екенін түсіндіру керек, өйткені ауыл ойда орналасқан және инженерлік құрылыстар судың көтерілуіне шыдамауы мүмкін, тұрғындарды эвакуациялау үшін екі күн бар", - деді ол.
Сондай-ақ Роман Скляр эвакуациялаудан бас тартқан тұрғындармен түсіндірме әңгіме жүргізіп, жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін саяжай аймағынан отбасыларды көшіруді бақылауға алуды тапсырды.
Азаматтарға алдағы су тасқынының ауырлығын түсіндіріңіздер. Сергеев су қоймасынан көп су келеді, сондықтан аумақты қатты су басады. Бөгетті нығайту жеделдетілген түрде аяқталды, бірақ ол тек су аз кезеңдерінде қорғай алады. Сондықтан мұнда тұратындарды дереу эвакуациялау керек. Ешкім зардап шекпеуі қажет", - деп түйіндеді Скляр.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Сергеев су қоймасының бүкіл тарихындағы су тасқынының абсолютті максималды кезеңіне жеткенін атап өтті. Ол барлық есептеу жүргізілгенін, 12-14 сәуір аралығында Петропавл қаласына үлкен су келетінін түсіндірді.
Роман Скляр "Қызылжар Су" ЖШС сорғы станциясының стратегиялық учаскесіндегі бөгетті нығайту үшін су тасу қаупін барынша азайтуды, арнайы техниканы жұмылдыруды, инертті материалдармен және жұмыс күшімен қамтамасыз етуді тапсырды.
Сорғы станциясына келетін болсақ, бұл - стратегиялық маңызды нысан. Біз қысқа мерзімде қосымша бөгетті тұрғыздық. Оның жұмысы қамтамасыз етіледі. Қосымша дизель генераторы орнатылды. Қала кез келген жағдайда үзіліссіз сумен қамтамасыз етілуі керек. Жоспарлаған жұмыстардың барлығы жалғасын табады. Одан әрі өзеннен төмен қарай, Қызылжар өңірінде жаңа бөгеттерді салуды бастаймыз. Міндет - елді мекендерді қорғау. Біз қазіргі жағдайға сәйкес, бұрыннан белгіленген жоспарлар бойынша жұмыс істейтін боламыз", - деп түйіндеді Скляр.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жол инфрақұрылымының су тасқынына дайындығын тексеріп, "ҚазАвтоЖол" облыстық филиалының директоры А. Қабылдинге айналма жол бойында азаматтық көліктің қауіпсіз қозғалысы үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.