06.10.2022, 17:40 25371
Смайылов "Каспий бестігі" елдерін Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы жүк ағынын кеңейтуге шақырды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
МӘСКЕУ. 6 ҚАЗАН - Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәскеуде өтіп жатқан екінші Каспий экономикалық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай инфрақұрылымдық тораптар Каспий маңындағы елдерге және халықаралық нарықтарға сауда тасымалдарын кеңейтуге ықпал ететінін ескере отырып, Премьер-Министр Мемлекет басшысының Каспий маңы азық-түлік хабын құру туралы бастамасына назар аударды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы өңіраралық сауданың әлеуетін толық ашу үшін өңірдің көлік байланысын жақсарту қажет екенін атап өтті. Мәселен, Ақтау порты "Үндістан – Парсы шығанағы елдері – Иран – Қазақстан – Ресей" бағыты үшін торапқа айналуы мүмкін", - деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Оған қоса, Әлихан Смайылов Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы жүк тасымалын кеңейту үшін Транскаспий халықаралық көлік маршрутын одан әрі дамыту және кедергілерді бірлесіп еңсеру қажеттігін мәлімдеді.
Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік және Шығыс-Батыс көлік дәліздерінің әлеуетін арттыратын трансшекаралық хабтарды қалыптастыру бойынша үлкен жоспарлары бар. Бұл – Ақтау және Құрық теңіз порттары, "Қорғас" құрғақ порты, "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы және басқалары. Бүгін біз бастама ұсындық: әріптестерімізбен бұл жұмысты қазірден бастаймыз деп келістік. Тиісті жол картасын әзірлеп, транзиттік маршруттарымыздың әлеуетін кеңейтуге кірісеміз", - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр ынтымақтастықтың тағы бір маңызды қыры ретінде аймақтық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін айтты. Бұл бағытта мұнай мен газды терең өңдеу басымдық болып табылады.
Бүгінде Қазақстан заңнамалық базаны жетілдіріп, жер қойнауын пайдалануға инвестициялар тарту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасап жатыр. Жыл соңына дейін құрлықтағы және теңіздегі күрделі мұнай-газ жобалары үшін фискалдық және реттеушілік артықшылықтарды көздейтін Жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілетін болады", - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының айтуынша, мұнай-газ химиясындағы келешегі бар жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақ аясында мемлекеттік қолдау мен айтарлықтай артықшылықтар көзделген.
Премьер-Министрдің пікірінше, экология саласындағы өзара іс-қимыл да маңызды рөл атқарады, өйткені Каспий жағалауында 15 млн-нан астам адам тұрады.
Экологиялық тепе-теңдікті сақтау – мемлекеттеріміз үшін маңызды міндет. Теңіз проблемалары оның биологиялық ресурстарының сарқылуымен, шикізат өндіру және жүктерді тасымалдау салдарынан қатты ластануымен байланысты. Осыған орай, Каспий экологиялық бағдарламасының жұмысын жандандыруды қолдауға шақырамыз", - деді Әлихан Смайылов.
Соңында Әлихан Смайылов өңір елдерін туризм саласында бірлесіп, белсенді түрде әрекет етуге шақырды: аралас турларды іске қосу, круиз туризмін дамыту, визалық және көші-қон режимдерін ырықтандыру жөнінде шаралар қабылдау керек.
Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі Каспий жағалауында туристерге қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін 360 миллион доллардан астам сомаға 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр", - деді ол.
Премьер-Министр өңірлік туризмді дамытудың негізгі қадамы Каспий теңізі жағалауындағы елдер арасында тиісті келісім әзірлеу екенін айтты.
Оған тезірек қол қою үшін жұмысты күшейтуді ұсынамыз", - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.
Естеріңізге сала кетейік, бұл күндері Мәскеуде Каспий экономикалық форумы өтіп жатыр, оған "Каспий бестігі" елдерінен, сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстаннан 1000-нан астам делегат қатысуда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
19.12.2025, 19:35 576
Қазақстан ДСҰ алдындағы сауда рәсімдерін жеңілдету міндеттемелерін толық орындады
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитеттің отырысында айтылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
2025 жылы Қазақстан сауда рәсімдерін жеңілдету бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, Дүниежүзілік сауда ұйымының Сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімі аясында өзіне алған барлық халықаралық міндеттемелер толық көлемде орындалды. Бұл - ақпараттың жариялылығы мен оған қолжетімділікті қамтамасыз ету, тауарларды шығару мерзімін қысқарту, кедендік реттеуге халықаралық стандарттарды енгізу, "бір терезе" қағидатын қолдану, сондай-ақ транзит еркіндігін қамтамасыз ету секілді маңызды бағыттарды қамтиды.
Міндеттемелердің 100% орындалуына қарамастан, Қазақстан 2025 жылы да отандық сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін сауда және кедендік рәсімдерді одан әрі оңтайландыру және жеңілдету жұмысын жалғастырды. Бұл бағыттағы негізгі басымдық цифрландыруға берілді. Атап айтқанда, "Keden" кедендік ақпараттық жүйесі енгізіліп, оның функционалы кеңейтілді, транзиттік, пошта, жолаушылар және рұқсат беру рәсімдері толықтай автоматтандырылды. Сонымен қатар "CarGoRuqsat" электрондық кезек жүйесін дамыту жалғастырылып, бұл өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға және шекарадағы күту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Өткізу пункттері жаңғыртылып, теміржол транзитіне кедендік бақылау рәсімдері автоматтандырылды, сондай-ақ навигациялық пломбалар енгізілді.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың мүдделерін қамтитын шараларды жүйелі түрде жетілдіру Қазақстанның цифрлық және қағазсыз сауда үдерістеріне негізделген заманауи транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайта түсуде.
Отырыс барысында Астана қаласында сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі екінші ұлттық баяндаманың таныстырылымы сәтті өткені де айтылды. Аталған баяндамада Транскаспий халықаралық көлік бағытына (орта дәліз) ерекше назар аударылып, Қазақстанның цифрлық, инфрақұрылымдық және экологиялық шешімдерді сыртқы сауда жүйесіне интеграциялаудағы өзіндік моделінің қалыптасуы көрсетілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 17:32 841
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкімет 2025 жылға арналған су саласын дамыту жұмыстарын қорытындылады
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Үкіметтің 2025 жылға арналған жұмысын қорытындылау аясында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің саланы дамыту бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Министр 2025 жылы Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бойынша 145 жоба жүзеге асырылып жатқанын, 300-ге жуық нысан үшін жобалау-сметалық құжаттама және техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқанын хабарлады.
Бүгінгі таңда Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы мен Абай облысындағы Шар су қоймасын реконструкциялау, сонымен қатар Астана қаласының негізгі ауыз су көзі болып саналатын Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды.
Биыл Қапшағай су қоймасын реконструкциялау және Батыс Қазақстан облысында 58 жылда алғаш рет Киров су қоймасын күрделі реконструкциялау аяқталады. 2024 жылы Ақтөбе су қоймасының реконструкциясы аяқталып, сондай-ақ бес жыл бойы тоқтап тұрған Қызылорда су торабын жаңғырту жұмыстары қайта жалғасын тапты", - деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 469 мыңнан астам адам тұратын 224 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбырын пайдалануға беруге дайындалуда, деді Нұржан Нұржігітов баспасөз мәслихатында.
Оның ішінде 32 мың тұрғыны бар 43 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылған. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл топтық су құбырын реконструкциялау жобасы аясында 52 ауылдағы ауызсу мәселесі жақсартылды. Бұл елді мекендерде 35 мыңнан астам адам тұрады. Жоба аясында 100 шақырымнан астам су құбыры желісінде жұмыстар жүргізілді. Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан Есқұла су құбырын салу жобасы нәтижесінде 75 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендердің ауызсумен қамтылу деңгейі жақсаруда", - деді Нұржан Нұржігітов.
Өткен жылы 6 облыста 8 топтық су құбырын реконструкциялау және салу аяқталғаны, бұл 208 мың адам тұратын 49 елді мекенді сумен жабдықтау жүйесін едәуір жақсартты.
Соңғы екі жылда Үкімет суару каналдарын механикалық тәсілмен тазарту жұмыстарын жандандырды.
Министр 2024 жылға дейін бұл жұмыстар төмен қарқынмен жүргізілсе (2023 жылы - 678 шақырым), ал соңғы екі жылда тазалау көлемі айтарлықтай өсіп, жылына орта есеппен 1,5 мың шақырымды құрағанын (2024 жылы - 1 147,6 шақырым, 2025 жылы - 2 011 шақырым), бұл алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда жұмыс қарқынының бірнеше есе артқанын атап өтті.
Сонымен қатар 2025 жылы жөндеу және реконструкциядан өткен 700 шақырымнан астам ирригация желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ислам даму банкінің несиесінің бірінші траншы есебінен 2026 жылы Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш жаңа су қоймасының құрылысы басталады, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында екі су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баспасөз мәслихатында оңтүстіктегі бес облыста жалпы ұзындығы 986 шақырымды құрайтын 103 каналға арналған 96 жобаны реконструкциялау және автоматтандыру жұмыстары басталатынын атап өтті.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шу өзеніндегі Фурманов айналма каналында соңғы 40 жылда алғаш рет механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Министр аталған жұмыстар Түркістан облысының Созақ ауданын сумен қамтамасыз етуді жақсартуға, экологиялық су жіберу тиімділігін арттыруға және өңірдің экологиялық жағдайын қалпына келтіруге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар Түркістан облысында "Қарақуыс" және "Бәйдібек-ата" су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Нысандарды 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл қосымша шамамен 69 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді.
Қазсушар" компаниясы "Көксарай" қарсы реттегішіне жөндеу жұмыстарын аяқталды, бұл нысанның су жинақтау көлемін 2 млрд текше метрге дейін арттырады.
Соңғы екі жыл ішінде су шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 579 млрд теңгені құрады.
Спикер атап өткендей, қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі шетелдік серіктестермен 7 келісімге және 30-дан астам өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған меморандумдардың ішінде қытайлық серіктестермен Жамбыл облысында смарт-технологиялар шығаратын зауыт салу бойынша $20 млн ынтымақтастық ниетін, сондай-ақ Азия даму банкімен Есіл қарсы реттегіші құрылысына қаржы бөлу туралы меморандумды ерекше атап өтуге болады. Аталған нысан 873 млн текше метрге дейін тасқын су жинауға мүмкіндік береді, бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерді су басу қаупінен сақтайды", - деп толықтырды сөзін Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрі 2025 жылы 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін суару үшін 11,1 км³ су пайдаланылды, оның 9,4 км³ "Қазсушар" РМК филиалдары арқылы қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Ол ауыл шаруашылығы құрылымында бұл су көлемдері саланың жалпы ішкі өніміндегі үлесті 30%-ға дейін қамтамасыз еткенін атап өтті.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Жоспарға құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың қатысуымен республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құру қарастырылған. Бұл шара су ұрлығы мен заңсыз су пайдалану мәселелеріне тиімді қарсы күрес жүргізуге бағытталған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2025 жылғы вегетация кезеңінде өткен жылмен салыстырғанда анықталған құқық бұзушылықтар саны 221-ден 526-ға дейін өсіп, салынған айыппұлдар саны 501-ден 801-ге жеткен, ал айыппұлдардың жалпы сомасы 41,2 млн теңгеден 146,7 млн теңгеге дейін артқанын мәлімдеді.
2023 жылға дейін су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандардың көлемі жыл сайын орта есеппен 30 мың гектарды құрады. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып, орта есеппен 150 мың гектарға жетті. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік алқаптарының жалпы көлемі 543,5 мың гектарға өскенін, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтілді.
Осы мақсаттарға жету үшін 2026-2028 жылдарға республикалық бюджетте 228 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп.
Жаңа Су кодексінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптары бекітілген. Бұл мақсатқа 7 жыл мерзім белгіленді, оның ішінде 2 жыл - өтпелі кезеңге, 5 жыл - жоспарларды жүзеге асыруға арналған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкіметтің бір жылдық қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында атап өткендей, бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайта және айналымды пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін, яғни екі еседен астамға арттыруға мүмкіндік береді.
Заңда белгіленген шараларды орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген. Ондай жағдайда су пайдалану лимиттері 20%-ға дейін қысқартылуы мүмкін.
Су ресурстары және ирригация министрлігі "Қазсушар" РМК филиалдары үшін 757 арнайы техника мен автокөлік сатып алу жұмысын бастады. Бүгінге дейін жоспарланған 757 техниканың 576-сы алынды.
Сонымен қатар 2028 жылға дейінгі Жол картасы аясында Қ. Сәтпаев атындағы каналды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары басталды. Жұмыстарға 17 трансформаторды сатып алу, сондай-ақ 19 сорғы агрегатын жаңғырту және жөндеу кіреді.
Су саласының тартымдылығын арттыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі жалақыны көтеруге бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Нәтижесінде, 2024 жылы "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті, ал биыл 1 шілдеден бастап тағы 35-50%-ға артты.
Нұржан Нұржігітов қазіргі таңда "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы екі есе өсіп, 300 мың теңгені құрап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, төменгі буын қызметкерлерінің орташа жалақысы 92 мың теңгеден 185 мың теңгеге дейін өскен.
Сонымен қатар еңбек жағдайларын жақсарту шаралары аясында, биылдан бастап "Қазсушар" РМК-нің 425 маусымдық қызметкері тұрақты қызмет орындарына ауыстырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 14:28 956
"Таза көмір" және эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі: Олжас Бектенов "Жасыл экономика" жөніндегі кеңестің отырысын өткізді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған Экология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктерінің, Павлодар облысының және Алматы қаласының әкімдері, ірі энергетикалық кәсіпорындардың басшылары мен сарапшылар қоғамының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысының энергетика саласын жаңғырту бойынша "ең үздік қолжетімді техникаларға" көшу және орнықты даму есептілігін (ESG) кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға назар аударылды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның энергетика саласына ластаушы заттардың жалпы көлемінің жыл сайынғы шамамен 39%-ы тиесілі екенін баяндады. Өңірлер арасында ластаушы заттар көлемінің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі, ондағы негізгі ластаушылар - Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2. Сонымен қатар, Алматы қаласында да ауаның ластануының жоғары деңгейі сақталып отыр.
Эмиссияларды қысқарту мәселелері бойынша "Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1" ЖШС, "Екібастұз ГРЭС-2 стансасы" АҚ және "Алматы электр стансалары" АҚ басшылары тыңдалды. Орнықты даму қағидаттарын сақтау мақсатында үш нысанда эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі (МЖАЖ) енгізіледі. Деректер Экология министрлігіне нақты уақыт режимінде беріледі. Толық қосылу 2026 жылға жоспарланған.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Президенттің "таза көмір" технологияларын пайдалану жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті. Мәселен, жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде жаңа кәсіпорындар неғұрлым қатаң экологиялық стандарттар мен талаптар негізінде жұмыс істеуде.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша міндеттер қойды. Біз "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасын дәйекті түрде жүзеге асырып келеміз, онда ауаның ластануын азайту және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша негізгі индикаторлар айқындалған. Оларға қол жеткізу - барлық жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тікелей міндеті. Өз кезегінде кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуды және күл-қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуді қамтамасыз етуі қажет", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Одан бөлек Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына энергетика саласын түпкілікті жаңғырту міндетін қойды.
"Таза көмірдің" заманауи технологияларына тез көшу керек. Бұл көмір электр стансаларының тиімділігін арттырады және қоршаған ортаға зиянды заттар бөлуді азайтады. Әсіресе біз осындай қорға ие бола тұра, көмір генерациясынан бас тарта алмаймыз, бұл - объективті шындық. Сондықтан оны қолдана беретініміз анық. Бұл ретте көмірден энергия өндіретін барлық қуат көздері заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Жаңа технологиялар көмірді жағу кезінде зиянды қалдықтар көлемін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Энергия көздерін жаңғыртудағы әрбір жұмыстың нәтижесі ластаушы заттарды ең аз бөлу талаптарына сәйкес болуға тиіс. Бұған ұмтылу керек және осы басты межеден ауытқымау қажет. Біздің алдымызда үш ЖЭО салу бойынша және Екібастұздағы жаңа энергоблоктар бойынша үлкен жобалар тұр. Бұл жаңа жобалардың барлығы зиянды қалдықтарды мүлдем шығармайтындай жаңа талаптар бойынша жүзеге асырылады", - деп атап өтті Премьер-министр.
Жиында Қазақстанның "KazWaste" қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина, "Жасыл Академия" ғылыми білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, "Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева сынды қоғамдық ұйым өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.
Жиын қорытындысы бойынша Олжас Бектенов заманауи "таза көмір" технологияларына жедел көшуге қатысты шара қабылдауға тапсырма берді. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыру кезінде тек қана таза технологиялар қолданылуы керек.
Энергетика министрлігіне энергетика секторын цифрландыру бөлігінде ЖИ-дің озық технологияларын, сондай-ақ салада қолдану үшін қолда бар отандық цифрлық шешімдерді зерделеу тапсырылды.
Бұдан басқа, қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың заманауи технологияларын енгізу арқылы барлық қалдықтарды кейіннен қайталама айналымға тарта отырып, барлық өнеркәсіптік қалдықтарды түгендеуді жүргізу тапсырылды.
*****
Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін Қазақстандағы ең ірі ТОП-50 компания "ең үздік қолжетімді технологияларды" енгізу негізінде кешенді экологиялық рұқсаттар алу рәсімін бастады. Бүгінде тиісті жол карталары жүзеге асырылуда.
Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1" ЖШС, "Екібастұз ГРЭС-2 стансасы" АҚ және "Алматы электр стансалары" АҚ-лардың кәсіпорындары Энергетика министрлігі бекіткен газ тазарту жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғыртуды, электр сүзгілерін жаңартуды, азот тотығы, күкірт қалдықтары және шаң-тозаңды азайтуды, сондай-ақ орнықты дамуға және неғұрлым таза энергетикаға көшуге бағдарлауды растайтын анағұрлым экологиялық технологиялық шешімдерге көшуді көздейтін жол карталарын жүзеге асырады.
Павлодар облысындағы жалпы ластаушы заттар көлемінің 34%-ы Екібастұз ГРЭС-1 үлесінде. Бірқатар энергоблоктағы электростатикалық сүзгілер күрделі жөндеуден өтті, бұл шаң концентрациясын 400 мг/нм3-тен 350 мг/нм3-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар 2023-2025 жылдар аралығында санитариялық-қорғау аймағына 23 мыңға жуық көшет отырғызылып, 250 гектарға жуық күл үйіндісі сүріліп тасталды. Осы кезеңде қоршаған ортаны қорғау шараларына салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 5 млрд теңгені құрады.
Сондай-ақ өңірдегі жалпы ластаушы заттар көлемінің 8,8%-ын Екібастұз ГРЭС-2 шығарады. Аспирация жүйелерін жаңғырту зиянды қалдықтары 2,57 мың тоннаға азайтты. Микроимпульстік технологияны қолдану шаң тозаңының қоюлығын сейілтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ күл үйінділеріндегі шаң-тозаңды басу, құрғақ күлді өңдеу, Солнечный кенті мен өнеркәсіп алаңының аумағында жасыл желектерді күтіп-баптау сияқты бірқатар кешенді шара жүзеге асырылуда. 2025-2027 жылдарға жоспарланған инвестиция көлемі 8,1 млрд теңгені құрайды.
Алматы қаласының өнеркәсіп кәсіпорындарынан шығатын ластаушы заттардың 83%-ы "Алматы электр стансалары" АҚ үлесінде. АлЭС кең ауқымды экологиялық трансформацияны, яғни газға көшуді жүзеге асыруда. Бұл ЖЭО-2 шығаратын зиянды қалдықтар көлемін 93%-ға, ал ЖЭО-3 шығаратын ластаушы заттар көлемін 88%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте шаң мен күкірт тотығының қалдықтары толығымен жойылады, азот тотықтары 680 мг/нм3-тен 35 мг/нм3-ке дейін төмендейді.
Зиянды заттар көлемін азайта отырып, жаңғырту және газға ауыстыру бойынша осындай жұмыс ЖЭО-3-те де жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде мұнда шаң, күкірт тотығы сияқты ластаушы заттар толығымен жойылады және азот тотығы азаяды. Соңғы екі жылда кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғауға жұмсаған шығындары шамамен 3,2 млрд теңгені құрады.
Қоғамдық ұйымдардың өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.
Қазақстанның "KazWaste" қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина қауіпті қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін көтерді.
Жасыл Академия" ғылыми білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина кәсіпорындардың декарбонизациядағы қызметі үшін қосымша критерилерге бастамашы болды. Сондай-ақ, ол ластаушы заттарды азайтуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге климаттық қаржыландыруды тарту үшін халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.
Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева кәсіпорындарды парниктік әсерге қарсы күрес, ESG-қағидаттарын енгізу және көміртегі ізін азайту жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды. Алматы қаласындағы экологиялық стандарттардың деңгейін еуропалық көрсеткіштермен салыстыруға болатыны атап өтілді, бұл азаматтардың араласуы жоғары деңгейде екенімен және корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің жақсы дамығанымен байланысты. Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" тобына кіретін жекелеген жылу энергетикалық нысандардағы жұмысты күшейту және технологиялық шешімдерді енгізуді егжей-тегжейлі пысықтау қажеттігі айтылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 12:05 186
Шығарындылар 7,2%-ға төмендеді, қоқыс алаңдарының 91%-ы жойылды: Ерлан Нысанбаев елдегі экологиялық жағдай туралы
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциялары аясында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ведомствоның экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды басқару және биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі жұмысының нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ірі кәсіпорындардың нормативтік шығарындыларының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 148 мың тоннаға немесе 7,2%-ға төмендеді. Бұл ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу арқылы қамтамасыз етілуде
Жағдайды бақылау үшін автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілуде.Бүгінде кәсіпорындарда орнатылған 78 жүйенің 74-і ауа ластануы туралы деректерді нақты уақыт режимінде беріп отыр.
Министрдің айтуынша, елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2024 жылы 25,8%-ды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 28,6%-ға дейін өсті.
Қалдықтарды басқару саласында 63 жоба мақұлданып, олардың 22-сі 89,4 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз", - деді Ерлан Нысанбаев.
Бұдан бөлек, Астана, Алматы және Шымкентте үш қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарлануда. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 293 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 827 қоқыс орны анықталып, олардың 3 464-і немесе 91%-ы жойылды. 2018 жылмен салыстырғанда заңсыз қоқыс орындарының саны 45%-ға азайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 10:12 1311
Үкімет өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлемек
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша болжам және 2026 жылы экономикалық өсуді қолдаудың тәсілдері қаралды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Өңдеу өнеркәсібінде 11 айғы қорытынды бойынша НКИ 105,9%. Өсу жыл қорытындысы бойынша 6% деңгейінде болуы мүмкін.
2025 жылғы қорытынды бойынша негізгі өңдеу салалары динамикасы болжамы:
- металлургия (өңдеу құрылымында 40%) - өсу 1,1%,
- машина жасау (17,5%) - өсу 12%,
- тамақ өнеркәсібі (13,1%) - өсу 9%,
- құрылыс материалын өндіру (5,6%) - өсу 6%,
- химия өнеркәсібі (5,4%) - өсу 6%,
- жеңіл өнеркәсіп (0,7%) - өсу 5%.
Штаб отырысында негізгі экономикалық өсу драйверінің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту болжамына ерекше назар аударылды. Түсті және қара металлургияны дамыту перспективасы, "Бәйтерек" холдингі желісі бойынша қаржыландырылатын жобаларды іске асыру, өңірлердегі инфрақұрылымның жай-күйі және сала өсімінің тұрақтылығына әсер ететін басқа да факторлар қаралды.
Өңірлердің ресурстық және инфрақұрылымдық әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану қажеттілігін ескере отырып, вице-премьер экономикалық өсу үшін аса маңызды, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс материалын өндіруді қолдау шараларына назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды.
Сауда-саттықта НКИ 11 айда 8,8% өскен кезде жыл қорытындысы бойынша 8,9% болуы мүмкін. Сауданың өсуіне жинақталған үлестің шамамен 72%-ын бес аймақ қамтамасыз етеді:
Алматы - 24,6 трлн теңге (автомобильдер, машиналар мен жабдықтар саудасы, фармацевтикалық өнімдер, шоколад);
Астана - 10,9 трлн теңге (табиғи газ, дизель отыны, авиациялық бензин мен керосин, ет және сүт өнімдерін сату);
Атырау облысы - 6,7 трлн теңге (мұнай өнімдері, машиналар мен жабдықтар);
Қарағанды облысы - 4,5 трлн теңге (фармацевтикалық тауарлар, машиналар мен жабдықтар, косметикалық өнімдер);
Шымкент - 3,6 трлн теңге (фармацевтикалық өнім, ЖЖМ, АӨК өнімі).
760 мыңға жуық бизнес субъектісі бар бөлшек сауда құрылымында жеке кәсіпкерлердің тауар айналымы 10%-ға өсіп, 8,2 трлн теңгеге жетті. Жедел деректер бойынша, 11 айдағы онлайн сату көлемі 3,3 трлн теңге. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14,4%-ға артық.
Ауыл шаруашылығы барлық бағыт бойынша тұрақты өсуді көрсетеді. 11 айғы қорытынды бойынша НКИ 106,1%. Өсу жыл қорытындысы бойынша 5% деңгейінде. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 3%-ға артық.
Орташа республикалық деңгейден жоғары өсу Ақмола (115,7%), Қостанай (115,4%), Солтүстік Қазақстан (110,5%), Павлодар (108,2%), Атырау облыстарында (107,4%) тіркелді.
Дәстүрлі дақылдардың тұрақты жоғары өнімділігі аясында биыл жоғары маржиналды майлы және бұршақ дақылы айтарлықтай өсуге әсер етті. Бұршақ дақылынан 1,1 млн-нан асатын рекордтық өнім алынды. Алғаш рет майлы дақыл өндірісі көлемі 4,7 млн тоннаға жетті. Мақта жинау - 428 мың тонна. Оның өнімділігі 29,6 ц/га. Бұл - соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
18.12.2025, 16:16 56
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: алғаш рет мемлекеттік есепке 5 жаңа кен орны қойылды
Достарға айту
ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология саласын жүйелі түрде жаңғырту жұмыстарын жүргізіп келеді. Негізгі басымдық жер қойнауын пайдалану үдерістерін цифрландыруға сүйене отырып, жаңа технологиялық құрылымға көшуге берілген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз конференциясында вице-министр Иран Шархан мәлімдеді.
Ол Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан саланы жүйелі жаңғыртудың нәтижесінде бүгінде пайдалы қазбалардың 103 түрі мен 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынғанын атап өтті.
Елімізде барлығы 2 907 лицензия және 251 қатты пайдалы қазбалар келісімшарты бар. Біз жер қойнауын тиімді игеру үшін геологиялық саланы жаңа технологиялық деңгейге көшіру бойынша жұмысты жалғастырамыз", - деп атап өтті вице-министр.
Жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша Қазақстанда қорлардың өсімі шамамен 98 тонна алтын, 36 мың тонна мыс және 1,3 млн тоннадан астам фосфоритті құрады.
Алғаш рет мемлекеттік есепке 5 жаңа кен орны қойылды: Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз аумақтың геологиялық-геофизикалық зерттелуін кеңейтеміз. Бүгінгі таңда 2 млн шаршы шақырымнан астам зерттелді, ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,2 млн шаршы шақырымға жетеді. Қарағанды облысында сирек жер металдары бар перспективалы учаске анықталды", - деді ол.
Үкімет 1:50 000 масштабта егжей-тегжейлі геологиялық зерттеуге көшу үшін жобалық құжаттаманы әзірлеуге резервтен 240 млн теңге бөлді. Жаңа тәсіл перспективалы учаскелерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. 2026-2028 жылдары аумақтың 100 мың шаршы шақырымын егжей-тегжейлі зерделеу жоспарлануда.
Жұмыстар Ұлттық геологиялық қызмет пен жетекші институттардың қатысуымен аэрогеофизикалық технологияларды қолдана отырып консорциум аясында орындалатын болады. Бұл Президент қойған міндеттерге сәйкес геологиялық барлаудың тиімділігін арттырады", - деп түсіндірді Иран Шархан.
Сондай-ақ вице-министр "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясының жер қойнауын пайдалану саласындағы реформаларды жүзеге асырудағы рөлі туралы айтты. Бүгінгі таңда Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын қоса алғанда, 5 пилоттық жоба жүзеге асырылуда. 2028 жылға қарай қорларды JORC халықаралық стандартына сай есепке қою жоспарлануда.
Учаскелерді игеруге "Тау-Кен Самұрыққа" басым құқық беруді бекіту жер қойнауын ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді және саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады", - деп атап өтті Иран Шархан.
Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде: Сенатта жер қойнауы туралы кодекске цифрлық жер қойнауын пайдалануды және электрондық аукциондарды енгізуді көздейтін түзетулер қаралуда.
Жаңа инфрақұрылым мен заңнамалық база бірыңғай ғылыми-техникалық платформаны қалыптастыруға, аналитиканың сапасын арттыруға және геология саласының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті вице-министр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.12.2025, 12:41 97911
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Құрметті отандастар! Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Бұл мерекенің еліміз үшін мән-маңызы айрықша. Осы күні халқымыз Қазақстанды егемен ел ретінде дамыту жолында ерікті әрі түпкілікті таңдау жасады.
Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз.
Азаматтарымыздың ырысты ынтымағының, өзара қолдауының және жасампаз еңбегінің, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің арқасында Қазақстан Тәуелсіздікті нығайту ісінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазір бүкіл әлем жылдам өзгеріп жатыр. Түрлі сынақтармен қатар, тың мүмкіндіктерге толы жаңа тарихи дәуір басталды.
Мұндай жағдайда біз жас және озық ойлы ұлт ретінде болашаққа зор үмітпен және нық сеніммен қарап, берекелі бірлігімізді сақтауымыз керек. Еліміздің жаһандық деңгейдегі беделі мен бәсекеге қабілетін арттырып, Қазақстанды көркейген мемлекет ретінде дамыту үшін аянбай еңбек етуіміз қажет.
Қазір жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нәтижесінде зор табысқа жетеміз деп сенемін. Жан-жақты жаңғыруға бағытталған стратегиялық бағдарымыздан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз.
Баршаңызға мол бақыт, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!
Қастерлі Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.12.2025, 20:34 95216
Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен 12 млрд теңгеге Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешені салынды
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының 2025 жылғы наурызда Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау аясында Көкшетауда Kokshe Arena заманауи көпфункционалды спорт кешенінің ашылуы өтті. Нысан Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен тұрғызылды. Бұл мақсатқа Үкімет 12,6 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Ғимараттың сыйымдылығы шамамен 1 мың адамды құрайды. Кешенде заманауи мультимедиялық жүйелері бар 650 орындық көрермен залы, өрмелеу алаңы мен өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы қарастырылған. Бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары сертификатталған олимпиадалық стандарттағы құралдармен жабдықталған. Халықтың мобильділігі төмен топтары үшін де барлық жағдай жасалған.
Іргелес аумақта жеңіл атлетика аймағы, ойын спорт түрлері мен лақтыру пәндеріне арналған алаңдар, сондай-ақ демалыс аймақтары жабдықталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, қаржы министрі Мәди Такиев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Іс-шараның құрметті қонақтары World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин, UFC аясында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды.
Айта кету керек, Kokshe Arena - қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған аймақтағы екінші спорттық инфрақұрылым нысаны. Бұған дейін облыста Зеренді аулында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылған болатын.
Ақмола облысында Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатына барлығы 42 әлеуметтік нысан, оның ішінде 14 денсаулық сақтау мекемесі, 26 сумен жабдықтау нысаны және 2 спорт мекемесінің құрылысы жоспарланған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
15.12.2025, 20:37Қазақстандық делегация "Ертіс: достық өзені - даму өзені" халықаралық форумына қатысты 15.12.2025, 22:01 163841Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді15.12.2025, 23:10 163541Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 23:30 163291Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды17.12.2025, 11:28 127661Домбыра мен сазсырнай Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар музейінің коллекциясына енді
10.12.2025, 17:08 183571Президент Су және денсаулық сақтау туралы хаттаманы ратификациялауды мақұлдады15.12.2025, 20:37 165621Қазақстандық делегация "Ертіс: достық өзені - даму өзені" халықаралық форумына қатысты15.12.2025, 22:01 163841Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді15.12.2025, 23:10 163541Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 23:30 163291Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды

