09.08.2022, 17:50 31121

Смайылов Президентке елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады

Смайылов Президентке елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады
НҰР-СҰЛТАН. 9 ТАМЫЗ - Премьер-Министр Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы аралықта ЖІӨ өсімі 3,2 пайызды құрады. Тауарлар өндірісі 3,3 пайызға, көрсетілген қызметтер 2,4 пайызға артты. Құрылыс, сауда, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ көлік және байланыс салаларында айтарлықтай өсім бар. 
 
Премьер-Министр Президентке Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу шараларына қатысты мәлімет берді. Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын орындап келеді.
 
Премьер-Министр инфляция деңгейін төмендету, экономиканы демонополизациялау, елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Әлихан Смайылов құны 22,2 триллион теңге болатын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
 
Сонымен қатар Үкімет басшысы Президентке Қазақстанның 2023-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.
 
Президент құрылымдық реформалар мен экономиканы демонополизациялауды жалғастырып, кәсіпкерлікке қолдау көрсету қажет екенін айтты. Сондай-ақ халықтың кірісін арттыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
 
Еске сала кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа мерзімді демалысын аяқтады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны