14.02.2023, 13:41 26956

Түркияға жіберілген қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер марапатталады

Түркияға жіберілген қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер марапатталады
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы азаматтық қорғау жүйесі үнемі жаңғыртуды қажет ететінін атап өтті

Көкшетау. 14 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық қорғау академиясына сапары барысында Түркияға жіберілген қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер марапатталатынын мәлімдеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Жақында Президенттің тапсырмасымен бауырлас Түркия еліне құтқарушылар және дәрігерлер жіберілді.

Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз", - деді ол.


Академияның рөлі туралы айта келе, Мемлекет басшысы алқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау - басты міндет әрі қастерлі парыз екенін атап өтті.

Бұл - ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі - өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан, осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды", - деді Президент.


Оның айтуынша, Академия - еліміздегі кәсіби құтқарушылар даярлайтын бірден-бір оқу орны.

Оны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Халқымызда "Апат айтып келмейді" деген сөз бар. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы азаматтық қорғау жүйесі үнемі жаңғыртуды қажет ететінін атап өтті. Оның пікірінше, бүгінде озық әлемдік тәжірибені үлгі ету, заманауи технологияларды енгізу өте маңызды. Құтқарушыларды сапалы даярлауға ерекше назар аудару қажет. Бұл мәселеде, әрине, командирлер мен оқытушылар негізгі рөл атқарады. Осы ретте оқу жағдайы үлкен маңызға ие.

Қасым-Жомарт Тоқаев оның тапсырмасы бойынша Үкімет Академияның материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін пысықтап жатқанын хабарлады. Жатақхана мен оқу корпусын салу жоспарланған. Ол сондай-ақ жалпы, мемлекет еңбекақыны арттыру және құтқарушылардың әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілуін жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

akorda.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны