28.09.2022, 14:53 17276

Тоқаев: Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрландырудың жаңа форматы – "Көрінбейтін үкіметке" көшеді

Тоқаев: Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрландырудың жаңа форматы – "Көрінбейтін үкіметке" көшеді
Сурет: Ақорда
АСТАНА. 28 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Digital Bridge 2022 халықаралық технологиялық форумын ашты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Форумның тақырыбы - "Орталық Еуразия жаңа технологиялық платформа ретінде" біздің өңіріміздің ауқымды даму перспективаларын көрсетеді. Адами, зияткерлік және ғылыми әлеуетке ие бола отырып, Қазақстан инновацияны, цифрлық өндіріс пен шығармашылықты дамыту үшін бірегей кеңістік болып табылады", - деді Президент іс-шараны аша отырып.

 
Мемлекет басшысы, сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдер негізінде құрылатынын мәлімдеді. Мұндай жағдайда Қазақстан өзіне еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды. 
 
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елді озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді. 
 
Дегенмен, Қазақстанды одан әрі цифрлық трансформациялау үшін көп жұмыс істеу керек. Президент өз сөзінде оның басымдықтарын айқындап берді.
 

Бірінші. Адамға бағдарланған қызметті дамыту. Мемлекетке цифрлық технологиялар, ең алдымен, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлерін игеру, Финтех пен Индустрия 4.0-ді енгізу үшін қажет. Дегенмен "Government to citizens", яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы да – маңызды басымдықтардың бірі. Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Бұл үшін, оның айтуынша мемлекеттік басқаруды цифрландырудың "Invisible Government" ("Көрінбейтін Үкімет") мүлде жаңа форматына көшу қажет. Оның негізгі мәні - мемлекеттік саясаттың адамға баса мән беруі, оның қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталуы. Мемлекет қабылдаған ауқымды шаралар мен шешімдер азаматтарға байқалмайды, олар тек нақты нәтижені көреді. 
 

Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Жеке сектормен қалыпты өзара іс-әрекет жолға қойылған. Атап айтқанда, Каспий, Халық, BI Group және басқа да компаниялар мемлекеттік қызметтерге өздерінің платформалары арқылы қол жеткізуге жол ашты. Бүгінде Қазақстан – цифрлық құжаттарды толыққанды енгізген санаулы елдердің бірі. Нәтижесінде, азаматтарымыздың өзімен бірге жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және басқа да құжаттардың 15 түрін алып жүруі және көрсетуі талап етілмейді. Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады", - деп атап өтті Президент.

 
Президенттің пікірінше, аймақ бойынша Қазақстан – IT саласын дамыту үшін өте жақсы жағдай жасаған елдердің бірі. Бұл нормативтік базаға да, IT бизнесті дамытудың бірегей режимдері мен құралдары бар арнайы платформаларға да қатысты. "Astana Hub" IT стартаптарының халықаралық технопаркі арнайы салық және виза режимінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 900-ден астам компания оның резиденті атанып, қазақстандық және халықаралық нарықтарда табысты қызмет етеді.
 
Бұдан басқа, Алматыда "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағының базасында жұмыс істейтін IT-кластер құрылды. Оның ерекшелігі - экстерриториялық резиденттік және преференциялық режимді қолдану.
 

Жалпы, IT секторын дамыту - мемлекеттік саясаттың маңызды және тұрақты басымдығы", - деді Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны