13.04.2021, 19:59 10229

Тоқаев Бас мүфтимен және ҚР Премьер-Министрімен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. 13 СӘУІР - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминмен және Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминмен кездесу барысында биылғы қаңтар-наурыз айларындағы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде есепті тыңдады.
 

Премьер-Министрдің мәліметіне сәйкес, аталған кезеңде экономиканың нақты секторында орнықты дамудың оң қарқыны байқалады", - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 
Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндады. Ауруханалардағы жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған бөлімдердің – 41 пайызында, жан сақтау бөлімдердің – 27 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.
 

Сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынады. Қыркүйек айында жалпы 10 миллион азаматқа екпе салынып, вакциналау жұмысы аяқталады. Премьер-Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі қажетті мөлшерде дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің бір айлық, ал "СҚ-Фармация" қоймалары мен дәріханаларда екі айлық қоры жинақталған. Еліміздің барлық өңірінде дәрі-дәрмектердің, қорғаныш құралдары мен шприцтердің үш айға жететін тұрақты қоры бар", - деді Мемлекет басшысының баспасөз қызметінде.

 
Сонымен қатар кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаларды, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығының басым бағыттарын жүзеге асыру және инвестиция тарту, экономика саласын одан әрі цифрландыру, Үкіметтің жұмысына озық цифрлық шешімдер енгізу, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәселелер талқыланды. 
 
Президентке 1 сәуірде өткен ОПЕК+ министрлер кездесуінің қорытындылары туралы мәлімет берілді. Онда Қазақстан үшін мұнай өндірудің тәуліктік көлемін қосымша 6 мың баррельге арттыруды көздейтін арнайы шарт келісілді. Тиісінше жыл қорытындысы бойынша мұнай өндірісінде едәуір серпін болуы тиіс.
 
Наурызбай қажы Тағанұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жеті бағыт бойынша биылғы атқарып жатқан жұмыстары және алдағы жоспары туралы баяндады.
 
Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пандемия кезінде Оразаның ұйымдастырылу ерекшеліктері, жасап жатқан қайырымдылық шаралары жайында мәлімет берілді. Сонымен қатар елордада Ислам академиясын құру жұмыстарының басталғаны туралы айтылды.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, бүкіл әлем бастан өткеріп отырған пандемия кезінде жамағатты сабырға шақырып, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталатынына, мешіттердің толық ашылатын күні алыс емес екеніне сенім білдірді.
 
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Президентті Рамазан айының алғашқы күнімен құттықтап, "Муфтият" баспасынан жақында жарық көрген "Тәпсірлердің таңдаулысы" атты Құран тәпсірлерінің қазақ және орыс тілдеріндегі 8 томдық аудармасын табыстады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны