07.07.2022, 17:02 28081

Тоқаев еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде тапсырма берді

ҚР Президентінің төрағалығымен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өтті.
Тоқаев еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде тапсырма берді
НҰР-СҰЛТАН. 7 ШІЛДЕ - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өтті. Жиынға Үкімет басшылығы, салалық министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың басшылары қатысты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының Қазақстан экономикасында ерекше рөл атқаратынын атап өтті. 
 
Оның айтуынша, өңірлердің өзара қарым-қатынасын жандандыру үшін бұл саланың маңызы зор. Дегенмен, геосаяси жағдай мен санкциялық текетірес дәстүрлі көлік-логистика желісін өзгеріске ұшыратты.
 
Жиын барысында қарым-қатынастар мен жүк жеткізетін балама бағыттарды, сондай-ақ тасымалдау ісін әртараптандыруды пысықтау қажеттігі айтылды.
 
Президенттің пікірінше, отандық өнімнің экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығарылуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту керек екенін айтты. Осы мақсатта балама теміржол бағыттарын қалыптастыру қажет. Бұл жерде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыру, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін салу жөнінде сөз болып отыр.
 
Президент теңіз арқылы тасымалдау ісін дамытуға ерекше назар аударды.
 

Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдау ісін әртараптандыруды тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті.
 

Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. "ҚазМұнайГазға" оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет "Самұрық-Қазынамен" бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет", – деді Президент.

 
Автожол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де маңызды салалардың бірі. Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен, құрылысы басталған магистральды бағыттардағы (Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань, Алматы – Қарағанды және Талдықорған – Өскемен) қайта жаңарту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет.
 
Сонымен қатар Президент бюджет қаражатын тиімді пайдалану және отандық компанияларды кеңінен тарту қажет екеніне назар аударды.
 

Жобаларды жүзеге асыру барысында бюджетті барынша тиімді пайдалану және отандық өнімдердің көлемін арттыру басты қағидат болуы керек", – деді Мемлекет басшысы.

 
Бұдан бөлек Үкіметке жыл соңына дейін кедендік рәсімдеу үдерісін және шекаралық бақылауды толық автоматтандыру тапсырылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны